Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «АЛТЫН ОРДА ӨРКЕНИЕТІ: РУХАНИ МҰРА ЖӘНЕ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.
ҚМДБ Төрағасы Алтын орда мемлекеті түркі Ислам өркениетінің дамуына жол ашқанын айта келіп: «Тарихшы Ибн Арабшаһтың жазуынша, Берке, Өзбек және Жәнібек хандардың билігі тұсында Хафиз әд-Дин Баззази, шейх Сағд әд-Дин әт-Тафтазани, Құтб әд-Дин әр-Рәзи, Ахмет әл-Хажандари, шейх Жәләл әд-Дин секілді дін ғалымдары қызмет жасаған. Сарай қаласынан шыққан дін ғалымы Мұхтар ибн Махмұт әз-Заһиди «Әр-рисәлә ән-нәсирийә» («Жеңімпаз туралы трактат») деген туындысын Берке ханға арнап, оған «Насир әд-Дин» («Дін жолындағы жеңімпаз») деген титул берген. Алтын Ордадан Мысырға қоныс аударған ғалымдар да болды. Атап айтар болсақ, фақиһ әрі сөз зергері Махмұт Фатшах әс-Сараи, сонымен Дия ибн Садалах ибн Мұхаммед әл-Қырыми, Рукн әд-Дин әл-Қырыми Ахмет ибн Мұхаммед, Шиһәб әд-Дин әс-Сараи секілді дін ғұламалары Сарайдан Каирға қоныс аударды. Сол секілді Мысыр, Шам сияқты Ислам өлкелерінен де Алтын ордаға қоныс аударған дін ғалымдары болды. Соның арқасында Ұлық Ұлыста Ислам өркениеті қанат жайды» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар Бас мүфти Берке хан билікке келген 1258 жылдан бастап Алтын ордада Ислам дінінің даму дәуірі басталғанын, Өзбек хан билікке келген 1312 жылдан бастап Алтын ордада Ислам діні нығая түскенін атап өтті.
«Қазақ арасында бұл жайында «Өзбек ханның тұсында атамыз қазақ дін баққан, Алтын Орда хандары жердің жүзін шаңдатқан» деген сөз қалған. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының: «Өзбек хан мұсылман болды және бүкіл халқын мұсылмандыққа бет бұрғызды. Осыдан бері халқымыз дінін өзгерткен емес», – деп жазғанындай, Өзбек хан Ислам дінін қабылдау арқылы Алтын Орданы күшейтті.
Өзбек хан Жошы ұлысында Исламды мемлекеттік дін дәрежесіне көтеріп қана қоймай, мешіт-медреселер салдырып, Исламның жаһандық дінге айналуына жол ашты» деді ҚМДБ Төрағасы.