22
Жұма,
Қараша

һижри

Азан естіген мұсылманға төмендегі істерді істеуі сүннет

Азан естіген мұсылманға төмендегі істерді істеуі сүннет

Намаз

Азан естіген мұсылманға төмендегі істерді істеуі сүннет:

1. Азан сөздерін қайталау. Еттеккір мен нифас күйдегі әйел затын айтпағанда дәретсіз не бойдәретсіз кісінің азан сөздерін қайталауына рұқсат етіледі. Сол секілді жаназа уағызын тыңдап тұрған кісілерге, төсек қатынасындағы ерлізайыптыларға, әжетханадағы кісіге, тәлім үйретуші мен үйренушеге бұл уақытта азан сөздерін қайталамағаны жөн. Ал жалғыз өзі Құран оқып отырған кісіге азан сөздерін қайталауы қажет.

2. Кітап оқып немесе зікір айтып отырса, оны тоқтата тұруы, сөйлемеуі, басқа іспен шұғылданбауы сүннет. Сондай-ақ жүріп келе жатқан кісіге, әрине, егер шұғыл болмаса, тоқтап қайталуы мустахаб.

3. Хаййа алал-фалаах пен хаййа алас-соола сөздерін естіген сәтте Лә хаула уа лә қууатә деп айту.

4. Реттік тәртіпке ілесіп қайталау. Әбу Саиид әл-Хұдри (Алла оған разы болсын): Алла елшісі: «Азан естігендеріңде азаншының айтқанын сендер де айтыңдар!», – деді деген.

5. Азан сөздерін қайталаған соң Пайғамбарымызға салауат және сәлем тілеу. Сосын азанның арнайы дұғасын айту. Абдулла ибн `Амру ибн ал-`Аас (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Азаншыны естігенде оның айтқанын сендер де айтыңдар. Сосын маған салауат тілеңдер. Расында, кім маған бір мәрте салауат тілесе, сол үшін Алла да оған он мәрте салауат тілейді. Кейін маған Алла Тағаладан «әл-Уәсилә» сұраңдар. Расында, ол – жәннаттағы дәреже. Ол Алланың құлдары ішіндегі бір ғана құлға тиесілі және сол құл мен боларымды үміт етемін. Кім маған Алладан «әл-Уәсилә» сұраса, оған шапағат нәсіп болады», – деп айтқанын жеткізген.

Жабир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: Кім азан естігенде: «Аллам! Ей, осы кәміл азан мен атқарылмақ намаздың Раббысы! Мұхаммедке әл-Уәсиләны және артықшылық мәртебесін сыйлашы. Оны Өзің уәде еткен мақтаулы орында тірілте гөр», – десе, оған менің шапағатым нәсіп болады», – дегенін риуаят еткен.

6. Азан мен қаматтың арасында дұға жасау. Өйткені бұл уақытта жасалған дұға жауапсыз қалмайды. Анас ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткенриуаятта Алла елшісі: «Біліңдер! Расында, азан мен қамат арасындағы дұға жауапсыз қалмайды. Дұға тілеңдер!», – деп айтты деген. Тағы бір хадисте Абдулла ибн Амру (Алла оғанразы болсын): Бір кісі Пайғамбарға: «Ей, Алланың елшісі, азаншылардың артықшылығыбізден асып түсуде», – деді. Алла елшісі: «Азаншылардың айтқанын сен деп айт! Айтып болғаныңда Алладан сұра, сұрағаның беріледі», – деді деп айтқан.

Әбу Са`иид әл-Хұдри (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: «Кім азан естігенде: «Серігі жоқ жалғыз Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне мен де куәлік етемін. Раббым ретінде Аллаға, дін ретінде Исламға және елші ретінде Мұаммедке ризамын», – десе, оған жәннат уәжіп болады», – деп айтқанын жеткізген. Ал Сад ибн Әби Уаққастан жеткен риуаятта: «...күнәсы кешіріледі», – деп айтылған.

7. Намазға келіп отырған жамағат қаматтағы хаййа алал-фалаах сөзін естігенде және имам түрегелген сәтте орындарынан көтеріледі.

материал «Фиқһ іліміне кіріспе» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: