23
Сенбі,
Қараша

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабалардың түнгі намазға айрықша мән беруі

Пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабалардың түнгі намазға айрықша мән беруі

Намаз

Абдуллаһ ибн Қайс (р.а.) әңгімелейді: Хазірет Айша былай деген еді: «Түнгі намазды бірде оқып, бірде оқымай тастап кетуге болмайды. Өйткені Алланың елшісі түнгі намазды қаза қылмайтын. Сырқаттанып қалса немесе қатты шаршаса, отырып оқитын».

Жәбір (р.а.) әңгімелейді: «Ей, жамылғысына оранған Расулым! Түнде тұрып, аз уақытынан тыс, түнді ғибадатпен өткіз. Жағдайға қарай түннің ортасында, бұдан аз немесе көп уақытында ғибадат етуің жеткілікті. Құранның сырына бойлап, иіріміне сүңгіп, түсініп оқы» (Мүззәмміл, 73/1-4) деген аяттар түскенде, біздерге де түн намазын оқу парыз болған еді. Осы әмірден кейін түннің бір уағында аяқтарымыз іскенше намаз оқитын болдық. Содан кейін мына аят түсті: «Раббың түннің үштен екісіне жақын бір бөлігін, кейде жартысын, кейде үштен бірін ғибадатпен өткізетініңді, сенің жаныңдағы мүміндердің кейбірі де осылай істейтінін, әлбетте, біледі. Түн мен күндізді жаратып, мерзімдерін белгілейтін Алла. Ол сендердің осы түнгі ғибадатты тұрақты орындай алмайтындарыңды білгені үшін қайта мейірімін төгіп, сендерді ол жауапкершіліктен босатты. Ендігі жерде Құраннан өздеріңе тілі орамды, түсінікті, әрі жеңіл тиетінін оқыңдар. Алла біледі, араларыңда науқастанатындар да кездеседі. Біреулер Алланың мейірімін табу үшін табан тоздырып, жер жаһанды шарлайды. Кейбіреулер Алланың жолында жорыққа аттанып, айқасқа шығады. Бұдан былай Құраннан өздеріңе жеңіл тиетін, ауыр соқпайтын аяттарын оқыңдар. Намазды ыждаһатпен оқыңдар, зекет беріңдер және Аллаға көркем етіп қарыз ұсыныңдар. Ұмытпаңдар, өздеріңе жақсылық тілеп, ақыретке дайындалып, қандай амалға барсаңдар да, міндетті түрде, Алланың алдына келгенде соны табасыңдар. Әрі бұрынғыдан да тәуір, қайырлы, сыйы да мол болмақ! Алладан кешірім сұраңдар. Сөз жоқ, Алла Ғафур, Рахим (кешірімі, мейірімі және нығметі мол)» (Мүззәмміл, 73/20).

Хазірет Омар және түнгі намаз

Әсләм әңгімелейді: «Хазірет Омар түнде шамасы жеткенше тәһәжжуд намазын оқитын. Сосын түн жарымынан ауғанда, отбасын намазға оятатын. Әсіресе, мына аятты жиі оқитын: «Отбасыңды және үмбетіңді намаз оқуға үнде, өзің де намазыңды тастама. Біз сенен ризық сұрамаймыз, керісінше, сенің ризығың біздің қолымызда. Ақыреттің игілігі – тақуалықта» (Таһа, 20/132).

Ибн Омар және түнгі намаз

Нафи әңгімелейді: «Ибн Омар түнді намазбен өткізетін, сосын: «Нафи, таң намазының уақыты кірді ме?» – деп сұрайтын. Мен: «Жоқ, әлі уақыт кірген жоқ», – деген соң, ол намазды оқуын жалғастыратын. Біраз уақыттан кейін: «Нафи, намаздың уақыты болды ма?» – деп сұрайтын. Мен: «Иә»,– дегенде, әбден таң атып, жарық түскенше отырып, дұға етіп, Алладан кешірім сұрайтын».

Әбу Ғалиб (р.а.) әңгімелейді: «Ибн Омар Меккеге келгенде біздің үйге түсті. Түнде тұрып, тәһәжжуд намазын оқитын. Бір түні таңға жуық: «Уа, Әбу Ғалиб, тұрып намаз оқымайсың ба? Ең болмаса Құранның үштен бірін оқыр едің!» – деді. Мен: «Таң атып қалды, аз уақытта Құранның үштен бірін қалай оқып үлгеремін», – дедім. Ол: «Ықылас» сүресі Құранның үштен біріне тең ғой», – деді».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: