Алдымен денеге немесе киімге жағылған қандай түрдегі спирт болса да, оның дәретті бұзбайтынын білген жөн. Дәрет денеден шығатын нәжістерге байланысты бұзылады.
Әйтсе де, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің бір хадисінде: «Шындығында, харам да, халал да анық. Олардан басқа, (адал-арамдығы) белгісіз күмәнді мәселелер де бар. Адамдардың көбі олардың харам не халал екенін біле бермейді. Ал күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстағанның діні мен ары таза болмақ», – дейді. Ендеше, мүмкіндік болса, құрамында спирті жоқ иіссуларды себуге тырысу қажет. Қазіргі таңда мұндай спиртсіз иіссулар қолжетімді, кез келген діни заттар дүкенінен табуға болады.
Ал құрамында спирті бар иіссуларды қолдануға келер болсақ, оны кейбір ғалымдар «дұрыс емес» дейді. Олар «Спирт те мас қылатын ішімдіктер тәрізді нәжіске жатады. Сондықтан құрамында спирті барпарфюмерия немесе косметика сияқты заттарды қолдану намазға кедергі келтіреді» деген уәжді алға тартады.
Әйтсе де, ондай иіссуларды себінуге рұқсат дейтін ғалымдар да жоқ емес. Олар нәжісті екіге бөліп қарастырады. Біріншісі – қан, зәр іспетті киімге немесе денеге тисе, намазға кедергісі бар табиғи нәжіс. Екіншісі – пұт, темекі сияқты денеге тисе намазға кедергісі жоқ рухани нәжіс. Олар «Спиртті ішу – харам, дегенмен денеге немесе киімге тисе, намазға кедергісі жоқ, яғни рухани нәжіс санатынан» дегенді айтады. Яғни, спиртті әтірге араластыруға, медициналық т.б. мақсатта қолдануға болады. Намазға ешқандай кедергісі жоқ. Ал оны жүзім шарабына теңеп, табиғи нәжіс деу күмәнді. Өйткені «Мәида» сүресіндегі арақты «нәжіс» деген аяттың мағынасын «жек көрінішті әрекет» деп түсінуге де болады. Алайда бұл – «спиртті ішуге болады деген сөз емес» деген тоқтамға келген.
Бұл тұжырымды Ханафи мәзһабындағы ғалымдар да құптайды. Өйткені Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің сөзіне қарағанда: үлкен дәрет, зәр, қан сияқты нәжістер қатарына тек Құранда аты аталған жүзімнен жасалған шарапты ғана жатқызамыз. Ал бұдан өзге мас қылатын ішімдіктерді ішуге тыйым салынғанымен, денеге немесе киімге тиіп кетсе, намазға кедергісі жоқ». Спирт Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша «нәжіс» емес, спирттің әтірге қосылып, киімге себілуі намазға ешқандай кедергі тудырмайды. Дегенмен, басқа мәзһабтар бойынша, олар нәжіске жататындықтан, құрамында спирті бар одеколон, дезодорант, духи сияқты иіссулардың тиген жерін жуып намаз оқығандар сақтанған болады.
материал «Әйелдерге арналған ғылымхал» кітабынан алынды,
ummet.kz