29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз соңынан жамағатпен дұға жасау мәселесі

Намаз соңынан жамағатпен дұға жасау мәселесі

Намаз

Кейбір мұсылман бауырларымыздың арасында көбінесе жастар арасында «анауың бидғат», «мынауың бидғат» деп, намазға енді ғана жығылып жүрген адамдардың көкейіне күмән салып, түрлі ойға батырып жүргендердің де арамызда табылып жатқаны аз емес.

Алайда «анау бидғат», «мынау мынадай» деп, бір-бірімізбен  таласып тартысып жүрген мәселелерге осыдан талай жылдар бұрын мүжтаһид ғалымдар мұндай даулы мәселелерге арнайы кітапшалар (рисалә) жазып, жауаптарын беріп, нүктесін қойып кеткен. Дегенмен, тек өзінің білгенін ғана дұрыс деп, басқаларды жоққа шығаратын бауырларымыз көбейіп кетті.

Қандай мәселеде болмасын, әсіресе діни мәселелер жайында көзің толық жетпей тұрып бір нәрсе турасында нақты үкім беру өте қиын, бұдан сақ болған жөн. Өйткені мұның артында үлкен жауапкершілік бар. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Білмейтін нәрсеңнің соңына түспе! Шынында құлақ, көз және жүрек осылардың барлығы одан сұралады», - («Исра» сүресі, 36-аят) деп бұйырады. Сондықтан да, әркім өз орнын, дәрежесін жақсы білгені дұрыс. (хадисші) ғалымдардан саналатын Шайх Мұхаммад Һашим әт-Тәтауий әс-Синдий, Шайх Ахмад бин ас-Сиддиқ әл-Ғумарий әл-Мағрибий, Шайх Мұхаммад бин Абдур-Рахман әл-Әһдәл әл-Яманий.

«Қазіргі кездегі араб және өзге елдерде мешіт имамдары мен жамағат сәлем бергеннен кейін топ болып, яғни имамның дұға қылуы мен жамағаттың әмин-әмин деп айтуына келер болсақ, бұлар Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінде болмаған нәрселер. Сондай-ақ, бұл жайында ешқандай хадис те риуаят етілмеген. Тек, «жақсы іс» болып, есептеліп кеткен бидғат, басқа ешнәрсе емес», - деп айтқан бауырлаға.

Шейх Абдул-Хаққтың айтпақ ойы, «Негізінде намаздан кейін дұға қылу бидғат болса, оның айтқандарында ешқандай негіз жоқ. Өйткені парыз намаздан кейін дұға қылудың сүннет екендігі жайында көптеген хадис риуаят етілген. Шейх Абдул-Хаққ «Намаздан кейін қолдарды көтеріп, жамағат әмин-әмин деген сөздерді айтып, яғни дәл осындай түрде дұға қылу бидғат десе, бұл сөздің де ешқандай негізі жоқ. Себебі, дұға қылғанда қолдарды көтеру сүннет амал. Дұғаның соңынан бетті сипау да солай. Дұғаны естіп тұрған кісілердің әмин деп айтулары да сүннет амалдардан есептеледі. Муәккәд болмаса да, мұстахаб сүннеттер.

Ал енді дұға қылғанда екі қолды көтерудің және бетті сипаудың сүннет екендігіне келер болсақ, бұлар хадиспен дәлелденген.

Әбу Дәуіт риуаят еткен мына бір хадисте былай делінген: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға қылғанда екі қолын көтеретін, кейін екі қолымен бетін сипайтын»(Китабус-Салат, Дұға 2/103).

Имам Тирмизи жеткізген бір хадисте хазрет Омар (радиаллаһу анһу) былай деген: «Алланың елшісі дұға қылғанда қолдарын көтеретін және беттерін сипамайынша қолдарын түсірмейтін»(Китабуд-Дағауат 5/131-132).

Ибн Мажә хазрет ибн Аббастан (радиаллаһу анһума) риуаят еткен хадисте былай делінеді: «Ибн Аббас: «Алланың елшісі былай деді: «Дұғаны аяқтағаныңда екі қолыңмен бетіңді сипа!»(Китабуд-Дұға, Рафъул-Ядайн 2/1272).

Имамға ұйыған жамағаттың әмин деп айтуларының сүннет амал екендігі де хадистермен дәлелденген.

Әл-Жазарий «әл-Хыйснуль-Хасыйн» атты кітабында былай дейді: «Дұғаны естіген кісінің әмин деп айтуы дұғаның әдептері. Сондай-ақ, дұғаны аяқтағанда бетті сипау да дұғаның әрі дұға қылушының әдептеріне жатады. Бұл жайында Тирмизи, Әбу Дәуіт, ибн Мажә риуаят еткен.

Мұса пайғамбар (аләйһиссәләм) Алла Тағалаға дұға қылғанда Һарун (аләйһиссәләм) әмин деп қосылып тұрған. Құранда да айтылғандай Алла Тағала ол екеуінің (аләйһимәссәләм) дұғасын қабыл алған: «Алла Тағала ол екеуіне былай деді. Шынында екеуіңнің дұғаларың қабыл болды» («Юнус» сүресі, 89-аят). Ибн Кәсирдің тәпсірі мен Суютидің «әд-Дурруль-Мәнсүр» атты тәпсірінде сахаба Әбу Һурайра және ибн Аббас риуаят еткен.

«Жамағатпен дұға қылудың мәшрүъ (сүннетке сай) екендігін дәлелдейтін хадис риуаят етілген. Ол Хакимнің «Мүстадрәк» атты хадис жинағында Хубайб бин Мәсләмә әл-Фиһриден жеткен хадис. Хаким бұл хадиске «Мүслимнің шарттары бойынша сахих» деген. Хубайб бин Мәсләмә әл-Фиһри былай дейді: «Мен Алланың елшісінің былай дегенін естідім: «Мұсылман бір қауым бір жерге жиналып, бірі дұға қылып, келесісі әмин десе, Алла тағала олардың дұғаларын қабыл алады». Бұл хадисті Имам Табарани да «әл-Муъжамуль-Кабир» атты кітабында риуаят еткен.

«Сахих Бұхариді» шарх еткен мұхаддис ғалым ибн Хажар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазды бітіргеннен соң сахабаларына қарай бұрылып дұға қылғандығы жайында риуаят бар екендігін айтуда. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолын жайып дұға қылып жатқанда сахабаларды құр қарап отырды деу әбестік болар. Сондай-ақ, ибн Хажар ибн Қайюмнан нақыл ете отырып «Намаздан кейін жүзді құбыладан жамағатқа қарай бұрғаннан соң немесе хадис боп жеткен (мәсүр) зікірлерді және Пайғамбарға салауат айтып артынан дұға қылу мұстахаб деген (Ибн Хажар).

Бұлармен қоса Алла Тағаланы топ болып зікір етудің (Алланы еске алу) артықшылығы жайында хадистер риуаят етілген. Мысалы, Алла Тағаланы еске алушыларды кезіп жүретін арнайы періштелер бар және сол періштелер зікір етушілерді қанаттарымен қоршап тұратындығы, Алла тағала періштелерге «Куә болыңдар! Мен олардың күнәларын кешірдім» деген мағынада жеткен хадистер жетерлік (Риядус-салихин ІІ, 141). Ислам шариғатында зікір сөзінің мағынасы өте ауқымды.

Оның аясына намаз оқу, Құран оқу, тасбих тарту, дұға жасау сынды Алланы дәріптеу мақсатында жасалатын кез-келген ізгі амалдар кіреді. Олай болса, намаздан кейін жамағат болып тасбих тарту, Құран оқу, оны тыңдау және Алла Тағалаға дұға жасау барлығы зікір болып табылады. Хадистерде жамағат болып орындауға шақырған осындай амалдарға қалайша бидғат деуге ауыз барады?!

 Жасұлан Абуталіп, 

«Ырыскелді қажы» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: