21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Қазақы тыйымдар: Тұзды шашпа, тұзды баспа

Қазақы тыйымдар: Тұзды шашпа, тұзды баспа

Дәстүр даналығы
Жарнама

«Тұзды баспа – тұзды шашпа» дейтін бала кезден санамызға сіңген тыйымдарға орай, ата айтқан, күнделігіме жазылған, қысқаша болғанымен нақты түсініктемені осы жерде келтірсем, зердесі бар адам өзі де талай мән-мағынаны ұға жатар деп ойлаймын.

Ата: «Тұз – Алланың адамдарға ғана емес, барлық жан-жануар, өскін-өсімдіктерге берілген несібе үлесі. Қазақтар тұзды нанмен қатар қояды. Қайтыс болған адамды «дәм-тұзы таусылды» десе, әлдебір қауіп-қатерден аман қалғанда «татар дәм-тұзы бар екен» деп жатады. Қарғыстың ең ауыры да: «Дәм-тұзым атсын!» - дейтін сөз. Жолдасқа адал, айналасына әділ адамдарды «дәм-тұз аттамайтын азамат» деп мақтап бағалайды. Опасыздық жасағанды «дәм-тұзға түкірді» деп жазалаған. Дәм-тұзды ардақтау басқа халықтарда да бар. Мысалы, орыстар ерекше құрметтеген адамның алдынан нан мен тұз алып шығады.

Жаратылыста тұздың түрлері көп, әрқайсысының қажет орыны бар. Тұздың тіршілік үшін құны ерекше, тұзсыз табиғат жадап-жұтап құрыр еді. Тұзсыз еш нәрсенің дәмі де, нәрі де болмайды.

Тұз өзінің өмірге аса зәрулігімен қасиетті. Қазақтар тұзды баспайды, тұзды төгіп-шашпайды, мұның бәрі – қатал тыйым. Қазіргі кезде көшенің тоңын еріту үшін тонналап тұз төгу әдеті өріс алған.

Бір күні болмаса, бір күні аяққа басып таптап жүрген тұздың киесі ұрып, таршылық пен қиындыққа ұрынбасқа кім кепіл болыпты.

Бірақ құдіретке сенбейтін Құдайсыз қоғамда оны кім ойлапты? - деп еді. Сонау жетпісінші жылы күйзеле отырып айтқан осы болжамның шындығын кейін көзімізбен көріп, басымыздан өткіздік. Әр нәрсенің қайтарымы болатыны сөзсіз екен.

материал «Күретамыр» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: