Ей, нәпсім! Неге қияметке, өлімге дайындық жасамайсың? Барлық нәрседен жақыны сол ғой. Алланың Құранындағы “Адамдардың есеп беретін күні таяды. Алайда олар сонда да ақиқаттан сырт айналған күйі ғапылдықта жүр” аятын түсінбейсің бе?
Ей, нәпсім! Егер бір қызметшің саған жақпайтын нәрсе істесе, оған қалай ашуланар едің? Сол үшін бұлқанталқан болатының рас. Сөйте тұра неге өзіңді Алла Тағаланың қаһарына душар етіп жатырсың? Жоқ әлде Алланың азабын көтере аламын, Алланың азабына шыдаймын деп ойлайсың ба? Қайдан шыдамақшысың?! Бір сәтке ыстық күннің астында тұрып көр, ыстық моншаға кіріп көрші, қаншалықты шыдайтыныңды көресің… Ал тозақтың азабы бұл дүниенің отынан, бұл дүниенің азабынан қаншама есе ауыр.
Ей, нәпсім! Неге әрекет етпейсің? Алланың мейірімділігіне, кеңшілігіне арқа сүйеп жатсың ба? Ақыреттік есебің үшін арқа сүйейді екенсің, онда неге бұл дүниелік ісіңде де арқа сүйемейсің? Егер біреу зиянын тигізгелі жатса, барлық айлаңды іске асырып одан құтылудың амалын жасайсың. Егер шәһуатыңды қандыру керек болса немесе дененнің қажетін өтеуің керек болса ақша талап етсе де жаның шыққанша әрекет етесің емес пе? Неге сол дүние мәселесінде Алла Өзі біреуді маған жіберер, қажетімді сол өтеп берер деп немесе алдымнан бір қазына шығып сонымен байып кетермін деп Алланың кеңшілігін күтіп отырмайсың.
Ей, нәпсім! Күнә жасаған кезде батылданып кетесің, егер күнә жасап жатқан кезіңде “Алла мені көрмейді” деп ойласаң, онда күпірлігің неткен ауыр; егер “Алла көріп тұр” деген сенімде болсаң, онда қандайұятсыз едің?
материал Аслан Орақбаевтың «Ей, нәпсім» кітабынан алынды,
ummet.kz