02
Сенбі,
Қараша

һижри

Сана биігінде үйленбей тұрып жолығу керек

Сана биігінде үйленбей тұрып жолығу керек

Исламдағы отбасы
Жарнама

Үйленгеннен кейін алғашқы айларда, тіпті екі жыл бойы қыз бен жігіт кездегі әдеттер қалмайды, бірге ілесіп жүреді. Яғни алдыңғы бөлімдегі айтылған кеңес, ойлар өзінің жемісін бермесе, өмірдің екінші кезеңінде бәрін реттеп алу – қиын.

Әрине, нәпсімен күрес, мінезді бақылауда ұстауды үйренуге, өзіңізді сабырға шақыруға дайын болсаңыз, онда керемет! Той болып жатыр. Қасыңызда өзіңіз таңдап алған, сүйіп алған, құдайдың алдында ант етіп, барлық қиындықта бірге боламын, қуанышта да қасынан табыламын деген жарыңыз тұр. Сондай бір сүйіспеншілікпен бір-біріңізге қарайсыздар. Бір қызығы, той үстінде мінез көрсетіп, болмашы проблемаларға бас қатырып, әлден бірнеше жыл бірге тұрып, үй болып кеткен адамдай сезімдерді бастан кеше бастайсыздар. Оған алаңдап, бас қатырудың қажеті жоқ. Солай болуы да керек.

Кеше ғана танып, біліп алдым деген әйеліңіз не күйеуіңіз басқа адам болып шықса, шошып қалмаңыз. Себебі бұл о баста бәрінің басын ашып, сөйлесіп алмағаннан туған нәрсе. Шынайы болудан гөрі, бос мақтанға салынып, бәрі керемет болады деген жалаң әңгімеге алданып қалғандарыңыз. Сол үшін сана биігінде үйленбей тұрып жолығу керек.

Иә, бір-біріңізді түсінбеу ендігі басталып кеткен болса, қиналып жүрген болсаңыздар, онда кеңесім – cөйлесіңіздер. Сөйлесу деп отырғаным әйтеу әңгіме айту, ананы бір, мынаны бір қозғау емес. Бір-біріңізді танып алғанша сөйлесу. Сұрақ-жауап қана емес, іштегі сырды, ренішті, қалауды шығару. Ал оны екі жақ та тыңдай білуге үйренуі тиіс. Тыңдай білу демекші, әйеліңіз не күйеуіңіз сондай бір жақсы сырдың шетіне шығарып бастаса, барлық істеп жатқан істі тоқтатып, жеке дара қалып, ниет пен зейінді дұрыстап дайындалған жөн. Ол жерде айтылатын әңгіме, ойлар жүрекке жеткені керек. Жүректен шыққан сөз құлақ түбіне ғана қалып кетсе, алда тағы да сол түсінбеушілік деген проблема туындай береді. Ол жақсылыққа апармайды. Біздің қоғамдағы (қазақы) ердің әйелімен ашылып сөйлесуі – төмендік.

Иә, дәл осылай қабылданған. Яғни еркектің әйелімен сырласып отыруы не сөйлесе білуі қатынжандылық дейтін формаға өтеді де, еркек өзінің билік жүргізетін статусынан айырылды деп қабылдайды. Құдай-ау, кейде біз осы тым әсіре сілтеп, болмайтын проблеманы өзіміз ойлап тауып алатынымызды байқамаймыз-ау...

Осы сөйлесу дегенге қатысты адамзаттың асылы болған Алла елшісі, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың әйелдерімен қарым-қатынас орнатудағы сөйлесуіне мән берсек:

Ибн Аббастан жеткен риуаятта былай делінген: «Алла елшісі таң намазын оқығаннан кейін намаз оқыған жерінде отыратын. Айналасын қоршаған адамдар күн шыққанға дейін үйлеріне тарқамайтын. Содан кейін жұбайларына жекежеке кіріп, амандасып, олар үшін дұға тілейтін. Қайсысының кезегі болса, соның үйіне болатын», – дейді.

Иә, бұл мысалды бекер алып отырған жоқпын. Пайғамбардың өзі әйелдерінің көңілін қалдырмау үшін олармен жиі кездесіп, жиі сөйлесіп, сырласып тұратын болған. Оның мәнісі де жоқ емес. Себебі әйел адам сырласқанды, күйеуінің еркелеткенін, ақыл айтып, дұрыс жолда келе жатқандарын талқылағанды жақсы көреді. Ендеше біздің азамат ретінде әйелімізбен сөйлесуге, түсінісуге уақыт таба алмауымыз ақымақтық қой.

Бір-біріңізді түсінбеу әдетте әйеліңіздің сіздің оймен келіспей қалуынан, өз қалауын айтуынан туындап жатады. Мәселен қарапайым бір нәрсе: бойдақ кезде бос мақтанға салынып, қырық ақша табатыныңызды айта бергеннен, шамаңыз жетпесе де қымбат ресторанға шақыра бергеннен ол сіз оған қымбат сый алып бере алады деп ойлады. Соны сізден сұрады, өтінді. Сіз осы кезде егер сабырлы болсаңыз жақсы, бірақ көп жағдайда ашуға, агрессияға салып жібересіз. Себебі онсызда жұмыстан шаршап келдіңіз, әйеліңіз жаңағыдай әңгіме бастап тұр. Кім кінәлі? Әрине, о бастан бәрінің басын ашпаған өзіңіз. Екі жақ та кінәлі деп санаған күннің өзінде, агрессияға берілудің, айғай салудың, қол көтерудің қажеті жоқ. Тіпті ол сіздің үйдегі билігіңізді түсірмесе, сіздің керемет «отағасы» етпейді. Менің де басымнан бұл жағдай өтті. Қанша жерден идеал болуы тырысқанымызбен оның мүмкін емес екенін түсіндік. Дегенмен кез келген проблеманың шешімі болуы тиіс. Оған күмәніңіз де болмасын.

Келіншегіммен болған бір әңгімені осында ұсынайын:

Келіншегімнің көңіл күйі болмай жүрді. Ұрыс көбейіп кетті. Себебі мен оны, ол мені түсінбейтіндей көрінді. Сондықтан бәрінің басын ашып алу үшін жұманың кешінде отырып, сөйлестік. Сырласу сағаты біразға барды. Келіншегіме не айтқысы келеді, соны айтып, ішін ақтарып алуына мүмкіндік бердім де, тыңдадым. Түсінесіз бе, әйелімнің олай ашылып сөйлегенін, жақсы әңгіме айтқанын, идеяларды айтып, оны талдағанын естіп өзім таң болдым. Яғни қыз бен жігіт болып жүрген кезде де толық танымағанын алдымнан шықты. Ол өзінің арманы мен мақсаты, болашағы туралы сөз бастады. Іштей: «оны не үшін айтып отыр?» деп қалғаным рас. Тек оның әңгімесінің ішінде өзімнің ойлап жүрген нәрселерімнің тым төмен екенін түсіндім. Былайша айтқанда, әйеліммен болған сол ұзақ диалогтан кейін түбегейлі өзгеріс болды. Бұл бір-бірімізді түсінуге апарды.

Қазір түсінбеушілік орын алғанда міндетті түрде отырып сөйлесіп алуды әдетке айналдырдық. Бір-бірімізден ештеңе жасырмай, шындықты әрі айтқымыз келген ойды айтамыз. Ауыр болса да, қабылдауға, сабыр сақтауға тырысамыз. Тек осылай ғана өзара құрмет пен сыйластықты да қалыптастыра алатынымызды түсіндік. Соңында келген жалғыз ой: әйелімнің арманы – маған күйеуге тию емес.

материал «Сана биігінде жолығу» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: