26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тағдыр (қадар) мен қазаға сенудің пайдалары

Тағдыр (қадар) мен қазаға сенудің пайдалары

Ислам тарихы

Иман шарттарының бірі – тағдыр мен қазаға, жақсылық пен жамандықтың Алла Тағаланың жаратуымен болатындығына сену.

Діни термин ретінде “тағдыр” мен “қазаның” мағыналары:

Тағдыр: Әлемде болатын құбылыстардың мезгілін, орнын, ерекшеліктерін және қалай болатынын Алла Тағала ежелден біліп, тағдыр етіп, белгілеп қоюын “тағдыр” дейді.

Қаза: Алланың ежелден тағдыр еткен құбылыстарды мезгілі келгенде осы тағдырда жазылғандай жаратуын “қаза” дейді.

Егер қадарды (тағдырды) бір жоспарға ұқсататын болсақ, “қаза” – жоспарға сәйкес сол нәрсенің жүзеге асырылуы. Әлемде болып жатқан және пайда болатын кез келген нәрсе Алланың білуі, қалауы және жаратуымен болады. Одан басқа жаратушы жоқ. Тағдыр мен қазаға иман келтіру – жақсылық пен жамандықтың Алла тарапынан белгіленіп, уақыты келісімен орындалатынына сену дегенді білдіреді.

Тағдырға сенген адам әлемде кез келген нәрсенің Алланың қалауы және жаратуымен болатынын, бірақ адамға таңдау еркі мен жұмыс жасау күші берілгенін біледі. Осындай сенімге ие болған адам өмірде табысқа жету үшін бар күшін салып еңбек етеді, ештеңеден тайынбайды. Өйткені, адам ерік-жігерімен күш-қайратын бір іс жасауға бағыттаса, ол істі Алланың жарататындығына және өзін табысқа жеткізетініне сенеді.

Адам өз қалауымен жасаған нәрселерінен жауап беретінін білгендіктен, өзіне берілген ерікті жақсы істерге бағыттайды. Жазасын тартатын істерден сақтанады. Осылайша тағдырға деген сенім әр адамның жұмыс істеу ынтасын арттырып, адамда жауапкершілік сезімін оятады. Тағдырға сенетін адам істерінде табысты бола алмаған немесе бір қырсыққа тап келген жағдайларда үмітсіздікке салынбайды, еңсесін түсірмейді. Өйткені, Алланың әр ісінде бір сыр (хикмет) бар екенін, адамның күші шектеулі тіршілік иесі болып жаратылғанын, күші жетпеген істерге жауап бермейтінін біледі және Алланың жазғанына бас иеді. Бұл сенім адамды тыныштандырып, қайғысын азайтады.

Тағдырға деген сенім бізге тіршіліктегі әр нәрсенің бір жоспарға сәйкес, көзделген бір мақсатқа орай жаратылғанын, әр нәрсенің бір себебі бар екенін үйретеді. Бұл сенім арқылы адам өмірде табысқа жетудің жолдары мен себептерін іздестіре отырып, мойнына жүктеген міндеттерін орындауға тырысады.

материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: