22
Жұма,
Қараша

һижри

Құранды түсінбей оқудың қандай пайдасы бар?

Құранды түсінбей оқудың қандай пайдасы бар?

Ғибратнама
Жарнама

Тау бөктерінде орналасқан ауылдың шетінде ақсақал мен немересі өмір сүріпті. Атасы үнемі ерте тұрып, Құран оқуды әдетке айналдырған екен. Ал немересінің кез келген істе атасына ұқсауға тырысатыны, оның ізгі істерін қайталайтын қасиеті әркімді де қызықтыратын.

Бір күні көңіл-күйі түскен бала: «Ата, мен де күн сайын сен секілді Құран оқимын, бірақ, түсіне алар емеспін. Оқығанымды кітапты жапқан бетте ұмытып қаламын. Сонда Құран оқуымның не пайдасы бар?» – деп сұрақ қояды. Сонда пешке көмір салып жатқан қария кілт тоқтайды да немересіне мейірлене қарап: «Балам, сен мына көмірдің себетін ал да, ана жердегі өзеннен толтырып су алып кел», – дейді. Таңғалған немересі ештеңе деместен себетті ала жүгіреді. Алайда, үйге жеткенше себеттегі су түк қалмай төгіліп қалады. Күлімсіреген ақсақал: «Тезірек жүруге тырыс» – деп, баланы қайта жібереді. Ол бұл жолы жылдам қимылдайды, дегенмен, су тағы да таусылып қалады. Бала себетпен су тасудың мүмкін еместігін айтып, шелекке қолын соза беріп еді, атасы оны тоқтатады. «Жоқ, балам, маған шелек емес, себет қажет. Сен барыңды салмай жатқан боларсың...» – деп оны тағы да құлшындырды. Бала өзін дәлелдемек болып, себетке толтырып су алады да бар шамасы жеткенше қатты жүгіреді. Атасының алдына жеткенде тағы да бос себетке көзі түседі. «Ата, көрдіңіз бе? Мұның еш пайдасы жоқ!» – дейді терге малынған бала. Қария: «Расымен де, еш пайдасы жоқ деп ойлайсың ба? Себетіңе қарашы», – дейді. Мұқият қараған бала көмір ыдысының сырты да, іші де тап-таза болғанын байқайды. «Құлыным, сен Құранды оқығанда дәл осындай жағдай болады. Түсінбеуің де, ештеңе есіңде қалмауы да мүмкін. Бірақ, ол сенің ішіңді де, сыртыңды да өзгертеді. Сонан кейін Алла Тағала сенің өміріңді өзгертеді», – деп, үнемі Құран оқудың пайдасы мен даналығын түсіндірген екен.

ummet.kz

Бөлісу: