21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Рамазан айы оразасының артықшылығы туралы 30 хадис

Рамазан айы оразасының артықшылығы туралы 30 хадис

Ораза

1.«Ораза мен Құран қиямет күні құлға шапағат етеді» (Ахмед б.Ханбәл,Мүснәд, ІІ, 174).

2.«Ораза – сабырдың жартысы» (Термези, Дәауәт,86).

3.«Ауыз ашарды асығып, сәресіні кешіктіріп істеңдер» (Табәрани,Мұғжемүл-Кәбир, 25,163).

4.«Рамазан айы кіргенде жәннат есіктері ашылады. Жәһаннам есіктері жабылады. Шайтандар да шынжырмен байланып қамалады» (Бұхари; Мүслим).

5.«Аса Құдіретті және Ұлы Алла: Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал, ораза ондай емес! (Өйткені мен жемеймін, ішпеймін және бүкіл адамдық сипаттардан пәкпін). Сондықтан оразаның сауабын ерекше түрде көп қылып мен беремін», – дейді (Құдси хадис. Бұхари,Саум,2,9; Мүслим, Сыям,30.).

6.«Егер адам шынайы иманмен және сауабына жету мақсатымен Рамазан оразасын ұстап, тарауих намазын оқыса, шешесінен туған күндегідей күнәсіз болады» (Ахмед бин Ханбәл; Нәсәи).

7.«Мүмин өлгенде намаз бас жағында, садақа оң жағында, ал ораза сол жағында болады» (Зәкәрия Қандәһлеуи, Фәдәилү Ағмәл, 267-263).

8.«Кімде-кім ораза ұстаған біреуге ауыз аштырса(ораза ұстаған кісінің сауабы кемітілмей), оның сауабын алады» (Тирмизи).

9.«Ораза ұстаңдар, (денелік және рухани) денсаулықтарың жақсы болады» (Табәрани, Әбу Нұайм, Әбу Һүрайрадан риуаят еткен).

10.«Ораза ұстау тек ішіп-жеу мен сондай нәрселерден бас тарту емес. Кәміл және сауабы бар ораза пайдасыз сөзден, уақытты босқа өткіузден, өсек-аяң айтудан және нәпсі әммараның (нәпсі дәрежесінің ең төменгісі, тек жамандықты қалайтын нәпсі) бүкіл бейімділіктерінен аулақ болғанда ғана болады. Егер біреуден сөгіс естісең немесе саған надандықпен бір әрекет жасалса өзіңе-өзің: «Сөзсіз, мен оразамын!» деп сабыр ет!» (Хаким; Бәйхаки).

11.«Ораза ұстаған кісіге екі қуаныш бар: 1. Ауыз ашқанда қуанады. 2. Раббысына қауышқанда оразасының берекетімен жеткен ұлы дәрежесін көргенде қуанады» (Бұхари, Саум, 9).

12.«Кімде-кім ораза ұстаған күйінде қайтыс болса, Жәннатқа кіреді» (Әл-Баззар. «Сахих әл-жәми’» 6224).

13. «Кімде-кім рамазан айында Алланың сый-сауабына деген иманмен және үмітпен ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» (әл-Бухари 38, Муслим 760).

14. «Барша ораза тұтқанда ораза тұтыңдар және барша ауыз ашқанда ауыз ашыңдар, әрі құрбан шалуды да барша орындайтын кезде орындаңдар» (Әт-Тирмизи 697, Ибн Мәжаһ 1660).

15.  «Көзбояушылықпен (рия жасап) ораза ұстаған адам ширк (көпқұдайшылық) жасады» (Ахмад 4/126 Хадис хасан)

16. «Ұмытшақтықпен жеп не ішіп қойған адамның оразасы бұзылмайды, өйткені, расында, оны тамақтандырып, сусындатқан – Алла»  (Әл- Бухари 1933, Муслим 2/171).

17. «Егер құсық еріксіз шыққан болса, онда оразаны өтеу міндетті емес. Ал егер ол әдейі шығарылса, онда оразаның қазасын өтеу керек» (Ахмад 2/498, Әбу Дауд 2380).

18. «Таң атпастан бұрын тамақтаныңдар, өйткені суһурда (сәресінде) береке бар!» (әл-Бухари 1923, Муслим 1095).

19. «Адамдар ауызашарларына асыққандарынша дін ашық (айқын) болады, өйткені яһудилер мен христиандар оны кейінге қалдырады (кешіктіреді)»  (Әбу Дауд, ән-Нәсаи, әл-Хаким. Хадис хасан. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 7689)

20. «Сендерден біреу ауыз ашатын болса, құрмамен ауызын ашсын, ал егер ол құрма таппаса, онда сумен ифтар жасасын, өйткені, расында, ол тазартады»  (Әбу Дауд 2355, әт-Тирмизи 658, Ибн Мәжаһ 1699.)

21. «Рамазан айының түндерін Алланың сыйына иман келтіріп және үміт етіп, намаз оқумен өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі» (әл-Бухари 37, Муслим 759)

22. «Алла өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамның жеп-ішуін қойғанына мұқтаж емес» (әл-Бухари 1903).

23. «Ораза – бұл жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ақиқатында, ораза – бос  сөздер мен жаман сөздерден тыйылу!»  (Ибн Хузайма, Ибн Хиббан, әл-Хаким. Хадис сахих. Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб” 1082).

24. «Шын мәнінде, ораза – бұл аманат (сеніп тапсырылған нәрсе). Ендеше, әркім оған сеніп тапсырылған нәрсені сақтасын!» (Әл-Хараити “Мәкәримул- ахләқ”. Хафиз әл-‘Ирақи хадистің иснадын хасан деген. Қараңыз: “Тахриж әл-Ихья” 1/354).

25. «Ораза тұтушының ауызынан шығатын иіс Алла үшін мисктің (әтірдің) хош иісінен де жағымдырақ!» (Муслим).

26. «Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдында жасаған дұғасы қайтарылмайды»  (Ибн Мәжаһ 1753, әл-Хаким 1/422. Хафиз Ибн Хәжар, әл-Бусайри және Ахмад Шакир хадистің сенімділігін растаған)

27. «Шөл басылды, тамырлар нәрге толды, Алла қаласа, сауап та бізді күтіп тұр» (Әбу Дауд 2357, әл-Бәйһақи 4/239).

28. «Расында, Жәннәтта «Әр-Райяан» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза ұстағандар кіреді. «Ораза ұстағандар қайда?», - делінеді. Олар орындарынан тұрады. Олардан басқа ол қақпа арқылы ешкім кірмейді. Олар кіріп болған соң ол қақпа жабылады да, одан кейін ол арқылы ешкім кірмейді» (Бұхари, Муслим).

29. «Біздің оразамыз бен кітап иелері оразасының арасындағы айырмашылық – сәресі ішу», - деген (Муслим).

30. Умму Умара әл-Ансария (оған Алла разы болсын) былай деді: «Бірде маған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кіргенде, оған ас ұсындым. Ол кісі: «Сен де ал (же) », - деді. Мен: «Оразамын», - дедім. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, періштелер ораза ұстаушының үйінде басқалар тамақ жегенде, олар тамақ жеп болғанша немесе тойынғанша ораза ұстаушыға игілік тілейді» (Тирмизи).

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: