01
Жұма,
Қараша

һижри

Ғалымдарың айтуынша Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тегі Аднаннан бастау алады. Аднан – Исмаил пайғамбардың (ғаләйһис-саләм) ұрпағы. («Мухаммад», Мухаммад Риза) Ал Аднан, өз кезегінде, Хижәз (Сауд Арабиясы) арабтарының ата-бабасы болады. («Әл-Бидая уән-ниһайа»)

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өзінің шығу тегіне қатысты былай деген болатын: «Шын мәнінде Аллаһ Тағала Ибраһимнің (ғаләйһис-саләм) ұрпағынан – Исмаилді (ғаләйһис-саләм), Исмаилдің (ғаләйһис-саләм) ұрпағынан – Кинана ұрпағын, Кинана ұрпағынан – Қурайш тайпасын, Қурайш тайпасынан – Хашим ұрпағын, ал Хашим ұрпағының ішінен – мені таңдады». («Сунәнут-Тирмизи», 3684)

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өмірбаянын білу дін негіздері мен шариғат талаптарын дұрыс ұғынып, түсінуге ықпал ететіні күмәнсіз.

Мәселен, тафсир саласын алайық. Тафсир – құранды зерттейтін ғылым саласы. Құранды зерттеу тек араб тілін білумен шектелмейді. Ғалымдардың айтуынша, тафсир жазатын адам он бес түрлі ілімді игеруі тиіс. Оның ішіне пайғамбар тарихы да кіреді. Себебі, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тарихын жетік білмеген адам кез-келген аяттың түсірілу себебін анық-қанды түсіндіріп бере алмайды. Ал ол болмаса, аятты толық түсіну мүмкін емес.

Хадис жайында да осыны айтса болады. Хадис – Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқан сөзі. Осы күні бар болғаны хадистің аудармасын оқып, бір мәселеге пәтуа айтатындар пайда болған. Бұл, ең кем дегенде, саутсыздық десек, қателеспейміз. Ал негізінде бір хадисті бір мәселеге телу үшін түрлі білім иесі болу шарт. Сол түрлі білімнің қатарына тарихты жатқызсақ болады. Бұл талап орындалмаған жағдайда хадис қате қолданылуы ықтимал.