23
Сенбі,
Қараша

һижри

Неге кейбір мұсылмандар намазда қолды көкірек тұсына байлайды?

Неге кейбір мұсылмандар намазда қолды көкірек тұсына байлайды?

Намаз

Неге кейбір мұсылмандар намазда қолды көкірек тұсына байлайды? Жалпы, ешбір мәзһабта қол көкіректің дәл үстіне қойылады деген пәтуа да, нақты дәйек те жоқ. Қолды көкіректің үстіне қоюға байланысты келтірілген мына бір хадис нақты дәлел бола алмайды.

Уайл ибн Хужрдан риуаят етілген хадисте, былай деді: “Алла елшісімен бірге намаз оқыдым. Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолының үстіне қойып, көкірегіне байлады”. Бұл хадис Хузайманың «сахих» атты жинағында келтірілген. Хадисті риуаят етушілер арасында Муаууал ибн Исмағил деген кісі бар. Ибн Хажар өзінің «әт-Таһзиб» атты кітабында Имам Бұхаридің ол кісі жайында: «мұнкарул хадис», - дегенін келтірген. Яғни, «хадисі қабылданбайды» деген мағынада. Ханафи ғұламасы, фиқһшы әрі хадисші Имам Заһаби мен хадисші Ибн Сағд: «Муаууал ибн Исмағил сүннетке берік, аса шыншыл. Алайда, (хадис риуаят еткен кезде) көп қателеседі»,–деп, оның осы кемшілігін айтып кеткен. Ал, хадисші Даруқутни болса: «Сенімді. Бірақ, жаттау қабілеті нашар» – деген.

Сондай-ақ, Ибн әт-Түркмени, Әбу Хатым, Әбу Зәрға секілді хадис білгірлері де Муаууаль ибн Исмағилдің көп қателесетіндігін айтқан. Байқағанымыздай, “Алла елшісімен бірге намаз оқыдым. Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолының үстіне қойып, көкірегіне байлады”, – деген хадис сахих емес. Өйткені, хадисті бізге жеткізген Муаууаль ибн Исмағил көп қателесетін әрі жады нашар болған. Ондай адамның айтқаны есепке алынбайды. Муаууаль ибн Исмағил риуаят еткен аталмыш хадистің негізгі мәтіні Мүслімнің сахихында, Насаийдің сүнанында, Ахметтің мүснәдында, Тирмизиде, Ибн Мәжада, әд-Даруқутнида және әл-Байхақида да бар. Бірақ, олардың ешқайсысында «қолын көкірегінің үстіне қойды» деп айтылмаған. Тек «оң қолын сол қолының үстіне қойды» деумен шектелген. Бұл жайлы Хафиз ибн Хажар «әд-Дирая фи тахрижи ахадисилһидая» атты еңбегінде: «...Алла елшісімен бірге намаз оқыдым. Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолына әкеліп, көкірегінің үстіне қойды” - деген хадис Ибн Хузаймада келтірілген. Бірақ, бұл хадистің "Сахих Муслимдегі" нұсқасында «көкірегінің үстіне қойды» деген жері жоқ»,- деп айтқан.

Ендеше, Муаууаль ибн Исмағилдің риуаятындағы “қолын көкірегінің үстіне қойды” деген жері “зияда”, яғни, “артық”. Олай болса, бұл жерде Муаууаль ибн Исмағил "қолын көкірегіне қойды" деген сөзді негізгі хадис мәтініне шатасып қосып отыр деуге негіз бар. Хадис ілімінде белгілі бір риуаят өзінен де жоғары дәрежедегі риуаяттарға қайшы келсе, ондай хадисті «шәәзз» деп атаймыз. Ал хадистің сахих болуы үшін “шәәзз” болмауы шарт.

материал “Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: