Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Құранның қанша аятына түсіндірме жасағаны туралы әртүрлі көзқарас бар. «Құранның барлық аяттарын немесе басым көпшілігін түсіндірген» деушілермен қатар «Тәпсірлеген аяттары аз» дегендер де болған.
Бұл мәселеде нақты дәлел болмағандықтан, сондай-ақ хабарлардың дұрыстығы үшін алға тартылған шарттар әртүрлі болғандықтан (мысалы, әсіресе тәпсір саласында, саны өте көп мурсал хабарларды кейбіреулері сахих деп санаса, кейбіреулері жеткілікті дәлел болып саналмайтын әлсіз хабарлар тобына жатқызылады). Бұл салада ауқымды зерттеу жүргізілмегендіктен бұл мәселе туралы пікір білдіргендер жалпы қағидалар мен бірқатар дереккөздерге сүйеніп үкім шығарған. Алдағы уақытта осы екі шектен шыққан көзқарастың дәлелдерін талдайтын боламыз. Шашыраңқылыққа жол бермес үшін бір дәлелді көрсеткеннен кейін оған қайшы жағдайды бірге беріп отыратын боламыз. Алдымен осы мәселеге қатысты әзірет Айшаның сөзін қарастырғаннан кейін екі тараптың да пікірлерін талдаймыз.
Ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с.) қанша аятты тәпсірлегені туралы әзірет Айшаның сөзі «Пайғамбар (с.а.с.) Жәбірейілдің өзіне үйреткен, санаулы ғана Құран аятынан басқа ештеңе тәпсірлемейтін». Бұл хадистің иснәды турасында туындаған қайшы пікірлердің және сахих болу шартымен мағынасын ашуға қатысты көзқарастарды қысқаша көрсетіп өтуіміз керек. Табари хадистің сәнадындағы Жағфар ибн Мұхаммед Әз-Зүбайридің хадис өкілдерінің арасында болмағанын айтады. Ибн Кәсир (774/1373 ж.қ.б.): «Бұл хадис мүнкәр және ғаріп. Иснәдтағы Жағфар ибн Мұхаммед туралы Бұхари: «Хадисіне еруге болмайды, Хафыз Әбул Фәтх Әл-Әзди мүнкәр хадис екенін айтады». Ахмет Мұхаммед Шакир болса ұзақ зерттеуінің нәтижесінде ғұламалардың көпшілігінің бұл адамды сенімді деп санағандарын айтып, қабылданғанын таңдайды.
Табари әзірет Айша хадисін риуаят еткеннен кейін қысқаша түрде мынадай пікір айтады: «Бұл хадис біздің көзқарасымызды нығайта түседі. Себебі біз Құранның бір бөлігі тек ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с.) түсіндіруімен ғана түсінікті болады дейміз. Бұйрық пен тыйымға, халал мен харамға, тыйымдар мен парыздарға қатысты мүжмәл аяттардың толыққанды түсіндірілуі, мүжмәл болған шариғаттың басқа мағыналарының түсіндірілуі осыған жатады. Бұлардың толыққанды мағынасы және үкімі Расулалланың айтуы бойынша Алла құзырынан түсірілмейінше анықталмайды. Хақ Тағала бұларды тағы да уахи жолымен Жәбірейіл немесе қалаған басқа бір елшісі арқылы Расулына білдіреді. Міне, Жәбірейілдің үйретуі арқылы ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабаларына баяндаған аяттары – осылар. Және бұлардың санаулы екені күмәнсіз Айтылған әзірет Айшаның хадисінің мақсаты кейбір санасыз адамдардың күмәнданғаны секілді Расулалла өте аз тәпсір жасаған болса, өзіне түсірілген Құран оның өзінің түсіндіруі үшін емес, мағынасы мен түсіндірмесін басқа біреуге қалдыруы үшін түскен болар еді, Хақ Тағала Расулына өзіне түсіргенін, адамдарға түсіндіруін бұйырған. Ал Расулалланың осы бұйрықты орындағаны анық.
Абдулла ибн Мәсғудтың хадисінде Пайғамбардың Құранды мағыналары және амал жасалатын үкімдерімен түсіндіргені сахих түрде риуаят етілген. Бұлардың барлығы аталмыш пікірдің надандыққа сүйенетінін көрсетеді. Екінші жағынан хадистің сәнады Жағфар ибн Мұхаммедке байланысты ақаулы болып саналады. Табиғунның ішіндегі тәпсірден тартынғандар пәтуадан қашқандарға ұқсайды. Олар Хақ Тағаланың өзінің Расулы арқылы дінін толықтырғанын, әрбір оқиғада мәтін (нас) немесе дәлел арқылы бір үкімі бар екенін білдіретін. Қашқақтауы ол тақырыптарда Хақ Тағаланың үкімі бар екенін теріске шығарғаннан емес. Олар ижтиһадтарының ғұламаларға артылған дәрежеге жете алмауынан қорқатын. Тәпсірден тартынғандар тәуилдің ғұламаға жабық болуынан емес, сөздерінің дұрыс шықпауына алаңдауынан еді. «Китабул Мәбанидің» авторы әзірет Айшаның хадисін былай тұжырымдайды: «Ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с.) Жәбірейілден үйренуге мұқтаж болған аяттары бар еді. Себебі ол Расулалланың көре алмаған жағдайын көре алатын. Біздің ойымызша, Расулалла өз бетінше өте аз тәпсір жасаған». Бұл адам кейіннен сахабалардың уахидің түскенін көргенін және тілді білетіндерін айтып, сол себепті олардың өте аз аяттың тәпсіріне мұқтаж болғанын, ал бұлардың шариғи үкімдерді қамтитын және түсіндірмесі пайғамбардың сөзімен шектеулі болған аяттар екенін айтады. Ибн Атия (542/1147 ж.қ.б.): «Бұл хадистің мағынасы Құранның белгісіз жақтары, қысқа (мужмал) аяттарының тәпсірі және сол секілді Алла білдірмейінше білу мүмкін емес жағдайлар» деп Расулалланың аз тәпсір жасағанын осы салаларға қатыстырады. Ибн Кәсир де Табари секілді әзірет Айшаның хадисінде айтылған «аз аяттардың» тек Алланың білдіруі арқылы білінетін аяттар екенін қабылдап: «Егер хадис сахих болса, дұрыс мағынасы осы» дейді.
Осылайша ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с.) Құранды түсіндіруі Жәбірейілдің әкелгендеріне тән емес екені аңғарылады. Табиғуннан Хассан ибн Атиядан Әузаи мына сөзді жеткізеді: «Жәбірейіл Құранды әкелумен қатар Құранды тәпсірлейтін сүннетті де пайғамбарға әкелген еді». Ибн Абдул Бәрр (463-1071 ж.қ.б.) секілді сүннеттің жеткілікті деңгейде Құранды түсіндіріп бергенін айтқан және өзіндік пікірмен тәпсірдің аясын тарылтатын кейбір ғалымдардың дәлелдерінің бірі осы сөз. Бұл үкім әзірет Айшаның хадисіне толықтай қайшы келеді. Алайда бұл екі сөзді былай ұштастыруға болады: Сүннетті жасырын емес уахи деп санаған ғалымдардың пікірінше, Жәбірейілдің тәпсірін көрсеткен аяттары өте көп. Мұндай пікірде болмағандардың ойынша, түсіндірмесі Жәбірейіл тарапынан білдірілген аяттар өте аз. Хадис риуаяттарында ардақты Пайғамбардың Жәбірейілден сұрағаны сирек айтылғандықтан бұл екі көзқарас та орынды болуы мүмкін.
материал «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Құран тәпсірі» кітабынан алынды,
ummet.kz