08
Жексенбі,
Қыркүйек

һижри

«Түйемнің жібі жоғалып қалса, оны Алланың кітабынан табатын едім»

«Түйемнің жібі жоғалып қалса, оны Алланың кітабынан табатын едім»

Ислам тарихы

Тілі мен жан-дүниесін Құраннан басқа нәрселермен әуре қылмаған, керек болған нәрсесін Құран аятын оқып сұраған, өзіне қойылған сұраққа Құран аятымен жауап беретін қасиеттерге ие бір әйел кісінің ғибрат пен хикметке толы ахуалын Абдуллаһ Ибн Мүбарак былай жеткізген:

Алланың Бәйтул-Харамы мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қабірін зиярат жасау үшін жолға шыққан едім. Ұзақтан қарайған бір нәрсе көрінді. Жақындап келіп қарасам, үстіне жүннен жасалған киім киген, жүннен орамал таққан, бір жалғыз әйел екен.

Оған: «Әссәләму алейкум уә рахмәтуллаһи уә бәрәкәтуһ!», - деп сәлем бердім.

Ол «Ясин» сүресінің: «(Бұл да) – Аса жарылқаушы Раббыларынан сәлем!»,- деген 58-аятын оқып сәлемімді алды.

Мен одан: «Алла жақсылығыңды көбейтсін! Сен бұл жерде жалғыз не істеп жүрсің?» - деп, сұрадым. Ол:

«Алла қаңғыртқан адамды ешкім де оңдай алмайды...» деген сүренің 186-аятын оқыды.

– Жолынан адасып жүргенін түсіндім де, - Қайда барасың? - деп сұрадым. Олтағыда:

«Құлын бір түнде Мешіт Әл-Харамнан, Мешіт Әл-Ақсаға апарған...», - деп басталатын «Исра» сүресінің 1-аятын оқыды. Оның бұл жауабынан қажылыққа барғанын, енді Құдыс шаһарына бет алғандығын түсіндім.

– Қанша күннен бері бұл жерде жүрсің?» – деген сұрақ

қойдым. Ол «Мәрйәм» сүресінің 10-аятындағы: «Сап-сау күйіңде үш тәулік...», - деген бөлімін оқыды.

Мен: Қасыңда жейтін еш нәрсе көре алмай тұрмын – дедім.

Ол: Мені жегізіп, ішкізетін – Ол (Алла)! деген, «Шұғара» сүресінің 79-аятын оқыды. Мен:

– Мақұл, сен немен дәрет алып жүрсің? – дегенде, ол: «Ниса» сүресінің 43-аятының бір бөлігін оқып берді.

– Су таба алмағанда беттеріңді, қолдарыңды таза жер жынысымен сүртіңдер (тәйәммум соғыңдар)» Оған:

– Ішіп-жейтін тамағым бар, тамақ іш!»-дедім. Әйел:

– Сонан кейін кеш батқанша ораза ұстаңдар!» деген «Бақара» сүресінің 187-аятын оқып берді. Мен:

– Бұл рамазан айы емес қой? – дегенде, әйел «Бақара» сүресінің 158- аятының бір бөлігін оқыды.

«...Кімде-кім шын көнілден (нәпіл) бір іс істесе (сый-сыяпатын көреді). Өйткені Алла құлшылықтын сауабын беруші, (әр нәрсені) толығымен білуші!»

– Сапарға шыққанда ауыз бекітпесе де болады, оған рұқсат бар ғой, – деп айттым. Осы кезі: «Білген болсаңдар (ауыр болса да), ораза ұстағандарың әлдеқайда жақсы», - деген «Бақара» сүресінің 184-аятын оқыды.

– Менімен неге мен секілді сөйлеспейсің? – деп таңырқана сұрадым. Ол:

«Оның оң жағында да, сол жағында да жазып тіркеп тұратын екі періште бар, (адамның) аузынан нендей сөз шықса да, қалт жібермей бақылап, аңдып тұрады – деген, «Қаф» сүресінің 17-18-аяттарын оқыды. Оған:

«Кел! Түйеге отыр! Мен сені еліңе жеткізіп салайын»- дедім. Ол:

«Сендер қандай бір жақсылық істесеңдер де, Алла» оны біліп тұрады..» деген, «Бақара» сүресінің 197-аятының бөлігін оқыды. Оны отырғызу үшін түйені шөктіруге тырысып жатыр едім. Ол:

«Мүминдерге айт! Көздерін харамға қараудан сақтасын!...» деген «Нұр» сүресінің 30-аятының бір бөлігін оқыды. Түйеге отырғанан кейін Зұхр сүресінің 13-14 аяттарынан:

«...Бізге осыларды бойұсындырып берген – пәк Алла. Әйтпесе біз бұған жолай алмас едік. Бәріміз расында Раббымыздың алдына қайтарыламыз (деп айтуларың керек)» деген бөлімін оқыды.

Жолға бет алғанымызда «Мүзәммил сүресінің 20-аятынан бір бөлігін оқыды. «Енді Құраннан өздеріне жеңіл келетіндерін оқыңдар!....»

Мен де: «...Кімге хикмет бағыштаса, оған қыруар игілік берген болады...» («Бақара», 269) деген аяттан шабыт алып:

«Демек, Раббым саған көп игілік берген екен!», - дедім.

Менің бұл аяттың жалғасындағы:

«...Тек ақыл иелері ғана мұны түсіне алады» - деген бөлімін оқыды. Ақырында, оның адасып қалған керуенін қуып жеттік. Мен оған:

– Міне сенің керуенің! Ол жерде қандай туысың, кімің бар? – дедім. Ол:

«Байлық пен бала – дүние тіршілігінің сәні» деген «Кәһф» сүресінің 46-аятын оқыды.

Мен оның бұл жауабынан керуенде балалары болғандығын түсіндім. Кейін одан:

– Олар, бұл керуенде қандай қызмет атқарады?, - деп сұрадым.

Жауап ретінде:

«Және қаншама белгілерді жаратты. Олар (түнде жүргенде) соған және жұлдыздарға қарап жол табады» деген «Нахыл» сүресінің 16-аятын оқыды .«Демек, оның балалары жол сілтеуші екен».

– Олардың аты-жөні кім? – деп сұрағанда, «Ниса» сүресінің 125- аятындағы:

«...Алла, Ибраһимді өзіне дос тұтты», осы сүренің 164-аятының «...Аллаһ, Мұсамен шын тілдесті», және «Мәриям» сүресінің 12-аятының «Ей, Яхия! Бар күшіңмен кітапты ұста!» - деген бөлімдерін оқыды. Осыған орай, мен:

«Ей, Ибраһим! Ей, Мұса! Ей Яхия!» деп дауыстағаным сол еді, жүздері нұрлы үш жас жігіт жүгіріп келді. Аналарымен табысып, көңілдері орнына түскен балалар келіп, отырғанда аналары:

«...Енді мына күміс ақшамен біреуіңді қалаға жіберіңдер! Байқап, көріп кімнің тамағы таза болса, содан сатып әкелсін...» («Кәһф», 19) деген аятты оқыды. Жігіттердің біреуі барып азық-түлік сатып алып, дастархан жайды. Әлгі әйел Хаққа сүресінің:«Өткен күндерде істеген жақсылықтарыңның есесіне емін-еркін ішіп-жеңдер!», - деген 24-аятын оқыды.

Бірақ мен балаларға:

– Маған аналарыңыз жайында айтып бермесеңіздер, тағамдарыңызды ішпеймін! -дедім.

Балалар:

– Бұл біздің анамыз. Мейірімді Аллаға қарсы келетін сөз айтып қоймайын, бір іс істеп қоймайын!» – деп қырық жылдан бері тек Құран аяттары арқылы ғана сөйлесіп жүр, – деді.

Мен де «Жұма» сүресінің: «Міне, бұл – Алланың жақсылығы, Ол оны қалаған адамына береді. Алла – дарқан қайырым иесі...» деген 4-аятын оқыдым.

Міне, жаны бар Құран болудың, өзгеше көрінісі! Шайыр Мехмет Акиф Құранға осы жөнімен қарап былай деген:

«Түспеген әлі, Құран мұны жақсылап біліңдер,

Мазарда оқылатын не бал ашатын!..»

Ибн Аббас (радиаллаһу анһу) жаны бар Құранға айналған мүминдердің, ол шексіз кітапта талай нәсіптерге қол жеткізетінін, сондықтан өмір мен Құранның шексіз дәрежеде бірі-бірінің ішінде болуы керек екендігін баяндау ретінде былай деген:

«Түйемнің жібі жоғалып қалғанда да, оны Алланың кітабынан табатын едім...»

Өйткені Құран – «Егер жер жүзіндегі ағаш атаулының барлығы қалам болса, теңіз сия болса, оның үстіне тағы жеті теңіз (сия болып) қосылса да, Алланың сөздерін (жазып)тауысуға болмайды...» («Лұқман»,2,7),- деп баяндалғандай, заттық және рухани шексіз мағлұматтарға, ғылымға, сырға, хикметке толы.

материал «Әйел және ілім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: