16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с) Ән-Нәжәшиден басқаға ғайыб намазын оқыған емес

Пайғамбар (с.ғ.с) Ән-Нәжәшиден басқаға ғайыб намазын оқыған емес

Ислам тарихы

«Нәжәши қайтыс болғаннан кейін, оның қабірінен әлі нұр көрініп тұр деп әңгіме қылушы едік» (мүминдер анасы Айша)

Бұл кісі – тәбиғиндер жайында сөз қозғалғанда тәбиғин, сахабалардың саны саналғанда – сахаба. Алланың Елшісімен (с.а.у.) хат жазысқан. Қайтыс болған кезде Алланың Елшісі (с.а.у.) оған ғайыб жаназасын оқыды. Пайғамбар (с.а.у.) басқа ешкімге ғайыб намазын оқыған емес.

Ол – Әсхамәһ ибн Әбжәр Ән-Нәжәши деген атағымен белгілі. Келіңдер, осы мұсылмандардың ұлығ тұлғаларының бірінің өмірін оқып, тағлым алайық. Әкесі Хабашстанның (эфиоптардың) патшасы еді. Ән-Нәжәши жалғыз ұлы болатын. Хабаштың кейбір көсемдері өз араларында «Осыдан басқа ұл көрмегені оның сағын сындырып, өлсе, сонымен бірге патшалығымыз да бірге жойылады. Басымызға күн туады, түбімізге жетеді», - десті. Оны өлтіріп, інісін патша етіп тағайындасақ, мұндай жағдай болмайды. Өйткені інісінің тірі кезінде қолғабыс болатын он екі ұлы бар. Өлсе, солардың бірі патша болады. Оларды осылайша шайтан азғырды. Ән-Нәжәшидің әкесін өлтіріп, інісін таққа отырғызды.

Ән-Нәжәши әкесінің інісінің қолында өсті. Жасынан-ақ зеректігі, батылдығы және шешендік сипаттары біліне бастады. Ағасы да оны қатты ұнатып, бойындағы ерекше қабілеті мен қасиеттерін бағалай білді. Шайтан хабаш көсемдерін тағы да азғырды. Бұл жігіт патша болса, әкесі үшін кек алып, бәрімізді қырып жояды. Патшаға барып былай деді:

– Жоғары мәртебелі! Әсхамәһті өлтіріп немесе елден қуып жібермесең жанымыз жай таппайды, көңіліміз көншімейді. Бұл қазір ер жетті, әкесін өлтіргеніміз үшін бізден кек алар деп қорқамыз. Патша оларға:

– Неткен қанышер едіңдер! Кеше ғана әкесін өлтірдіңдер. Бүгін маған «Өзін өлтір» дейсіңдер. уаллаһи, бұлай жасамаймын.

– Онда оны ұстап, елден қуып жібереміз, - деген сөздеріне патша амалсыз басын изеді.

Әсхамәһті жер аудартып жібергендеріне бірнеше күн өтпей-ақ Хабашстанға бұлт төніп, дауыл тұрып күн күркіреді. Онсыз да інісін қимай қоштасып, қайғы жұтып жүрген патшаға найзағай түсіп мерт болды. Хабаштар патша ұлдарына жүгіріп, таққа біреуін отырғызуға тырысады. Бірақ олардан пайда болмайды. Ешқайсысы патшалыққа жарамай шығады. Қайғылары қайғыға ұласып, жағдайлары қиындап, әсіресе көз алартып отырған көрші елдер осы сәтті пайдаланып, елдерін шабуға дайындалып жатқанын естіп, ел жағдайы не болмақ деп тығырықтан шығуға тырысады.

Өзара ақылдасып, былай дейді:

– Кеше қуып жіберген жігіттен басқа мақсаттарыңа жеткізер, патшалықтарыңды аяққа тұрғызар адам жоқ. Хабашстанды сақтап қалам десеңдер, соны тауып, қайтарып алып келіңдер.

Олар жолға шығып, Ән-Нәжәшиді іздеп тауып, қайтарып алып келеді. Басына тәж кигізіп, оған адал қызмет етуге ант ішеді. Ол елді даналықпен биледі. Халықты тығырықтан шығарып, бейберекетсіздікті жойды. Хабашстанда зұлымдық жойылып, әділет пен бейбітшілік орнады.
Ән-Нәжәшидің патша тағына отырғанына көп уақыт өтпей-ақ, Алла Тағала тура жол және хақ дінімен Мұхаммедті (с.а.у.) Пайғамбар етіп жіберді. Алғашында адамдар Исламға біртіндеп кіре бастады.

Құрайыш оларға маза бермей, аяусыз қинады. Өздерінің үлкен қаласы Меккенің өзі оларға тарлық қылды. Мұсылмандар мүшриктер (көпқұдайшылдар)тарапынан дене түршігер жазаға тартылды. Кейін Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Патшалығында ешкімге зұлымдық жасалынбайтын Хабашта патша бар. Алла істеріңе сәттілік беріп, қиыншылықтарыңнан шыққанға дейін соның еліне барып паналаңдар, – деді.

Хабаш жеріне тұңғыш мұһажирлердің бірінші тобы жетті. Олар- дың саны – сексен адам еді. Мұнда олар бірінші рет қауіпсіздік пен тұрақтылықтың дәмін сезді. Тақуалық пен ғибадаттың нәрін татты. Құлшылық жасауларына ешкім кедергі жасамады.
Бірақ Құрайыш тайпасы сексен мұсылманның Хабаш жеріне көшіп кеткені жайында хабардар еді. Оларды Меккеге қайтарып алып, аяусыз жазалау шараларын іздестірді.

Құрайш өзінің ең тәжірибелі әрі ақылды екі адамын: Амр ибн Әл-Ас пен Абдуллаһ ибн Әбу Рабиғаһты Ән-Нәжәшиге жіберді. Екеуі Ән-Нәжәши мен ру ақсақалдарына Хижаз елінде ғана табы- латын қымбат сыйлықтар алып келді.

Хабаш жеріне кіргеннен бастап Ән-Нәжәшиден бұрын ақсақалдармен жолығуды ойлады. Әрбір ақсақалға сыйлығын беріп:
– Сіздердің жерлеріңізде есі ауысқан, ата-бабаларының дінінен безген, елінің біртұтастығын бұзған, бізден қашқан жастарымыз жүр. Олар жайында патшаларыңыз өздеріңізбен ақылдасар болса, оларды бізге тапсыруға кеңес беріңдер. Өйткені олар тайпаларының көсемдері кім екендерін, қандай айыптары бар екенін жақсы біледі, не істеу қажет екенін жақсы түсінеді. Сондықтан араласудың қажеті жоқ.

Амр ибн Әл-Ас пен Абдуллаһ ибн Әбу Рабиғаһ екеуі Ән-Нәжәшидің алдына кіріп, қауымы жасаған сияқты сәжде жасап сәлем берді. Амр ибн Әл-Аспен бұрынғы достық қатынастарын ескеріп, Ән-Нәжәши екеуін де жақсы қабылдады. Оған екеуін Меккенің көсемдері жібергенін, әрине, бірінші болып Құрайыштың көсемі Әбу Суфянның сәлемдерін айтып, сыйлықтар тарту етті. Патша сыйлықтарды қабыл алып, ұнаған сыңай танытты.

– Жоғары мәртебелі! Сіздердің елдеріңізде біздің діннен шығып, сіздің дініңізге де кірмей, қашып жүрген бір топ жастар бар. Олар сіздер де, біз де білмейтін жаңа дін шығарып жүр. Біздің тайпаның көсемдері оларды ұстап, бізге тапсыруға өтініш білдірді. Көсемдеріміз олардың қандай дін шығарғанын, қандай бүлік тудырғанын жақсы біледі. Ән-Нәжәши ақсақалдарға қарады. Олар:

– Жоғары мәртебелім, бұл екеуі дұрыс айтады. Олардың жаңадан шығарған дінін дұрыс білмейміз. Тайпалары не істеп жүргендерін өздері жақсы білер, - деп, бір ауыздан ақыл берді.

– Жоқ, уаллаһи, олардың сөздерін тыңдамай, сенімдерін тек- сермей, бере алмаймын. Олар жаман, бұзақы болса, тайпаларына тапсырамын, жақсы, көңілімнен шықса, оларды қорғаймын, елімде тұрған кездерінде құрметтеймін. Мен, Алламен ант етейін, Алланың маған жасаған жақсылығын ұмытпаймын. Алла мені қуылған жерімнен қайтарып, айлакерлердің айласынан, дұшпандарымның қастандығынан құтқарды.
Ән-Нәжәши сахабаларды алдында отырған руластарымен кездесуге шақырды. Сахабалар қорқа бастады.
– Дініміз жайында сұраса, не дейміз? - десті.
– Алла Тағала кітабында айтқандарды баяндаймыз.
– Пайғамбарға (с.а.у.) Раббысы жайында түскен уахиларды жеткіземіз, - деп тәуекелге бел буып, патшаның алдына барды.
Барса, онда Амр ибн Әл-Ас пен Абдуллаһ ибн Әбу Рабиғаһ отыр екен. Оң жағында, сол жағында алдарына кітап жайған ақсақалдар отыр. Олар патшаға мұсылманша сәлем беріп, мәжілістің ең шетіне барып отырды. Амр ибн Әл-Ас оларға қарап:

– Неге оған сәжде жасамайсыңдар? - деді. Олар:

– Біз тек Аллаға ғана сәжде қыламыз, - деді.

Ән-Нәжәши оларға таң ғалып, басын шайқады. Мейірімді көзбен қарап:

– Өздерің жаңадан шығарған дін қандай дін? Сол үшін қауымдарыңның дінінен безіп, менің де дініме кірмепсіздер?! - деді. Сонда Жағфар ибн Әбу Талиб рұқсат сұрап:

– Жоғары мәртебелі! Біз өзіміз үшін дін ойлап тапқан жоқпыз. Мұхаммед ибн Абдуллаһ Раббысының жанынан тура жол мен хақ дінін алып келді. Қараңғылықтан жарыққа шығарды, - деді. Біз надан халық едік. Пұттарға табынып, туған-туыстарымызбен ұрысып, әке-шешемізді жекитін едік. Ауыр күнәларды әдетке айналдырып, көршілерімізге дұшпандық жасадық, күштілеріміз әлсіздерді қанады. Алла Тағала өз арамыздан ата-тегі белгілі адамды Пайғамбар етіп жіберді. Біз бұрыннан оның шыншылдығына, аманатына, арының тазалығына сенетінбіз. Ол бізді Аллаға шақырды. Пұттар мен тастарға табынуды қойып, Алланы жалғыз құдай деп танып, құлшылық етуге бұйрық берді. Намаз оқуға, зекет беруге, Рамазанда ораза ұстауға үгіттеді. Сонымен қатар, бізді шындықты айтуға, аманатты өтеуге, ағайын-туыспен жақсы қатынаста болуға, көршілермен жақсы тұруға, адамның абыройына нұқсан келтірмеуге, адамның өмірін қорғауға шақырды. Ауыр күнәлардан, өтірік айтудан, жетімнің құқығын жеуден тыйды. Оның айтқанына сеніп, Пайғамбарлығына иман келтірдік. Айтқанына сендік, соңынан ердік. Серігі жоқ Аллаға ғана құлшылық қылуды бастадық. Тыйым салған нәрселерінен тыйылып, рұқсат қылған нәрселерін халал көрдік.

Бізді дінімізден тайдыру үшін, жалғыз Дәйянға (Есеп алушыға) құлшылық қылған біздерді пұттарға табынуға қайтару үшін өз еліміз дұшпандық көрсетті. Аяусыз азаптады. Бізге қысым көрсетіп, зұлымдық жасап, дінімізге тосқауыл болғаннан кейін сізден пана іздеп, елдеріңізде тұруды қаладық. Сіздің еліңізде зұлымдық жасалмайды деген үмітпен сізді таңдадық. Ән-Нәжәши оларға:

– Пайғамбарларыңа түскен сөздерден есіңде қалғаны бар ма? – деп сұрады.

– Иә, – деп жауап берді.

– Оқып бер маған.

Жағфар ибн Әбу Талиб оған «Мәриям» сүресінен аяттар оқыды:  «Құранда Мәриям туралы айтылған. Ол үйінің шығыс жағындағы бір орынға, үй ішіндегілерден алыстау келіп отырады. Мәриям олардың бер жағынан перде тартып қояды. Сол уақытта Құдай оған Жәбірейіл періштені жібереді. Жәбірейіл оған толық адам бейнесінде көрінеді. Мәриям: «Сен қаншалықты Құдайдан қорықсаң да, мен сенен Аллаға сиынамын» деді. Сонда Жәбірейіл: «Мен Құдайдың саған жіберген елшісімін, сенен қасиетті ұл туылатынын айтуға келдім», - деді. «Мен тұрмысқа шықпаған қызбын, сондай ақ суық жолда емеспін, менде қалай ұл болады», - деп сұрады Мәриям. Жәбірейіл болса: «Құдіреті күшті Құдайға ол оңай, Ол солай болады деп шешіп қойған. Бұл ұлды Алла адамдарға өзінің құдіреті мен мейірімін көрсету үшін жіберіп отыр», - деп жауап берді.

Мәриям жүкті болды да үйінен алыс бір жаққа кетіп қалды. Қатты қысқан толғақтың салдарынан бір құрма ағашының түбіне келді. «Бүйтіп қиналғанша, бұрын өліп қалмаған екем! - деді Мәриям.

Құрма ағашының түбінен Жәбірейілдің даусы естілді: «Қамықпа, Раббың сенің астыңнан бір бұлақ шығарды. Құрма ағашын сілкі, саған оның жаңа піскен жемісі төгіледі», - деген аяттарды оқып бергенде, Ән-Нәжәши жылап жіберді. Көз жасы сақалын су қылды. Оған қосыла ақсақалдар да кітаптарын су қылғанша жылады. Ән-Нәжәши Амр ибн Әл-Ас пен серігіне қарап:

– Бізге оқылған сөздер мен Исаға түскен сөздер бір қайнардан шығып тұр. Сендерге бұларды ешқашан тапсырмаймын. Тірі тұрғанда бұндайға жол бермеймін, - деді. Орнынан тұрғанда бәрі қосылып бір ниетпен тұрды. Мәжіліс бітті.

материал «Табиғиндер өмірінен өнегелер» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: