11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қателік сәждесін қажет ететін жағдайлар

Қателік сәждесін қажет ететін жағдайлар

Намаз
  • Намаз рүкіндерінің біреуін артығымен жасаған адамға қателік сәждесін жасау уәжіп. Мысалы, бір рукуғ жасайтын жерде екі мәрте жасау, екі сәжденің орнына үш сәжде жасау және қиямда тағы бір қиямға қателесіп тұрып қою, соңғы отырыспен қоса тағы бір соңғы отырысқа отыру секілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде бесінші рәкатқа қателесіп тұрып, «субханаллаһ» деп ескертілгенде, қайта отырып қателік сәждесін жасаған.
  • Жария оқылатын намазды құпия оқу немесе керісінше. Имамға таң, ақшам, құптан намаздарын жамағатпен жария оқуы уәжіп болғаны секілді бесін мен екінтіні құпия оқу уәжіп. Бұл уәжіпті орындамау, яғни құпия оқитын намазды жария немесе жария оқитын намазды құпия оқитын болса, намаз соңында қателік сәждесін жасау - уәжіп.
  • Қыраатты, бірінші және екінші отырыста оқылатын «әт-тахият» дұғасын, үтір намазындағы Құныт дұғасын оқымау, құрбан айт пен ораза айт намаздарындағы тәкбірлерді жасамау қателік сәждесін қажет етеді. Бұл айтылғандар намаздың уәжіптері болғандықтан, намаздың бір уәжібін тәрк еткені үшін қателік сәждесін жасау қажет.
  • Рукуғта немесе отырғанда Құран оқыған болса, қателік сәждесін жасауы керек. Өйткені бұл тұста Құран оқылмайтындықтан намазға басы артық нәрсс қосқан болып отыр.
  • Имам намазда қателессе, жамағат имаммен бірге қателік сәждесін жасайды. Жамағаттан бірі «мен қателеспедім, имам қателесті» деп қателік сәждені жасамауға құқы жоқ, имамға ұйып, имаммен бірге жасауы қажет.
  • Имамға ұюшы намазға кейіннен қосылып, имам қателік жасаған уақытында намазға әлі тұрмаған болса да, ұюшы имаммен бірге намаз соңында қателік сәждесін жасайды.
  • Имамға ұйыған жамағаттың бірі намазында қателік жасаған болса, оған қателік сәждесін жасау қажет емес.
  • Ал егер имамға ұюшы, кешігіп қалған рәкаттарын оқу үстінде қателік жасаса, сол қатесі үшін қателік сәждесін жасайды. Өйткені ол қалған рәкаттарды жеке оқыды.
  • Имам намазда қателескеннен кейін қателік сәждесін жасамаған болса, имамға ұюшы жамағат та қателік сәждені жасамайды. Өйткені жамағат имамға үюы керек. Кемшілігі имамның мойнында қалады[1].
  • Имамға ұюшы намаз үстінде дәреті бұзылса, барып, дәрет алып қайта намазды тоқтаған жерінен жеке өзі жалғастырады. Осы намаздың жалғасында қателессе, қателік сәждені жасамайды. Өйткені имам намазды бітіріп кетсе де, ол намазды имаммен бірге оқып тұрғандай болып саналады.
  • Егер алғашқы отырысты[2] ұмытып қиямға түрегелсе, қайта отырмайды, намаз соңында қателік сәждесін жасайды. Ал қиямға тұруға ұмтылған сәтте, отырысқа жақын күйде қайта отырса, қателік сәждесін жасамайды. Бұл жердегі жалпы қағида: отырысқа жақын болса отырғандай, ал қиямға жақын болса қиямда тұрғандай болып саналады. Сондықтан қиямға жақын болса түрегеп тұрады, ал отыруға жақын болса дереу отырады.
  • Егер соңғы отырысты ұмытып бесінші рәкаттың қиямына тұрған сәтте, отыру керектігі есіне түссе, сәлем бермей тұрып соңғы отырысқа қайта отырады. Өйткені соңғы отырыс намаздың рүкіні, намаз рүкінін кешіктіргені үшін соңында қателік сәждесін жасайды. Парыз намазы осылайша толығады. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) қателесіп, соңғы отырысқа отырмай бесінші рәкатқа тұрып кетеді. Сонда жамағат «субханаллаһ» деп ескерткеннен кейін, қайта соңғы отырысқа отырған[3]. Ал егер соңғы отырысқа отырмай, бесінші рәкаттың сәждесін жасаған болса, парыз намазы парыздықтан шығады. Бес рәкаттық намаз болмағандықтан, бұл намазға тағы бір рәкат қосып, алты рәкатқа толықтырып нәпіл намазға айналдырады. Бұл алтыншы рәкатты қосу мұстахап болып саналады.
  • Соңғы отырыста «әт-Тахият» дұғасын оқып немесе оқитындай уақыт отырып, артынша қателікпен бесінші рәкатқа тұрған болса, бесінші рәкаттың сәждесіне бармай тұрып, қайта отырады да, «әт-Тахият» пен салауат дұғаларын оқып, артынша қателік сәждесін жасап, сәлем беріп, намазын тамамдайды. Ал егер бесінші рәкаттың сәждесін жасаған болса, тағы бір рәкат қосып, намазын алты рәкат қылып, қателік сәжде жасаумен тамамдайды. Бұл оқылған парыз намазы дұрыс болып саналады, өйткені соңғы отырыс жасалып тұр. Ал төрт рәкаттан кейін соңғы отырысқа отырса, артынша қосылған екі рәкат нәпіл намазға айналады. Бірақ бұл екі рәкат нәпіл намаз парыздан кейінгі оқылатын сүннет намазының орнына саналмайды.
  • Намазды қанша рәкат оқығандығынан күмәнданса, әрі бұл бірінші рет болып тұрса, намазды қайта оқиды. Ал егер бұл күмән бірнеше мәрте қайталанса, дұрысырақ деп ойлаған ойымен амал қылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім намазында төрт немесе үш рәкат оқығандығынан күмәнданса, ол күмәнін ойламай, дұрыстыққа басым болғанына қарай амал қылып, намазын тамамдасын. Сәлем бермей тұрып, екі сәжде жасасын. Егер бес рәкат оқыған болса, бұл сәжделер намазына шапағатшы болады, ал егер намазын дұрыс оқыған болса, бұл сәжделер шайтанның масқара болуына себепші болады»[4], - деген.
  • Алғашқы отырыста «әт-Тахият» дұғасын оқығаннан кейін дереу тұрмай, «салауат» және басқа дұғаларды оқып қойса, намаз соңында қателік сәждесін жасау қажет. Өйткені үшінші рәкаттың қиямына тұруды уақытынан кешіктірді.
  • «Фатиха» сүресінен кейін қосымша сүре оқымастан рукуғқа барса немесе сәждеге бармастан рукуғтан тұрайын деп жатқанда есіне түссе, қайта қиямда тұрып қосымша сүрені оқиды. Содан кейін рукуғке барып намазын ары қарай жалғастырады, намаз соңында қателік сәждесін жасайды[5].
  • Намаздың алғашқы екі рәкатында «Фатиха» сүресін екі рет қайталап оқыса немесе кейбір аяттарын қайталап оқыса, қателік сәждесін жасайды.
  • Бір намаздың ішінде екі немесе одан көп қателік жасаса, барлығына бір қателік сәждесін жасау жеткілікті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Намаздағы кемшіліктер мен артық істерге, сәлемнен кейінгі қателік сәждесі жеткілікті»[6], - деген.

Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] әз-Зуһайли

[2] 3 не 4 рәкаттық намаздың екінші рәкатынан кейінгі отырысты «алғашқы отырыс» деп атайды.

[3] Ибн Ади, Дуафа 3/1212; Сахих Бұхари, 1226.

[4] Бұхари, Сәһу; 6-7.

[5] Абдулхамид Тахмаз, Фиқһул-ханафи фи сәубиһил-жәдидә, Бейрут, 1998 ж. 282-6.

[6] Табарани, Мұғжамул-әусат 7150 һәйсами; Мажмағуз-Зауайд, 2/151

Бөлісу: