Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ысырапты қатты сынға алып, үмбетін әрбір істе орта жолды ұстануға шақырды. Ол Алланың берген нығметін қадірлеуді насихаттап, тіпті ең қажетті істерде де шектен шықпауға үндеді.
Кейбір хадистер осы тәлімнің жарқын көрінісі. Имам Ахмад Абдулла ибн Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте ерекше бір оқиға баяндалады. Бірде Пайғамбарымыз дәрет алып жатқан Сағдтың қасына келіп, таңдана сұрайды: «Бұл қандай ысырап, ей, Сағд?». Сағд түсінбей: «Суда да ысырап бола ма?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә, тіпті ағындап тұрған өзеннің жағасында болсаң да», – деп жауап береді. Осы жауаппен ол тіпті құлшылықта да ысырапқа орын жоқ екенін көрсетіп, басқа ысырапқа орын жоқ екенін көрсетіп, басқа істерде де шектен шықпауды ескертеді. Мұндай сөздер жанға терең ой салады емес пе?
Тағы бір ғибратты хадисте Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі.
Пайғамбарымыз былай дейді: «Әйел үйіндегі тағамнан ысырап етпей садақа берсе, сол садақасы үшін оған сауап жазылады. Оның күйеуіне тапқан еңбегі үшін, ал қазынашыға да сондай сауап беріледі, әрі ешкімнің сауабы басқасына кемімейді».
Бұл хадис садақаны ұқыпты пайдалану қажеттігін көрсете отырып, берілген садақаның сауап алу шеңберін кеңейтеді: әйелдің садақасы үшін оған, ризық тапқан күйеуіне, садақаны мұқият сақтап, қажетке жеткізген қызметшіге де сауап беріледі.
Амр ибн Шуғайбтан риуаят етілген бір хадисте, кедейліктен қиналған бір адам Пайғамбарымызға келіп, өзінің жетімді асыраудағы қиыншылығын айтады. Пайғамбарымыз оған қарап, кеңес береді: «Жетімнің малынан ысырап етпей, асықпай және өзіңе тиесілі етіп алмай же». Осы сөз арқылы жетімнің хақына, ұқыптылыққа және ысыраптан аулақ болуға шақырады. Жетім малынан пайдалану жағдайы туындаса да, ол – аманат, оған тек қажеттілікпен әрі құрметпен қарау керек.
Ал тағы бір хадисте Пайғамбарымыз былай деп насихат айтады: «Жеңдер, ішіңдер, киініңдер және садақа беріңдер, бірақ ысырап пен тәкаппарлық болмасын» (Әбу Дәуіт және Нәсаи).
Бұл сөздер адам баласының жүрегіне тікелей жол тауып, қарапайым өмір сүруге, тәкаппарлық пен ысыраптан аулақ болуға үндейді. Әрбір нығмет – Алланың бір белгісі екенін еске салып, оны шынайы қадірлеуімізге шақырады.
материал «Ысыраптың индикаторы» кітабынан алынды,
ummet.kz