- Осы "періштенің құлағына шалынсын" деген сөз дұрыс па?
- Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сахих хадисте: «Жаназаға барғанда жақсы нәрсе айтыңдар. Шынында, періштелер айтқандарыңа «әмин» деп тұрады», - деген[1]. Ендеше, ата-бабамыздың «періштенің құлағына шалынсын» деуінің астарында «соны естіп тұрған періште "әмин" десін» дегендік жатса керек. Яғни, тілеген тілегіңіз қабыл болсын деген сөз. Олай айтудың еш күнәсі жоқ.
- Оларда шынымен құлақ бар ма? Біздің сөзімізді естуі үшін құлаққа тәуелді ме?
- Періштелерге де Алла Тағала есту қабілетін бергені анық. Бірақ біздегі секілді арнайы орган арқылы естиді ме, әлде жоқ па, ол жағы бізге беймәлім.
- Олар есту үшін міндетті түрде ауызбен айтуымыз керек пе?
- Көкейдегіні періштелер біледі. Сондықтан да іштей де жақсы тілекте болғанымыз жөн. Көкейдегіні періштелердің білетіндігін кейбір риуаяттардан байқауға болады. Мысалы, Бухаридың кітабында келтірілген сахих хадисте: «...Кімде-кім, бір жақсылық жасауға оқталып, бірақ оны жасай алмаса, онысын Алла Тағала өз құзырында «толық жақсылық жасады» деп жазып қояды...» - делінген.
Осы хадистің түсіндірмесінде белгілі хадисші ғұлама ибн Хажар әл-Асқаләни (м.1372-1448ж.) былай деп өтеді: «Адамның көкейіндегі нәрселерден періштенің хабардар екендігіне осы хадис дәлел. Онысы Алланың білдіруі арқылы болуы мүмкін немесе іштегіні біле алатындай қабілет жаратуы арқылы болуы мүмкін»[2].
Ендеше, тілімізбен айтпасақ та іштей тілеген тілегімізге де періштелер «әмин» деп тұрады деуге негіз бар.
- Арақ ішерде осы сөзді айтады. Арақ бар жерде олар бола ма?
- Арақ ішкен кісінің дұғасы қабыл болмайды. Тіпті кейбір хадисте: «Кім де кім, шарап ішіп, мас болса, оның қырық күн (сабахән) намазы қабыл болмайды...»[3], - делінген. Оның жасаған күнәсін періштелер амал дәптеріне жазып тұрады.
- «Періштенің құлағы бір күн жабық, қырық күн ашық» деген сөз қаншалықты рас?
- «Періштенің құлағы бір күн жабық, қырық күн ашық» деген сөздің шариғатта негізі жоқ. Шариғатта:
«- Аузынан бір сөз шығарса болды, алдында аңдушы (періште) дайын»[4], - делінген. Аталмыш сөз әлдебіреудің қиялынан туындаған ой болса керек. Аллаһу аъләм.
[1] Сахих Мүслім * №1533 хадис.
[2] Фатхул Бари - №6126 хадис.
[3] Тирмизи, «Китабуль Әшриба», №1862-хадис.
[4] Қаф сүресі, 17-18 аяттар.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz