29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіру

Тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіру

Иман келтіру

Тағдырға иман келтіру – иманның алтыншы тірегі. Оның мағынасын Имам ән-Нәуәуи «әл-Арбаъун ән-Нәуәуия» (ән-Нәуәуидің қырық хадисі) атты кітабының шархында: «Алла Тағала барлығын әу бастан тағдыр еткен және олардың Өз алдындағы белгілі бір уақыт пен орындарда болатынын білген. Мұның барлығы Алла Тағаланың тағдыр еткені бойынша орын алады», – деп түсіндірген.

Тағдырға иман келтіру төрт нәрсені қамтиды:

1. Алланың біліміне (яғни болатын жайттардың барлығын алдын ала білгеніне) иман келтіру.

Бұл – Алла Тағала пенделердің жақсы және жаман істерінің бәрін, олардың бойсұнулары мен қарсы келулерін оларды жаратудан бұрын білгеніне иман келтіру. Алла Тағала пенделерден кімнің жаннаттық, кімнің тозақтық екенін әу бастан білді және оларды жаратудан бұрын істеген амалдарына қарымта ретінде марапат пен жаза әзірледі. Алла бұлардың бәрін жазып қойған. Пенделерінің амалдары Оның білімі мен жазмышы бойынша жүзеге асады.

2. Алла Тағала Ләухул-махфузда барлық нәрсенің тағдырын жазып қойғандығына иман келтіру.

Яғни Алла Тағала Ләухул-махфузда Қияметке дейін жаратылатын барлық мақлұқтарды, олардың ризықтарын, болатын уақыты мен жерін т.б. Қияметке дейінгі орын алатын жағдайларды жазып қойған. Ибн Кәсир Құран Кәрімге жазған тәпсірінде Абдур-Рахман ибн Салманның: «Алла тағдыр еткен не нәрсе болсын, Құран және оған дейінгі әрі одан кейінгінің бәрі Ләухул-махфузда жазылған», – деген сөздерін келтірген.

3. Бүкіл құбылыс пен болмыстың тек Алланың қалауымен ғана болатындығына иман келтіру.

Алла Тағаланың қалағаны болады, қаламағаны ешқашан болмайды.

4. Барлық жаратылысты Жалғыз Алланың жаратқандығына иман келтіру.

Алла Тағала жалғыз Өзі барлық заттарды, олардың сипаттарын және әрекеттерін жаратқан.

 

Тағдырға иман келтірудің пайдасы

1. Тағдырға риза болу, нық сенім және пенденің жоғалтқандарының Алла Тағала орнын толтыратынына үміт ету.

Алла Тағала: «Алланың бұйрығынсыз ешқандай қайғы-қасірет келмейді», – деген. Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) «Алланың бұйрығы» дегенді «Алланың әмірі, яғни Оның тағдыры және шешімі бойынша» деп түсіндірген. Алла Тағала: «Ал кім Аллаға иман келтірсе, оның жүрегін тура жолға бастайды», – деген.

Ибн Кәсир бұл аяттың түсіндірмесінде: «Қайғы-қасіретке ұшыраған адам бұл Алланың шешімі мен тағдыры бойынша жеткенін білсе, оған сабырлылық танытып, осы үшін Алладан сауап үміт етсе және Оның шешіміне бойсұнса, Алла оның жүрегін тура жолға бастайды. Бұл дүниеде жоғалтқан нәрселерінің орнын толтырып, пендесінің жүрегіне тура жол, шынайы сенім дарытады. Алла Тағала пендеге одан алғанының қарымтасын не одан да жақсыны беруі мүмкін. Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла пенденің жүрегін нық сенімге бастайды да, ол басына түскен нәрсе өзін айналып өтуі мүмкін еместігін, ал өзін айналып өткен нәрсе басына түсуі мүмкін еместігін түсінеді», – десе, Алқама: «(Бұл аятта) қайғы-қасіретке ұшырағанда, оның Алладан екенін білетін адам (туралы айтылған)», – деп айтқан», – деген.

2. Күнәлардың кешірілуі.

Алла елшісі (с.а.с.): «Мүмін адам қандай бір дертке, шаршап-шалдығуға, ауру-сырқауға, қайғыға, тіпті өзін алаңдататын уайымға ұшыраса, Алла бұлар арқылы оның күнәларын міндетті түрде кешіреді», – деп айтқан.

3. Үлкен сауаптардың берілуі.

Алла Тағала: «Қашан өздеріне бір қайғы-қасірет жетсе: «Шын мәнінде, біз Аллаға тәнбіз әрі Оған қайтушымыз», – деп айтатын сабырлыларды қуандыр. Міне, соларға Раббылары жақтан игіліктер және мейірім бар әрі олар – тура жолмен жүрушілер», – деген.

4. Рухани байлық.

Алла елшісі (с.а.с.): «... Алла өзіңе бөлгенге разы бол, сонда сен ең бай адам боласың»; «Байлық дүние-мүліктің көптігінде емес, нағыз байлық – жан байлығы», – деп айтқан.

Бұл тұрғыда мол байлыққа ие болғанмен, оған қанағаттанбайтын адамдардың көбі жан жұтаңдығына ұшырайтынын, ал дүниесі аз болса да, мүмкіндігіндегі істерді жасағаннан кейін Алланың өзіне бөлген ризығына разылық танытатын адам кеңпейіл болып, жаны бай ғұмыр кешетінін бәріміз көріп жүрміз.

5. Масайрау мен қайғының болмауы.

Алла Тағала: «Жер жүзіне, сондай-ақ өздеріңе қандай да бір қасірет жетсе, Біз оны пайда етуімізден бұрын Кітапта (Ләухул-махфузда жазып қойғанбыз). Әлбетте, бұл Алла үшін жеңіл. (Мұның барлығы) сендердің өткенге өкінбеулерің және өздеріңе (Алла) бергендерге масаттанбауларың үшін. Алла әрбір тәкаппар, мақтаншақты ұнатпайды», – деген.

Ибн Кәсир: «Алла өздеріңе жасаған тартуларымен адамдарға мақтанбаңдар, өйткені бұл сендердің әрекеттеріңнің нәтижесі емес, Алланың тағдыры және Оның сендерге берген ризығы. Сондықтан Алланың нығметтерін мақтанға айналдырмаңдар. Икрима: «Қуанбайтын және қайғырмайтын адам жоқ, алайда қуаныштарыңды шүкіршілікке, қайғыларыңды сабырға айналдырыңдар», – деген», – деп айтқан.

6. Ержүректік пен батылдықтың пайда болуы.

Тағдырға сенген адам Алладан ғана қорқатын ержүрек болады. Өйткені ол ажал мерзімі белгілі екенін, басына түскендердің өзін айналып өтуі және өзін айналып өткендердің басына түсуі мүмкін еместігін, сондай-ақ жеңіс сабырмен, қуаныш қайғымен қатар жүретінін және қиындықпен бірге жеңілдік келетінін біледі.

7. Адамдардың зиянынан қорықпау.

Алла елшісі (с.а.с.): «...біліп қой, егер (барша) үмбет жиналып, саған жәрдемдеспек болса да, олар саған Алла тағдыр еткен нәрсемен ғана жәрдемдесе алады. Егер олар жиналып, саған зиян тигізбекші болса да, саған Алла тағдыр еткенмен ғана зиян тигізе алады. Қаламдар көтеріліп, парақтардың (сиясы) кеуіп қалған», – деп айтқан.

8. Өлімнен қорықпау.

Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Қай күнімде ажалдан мен қашайын, Тағдыр етілмеген күнде ме әлде тағдыр етілген күнде ме? Тағдыр етілмеген күн қорқыта алмас мені, Ал тағдыр етілгеннен сақтық құтқара алмас», – деп жырлаған.

9. Өткенге өкінбеу.

Алла елшісі (с.а.с.): «Аллаға күшті мүмін әлсіз мүмінге қарағанда жақсы әрі ұнамдырақ, (алайда олардың) әрбірінде жақсылық бар. Өзіңе пайдасы тиетін нәрсеге ұмтылып, Алладан жәрдем сұра және әлсіздік танытпа. Егер бір жайға душар болсаң: «Егер былай-былай еткенімде, мынадай-мынадай болар еді» деп айтпа. Бірақ «Алланың тағдыр еткені, Ол қалағанын істеді» деп айт. Өйткені «егер» (деп айту) шайтанның ісіне жол ашады», – деген.

10. Жақсылық – Алла таңдаған нәрседе.

Мәселен, мұсылман қолын жаралап алса, оның сынбағаны үшін, сындырып алса, кесіліп түспегені не одан да қатерлі салдар әкелетін бел омыртқасы сынбағаны үшін, омыртқасы сынса, тірі қалғаны үшін Аллаға мадақ айтуы тиіс. Сондықтан қандай бір қайғы-қасіретке душар болғанда, Аллаға мадақ айтып, одан да жаман жағдайға тап болмағандығы үшін шүкіршілік етуі қажет.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: