Дәрет алғаннан кейін ауыз қуысында қалған аз мөлшердегі судың дымқылдығы оразаға кедергі болмайды.
Бұған байланысты имам Кәсәни: «Ауызды шайғаннан кейін қалған судың ылғалдығын түкірікпен қоса жұтса немесе ауызда жиналған түкірікті жұтса, ораза бұзылмайды» («Бәдәйғ әс-санайығ», 2/600), - деген.
Ибн Абидин былай дейді: «Ауызды сумен шайған уақытта қалған ылғалдылық оразаны бұзбайды. Өйткені одан сақтану мүмкін емес. Сілекей сумен араласқаны үшін ауызды шайғаннан кейін түкіру керек. Бірақ онымен су толық шыға қоймайды. Сол үшін суды толық шығарғанша түкіріп тастау шарт емес. Өйткені одан кейін де ауыз қуысында ылғалдылық қалады, одан сақтану мүмкін емес.
«әл-Бәззәзия» кітабындағы: «Ауызды шайғаннан кейін қалған суды түкірікпен қос жұтса, ораза бұзылмайды. Себебі ауызда қалған ылғалдылықтан сақтана алмайсың» деген сөзді жоғарыда айтылғандай түсіну қажет»
Сонымен қатар адамның көз жасы ораза ұстаушының ауыз қуысына бір-екі тамшы секілді аз мөлшерде кірсе, ораза бұзылмайды. Егер көп мөлшерде кіріп тұздық дәмі ауыз қуысының барлық жерінде табылып жұтатын болса, оразасы бұзылады.
материал «Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан алынды,
ummet.kz