22
Жұма,
Қараша

һижри

Намаздағы тағдил аркан және хушуғ

Намаздағы тағдил аркан және хушуғ

Намаз

Бұхаридің хадис жинағында орын алған бір хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Менің қалай намаз оқығаныма қарап, сендер де солай оқыңдар» деген.

Әзірет Айша айтады: «Намаз уақыты кірген кезде Алла елшісі бізді, біз оны танымай қалатын едік. Ол намазды бастаған кезде жерге лақтырылған киім сияқты болатын».

Алла елшісінің намаз оқуы, оқу түрі біздің заманымызға дейін тәуәтур жолымен жеткен. Мұны ғұламалар бірауыздан құптаған. Алайда егжей-тегжейлі детальдер тұрғысында мәзһабтар арасында жорамалдаулар мен түрлі риуаяттардан пайда болған әртүрлі өзгешеліктер бар. Мысалы, дәреттің мұстахабтары мен қолдың байлану түрлеріне қатысты өзгешелік бар. Алайда намаздың рүкіндері саналатын қиям, рүкуғ, сәжде және хушуғ мәселесінде ғалымдар арасында ешбір пікір қайшылығы жоқ.

Әрине, біз, қарапайым пенделер, кемелдіктің шыңындағы Алла елшісінің (с.а.с.) намазы сияқты намаз оқи алмаймыз, дегенмен иман дәрежелеріне қарай Алла елшісіне жақындауға болады. Оның да екі шарты бар. Біріншісі – тағдил арканмен намаз оқу, яғни сүннетке сай намаз оқу, екіншісі – намазды хушуғпен (шын бейілмен, мойынсұна отырып) оқу.

Енді осы екеуіне кеңірек тоқталатын боламыз.

«Тағдил» сөзі «тұрғызу, түзету, дұрыстау» деген мағынаны білдіреді. «Аркан» сөзі «рүкіннің» көпше түрі ретінде қиям, рүкуғ және сәжде секілді намаздың негіздерін білдіреді. «Тағдил аркан» болса, намаздың ішіндегі қиям, рүкуғ, сәжде секілді рүкіндердің орын-орнымен, тиісінше орындалуы. Басқаша айтқанда, тағдил аркан намаздағы рүкіндердің асықпай орны-орнымен орындалуы әрі дене мүшелерінде жайлылық (итминан) сезілгенге дейін жалғасуы. Тағдил аркан жайында итидал (орташа қимыл), итминан (көңілдің жайлануы) және тұманина (қанағаттану) секілді ұғымдар да қолданылады. Тағдил арканның орындалуында қиям, рүкуғ, сәжде және отырыс сияқты әрекеттерде бір сәт қимылсыз тұру шарт. Қиямнан рүкуғқа еңкейгенде, бір сәт қимылсыз күту керек. Рүкуғтан тұрғанда тік түзелген кейіпте бір сәт тұру қажет. Сәждеде және екі сәжде арасындағы отырыста да бір сәт қимылсыз болу керек. Тағдил арканның үкімі Құран кәрімде елуден астам аятта «иқама» етістігінің түрлі формаларымен бірге айтылған. Бұған қоса, көптеген аятта «Намазды иқама етіңдер!» деп бұйырылған. «Иқама ету» болса намазды толыққанды орындау, мұқият түрде кәміл атқару деген сөз. Намазды дұрыстап оқу (иқама) мәселесінде Құранның әмірлері мен баса назар аудартуларынан бөлек, жоғарыда өткен хадис шәріп секілді көптеген риуаяттардан үкім шығарған ғалымдар тағдил арканды уәжіпке не парызға жатқызған. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) намазды әдісі мен әдебіне сай оқымаған кісіге қайтадан оқу керектігін ескерткен. Ханафи мәзһабы бойынша тағдил аркан – уәжіп. Өйткені Имам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед уәжіп екендігіне үкім берген. Ал Имам Әбу Юсуф болса «тағдил арканның» уәжіптен гөрі парыз екендігін алға тартқан. Шафиғи, Малики және Ханбали мәзһабында тағдил аркан – парыз. Олар тағдил арканды намаздың бір рүкіні немесе рүкіннің бір шарты деп есептейді. Ханафиларда тағдил аркан ұмытумен не қателесіп ескерілмеген болса, намаздың соңында сәһу сәждесін жасау қажет. Егер сәһу сәждесі жасалмаса, намазды қайта оқу керек. Ал тағдил арканға әдейі көңіл бөлмеген болса, намазды қайта оқу керектігі туындайды. Шафиғи, Малики және Ханбали мәзһабы бойынша, тағдил арканға көңіл бөлінбесе, намаз жарамсыз саналып, тағдил арканмен қайта оқылады. Тағдил арканның өлшемі намаздың рүкіндерінде және рүкіндер арасында, жоқ дегенде, «субханалла» дейтіндей мөлшерде тұру – уәжіп. Осы себепті тағдил арканның ең төменгі өлшемі – «субханалла» дейтіндей мөлшерде дене мүшелерінің қимылсыз тұруы. Бұл мөлшер уақыт жағынан бірнеше секунд деген сөз. Намазда әсіресе рүкуғтан тұрған кезде және екі сәжде арасында бір сәт қимылсыз тұруға аса мұқият болу керек. Бұның мөлшері ең аз дегенде бір рет субханалла дейтіндей уақыт. Өйткені осы екі рүкін көбіне тез орындалып, тағдилге көңіл бөлінбестен жылдам өте шығуда. Осы себепті намаз нұқсан не бұрыс орындалуда. Әсіресе 

қазіргі уақытта тағдил арканды сақтамау көп кездесетіндіктен, оған аса көңіл бөлу қажет. Неге десеңіз, кейбіреулердің намазға тұра сала рүкуғқа еңкеюі, рүкуғты толық атқармастан сәждеге бас қоюы, екі сәжде арасында толық отырмай екінші сәждеге баруы тым шапшаң болуда. Анығында қиям, қирағат, рүкуғ, сәжде, отырыс және осылардың арасындағы рүкіндерде тағдил арканды сақтау шарт. Кері жағдайда намаз өзінің әдісі мен әдебіне сай болмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тауықтың тез-тез шоқып жем жегені секілді намаз оқуға тыйым салған. Бұған қоса, мынадай ескерту де жасаған: «Рүкуғ пен сәжделерді толықтырыңдар!», «Рүкуғ пен сәжделеріңді әдемілеп жасаңдар!», «Сендерден біріңнің рүкуғ, сәжделерден тұрғанда, белін толық түзелтпейінше намазы жеткіліксіз болады».

Осы себепті оқылған намаздар босқа кетпеуі үшін рүкіндердің тағдил (орташа, баяу) және тыныштықта (сукунет) орындалуы қажет.

Хушуғ дегеніміз – намазда қимыл, қозғалыссыз, жанарын төмен түсіріп, өз дәрменсіздігін мойындап, аса құрметпен, басқа нәрсені ойламай тек қана Алланы ойлау.

Кейбір ғалымдар, «хушуғ» сөзін қорқыныш, сақтық сияқты жүрекпен жасалатын амал десе, кейбіреулері, қимылдамау, жан-жаққа бұрылмау деген мағынадағы дене мүшелерімен жасалатын амал деп көрсеткен. Ең дұрысы, «хушуғ» негізі жүректе қалыптасып, денеде көрініс береді. Хушуғтың:

Жүрекке тиесілі жағы: Ұлы Алланың алдында өз дәрменсіздігін мойындап, аса ізетпен, басқа ойлардын бойын аулақ ұстап, жүрекің өте терең тағзым сезіміне бөленуі.

Денеге тиесілі жағы: Осы сезімнің нәтижесінде денеде тыныштықтың пайда болуы, көз жанары сәжде жасалатын орынға қарап, жақсы сезімнің нәтижесінде денеде тыныштықтың пайда болуы, көз жанары сәжде жасалатын орынға қарап, жан-жаққа бұрылмауы.

Яғни хушуғ жүрек пен миды Алла жайлы ойдан басқа ойлардан арылтып, Алланың разылығын алу жолында тер төгу. Құлдың Алла Тағалаға бөлген уақытты басқа нәрсеге 

қолданбауы. Жүректе қалыптасқан Алла қорқынышының жүрекке әсер етуі.

Кісі намазда қолдарын жоғары көтеріп, дүниемен қош айтысып ақыретке бет бұру арқылы ұлық әлемге көтеріледі. Жүрегімен, рухымен және сырларымен Аллаға бет бұрады. Оқыған және мағынасын түсінген Алланың кәламы Құранмен өзін Алланың алдында тұрғанын елестетіп, рух миғражын бастан өткереді. Бұл миғраждың алғашқы мәртебесі – өзінің құл екенін әрі құлшылық-ғибадат етілетін, барлық нәрсеге құдіреті жететін жалғыз Құдайдың барын түйсініп, сезіну.

Намаздағы хушуғ – күннің немесе әңгімелесіп отырған бір достың жылуы және оның адамға тыныштық беріп, жанын жадыратар ауанын сезіну сияқты.

«Мүміндер сөзсіз (азап атаулыдан құтылып) мақсат-мұратына, нағыз жетістікке жетті. Олар – намазда (құдіреті күшті Аллаға) шын бейілімен мойынсұнып, барынша кішіпейілділік танытатындар» («Муминун» сүресі, 1, 2-аят). Бұл аяттан «Намаздарын шын бейілмен мойынсұнып оқымағандар құтыла алмайды» деген мағынаны да шығаруға болады.

Әбу Дәуіт пен Нәсаиде риуаят етілген хадисте Алла елшісі намазды хушуғпен оқудың маңыздылығын былай білдірген: «Адамдар бар, намазын оқып бітірген кезде намаз сауабының тек оннан бірі жазылады. Кейбіреулеріне тоғыздан бірі, сегізден бірі, жетіден бірі, алтыдан бірі, бестен бірі, төрттен бірі, үштен бірі не болмаса жартысы жазылады».

Әзірет Али де: «Ой жүгіртпей оқыған намазда жақсылық жоқ» деген.

Бірде Хасан Басри бір адамның намаз оқып тұрғанда ұсақ тастармен ойнағанын көреді, бұдан кейін қолдарын көтеріп: «Я, Алла! Мені жаннатың хор қыздарына үйлендір» деп дұға еткенін естиді. Сонда Хасан Басри әлгі кісіге: «Жақсы айттырушы емессің! Өзің жаннаттың хор қыздарын сұрап  тұрсың, бірақ тастармен ойнап оларды мәһір ретінде ұсынып тұрғаның қалай?» – деген екен.

Халаф ибн Әйюбтан: «Шыбындар сені мазаламай ма? Неге оларды қолыңмен жасқамайсың?» – деп сұрағанда, ол: «Намазымды бұзатын нәрселерге жол бергім келмейді», – деп жауап қайтарады. «Сонда оларға қалай шыдайсың?» – дегенде, «Патшаның алдында жазалы болып, дүре соқтырған адамдар сабауына шыдап, дыбыс шығармайды. Тіпті бұл жазасын мақтаныш тұтады екен. Олай болса, мен Раббымның құзырында тұрғанда, болмашы ғана шыбынның ызыңын елемегенді дұрыс деп білемін?» – деп жауап берген екен.

материал «Құпияға толы намаз» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: