27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

«Намазды күн сайын оқи бергеннен жалығып кетпейміз бе?»

«Намазды күн сайын оқи бергеннен жалығып кетпейміз бе?»

Намаз

Кейде нәпсіміз бізге намаздың күн сайын оқылуын ауыр көрсетуі мүмкін. Ойланып көрейікші, күн сайын тамақ жейміз, су ішеміз, ұйықтаймыз. Бұдан жалықтым деген пендені көрдіңіз бе? Әрине, жоқ.

Өйткені біз тәндік қажеттіліктерімізді өтейміз. Ал, рух қажеттілігін қайтіп өтейміз? Демек намаз да қажет. Тіпті адамға ең бірінші керегі осы намаз. Өйткені біз ерте ме, кеш пе бұл өмірдің түгесілетін нәрселерінен гөрі, ақыреттегі мәңгі қажеттіліктердің одан да қымбаттырақ екенін жақсы білеміз. Денеміздің азығы уақытша, рухымыздың азығы мәңгілік, дүние азығы уақытша, ақырет азығы мәңгілік екені бесенеден белгілі.

Мысалы, біздің ауруымызды білген дәрігер «Мына дәріні күн сайын бес рет қабылдауың керек» деп талап қойса, әрі бұл дәрілердің біз үшін өте маңызды екенін қайта-қайта шегелеп айтса, одан бас тарту мүмкін бе? Олай болса, жан саулығының дәрісі, рухани аштықтың қорегін білген Аллаһ тағала да бізге күніне бес уақыт намазды парыз қылып, Құранның 70-тен астам жерінде бұны шегелеп тапсырған.

Намаздың ақыреттік пайдасын былай қойғанда, осы дүниедегі пайдасы да шаш-етектен. Жан-дүниедегі күйзеліс пен опа бермейтін ашудан, әр түрлі жанды жегідей жейтін аурудан құтқаруы, ауызбен айтып жеткізе алмайтын намаздың ерекше қасиеттерінің бірі ғана.

Психология мамандары мықты наным-сеніммен қоса дұға арқылы адамның уайым, күйзеліс, үрейленуден арылуға болатынын анықтаған. Ал бұл үшеуі (уайым, күйзеліс, үрейлену) денсаулыққа зор зиян туғызып қана қоймай, адамның қалыпты жүріп-тұруына, қоғамда өзіндік қызмет атқаруына түрлі кедергілер туғызуы бек мүмкін.

Дэйл Карнеги «Ренішті таста, қалай өмір сүру керектігін ойла» атты кітабында реніш пен көңілдегі кірбіңді жуып-шаюдың бір жолын «Бүгін жарты сағатымды тынығуға арнаймын. Сол уақытта жаратушы Алла жайлы ойламақпын» деп осы шындықты меңзеген1.

Ендеше, намаз адамды жалықтырады деу де ойсыз айтылған пікір.

1  С.Сених. Құлшылық құпиясы. 2005. 7 б.

материал «Намаз - діннің діңгегі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: