26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құранның бұрынғы кітаптардан басты ерекшелігі

Құранның бұрынғы кітаптардан басты ерекшелігі

Ислам тарихы

Құран адамзаттың сан ғасырлар бойы санасы дамып, кемелдік деңгейге жеткен сәтте түскен. Ол осыдан он бес ғасыр бұрын түссе де, қазір де, қияметке дейін де адамзаттың барлық мәселелерін шешуге жетіп артылады.

Құранда Алла Тағала: «Болашақта дәлелдерімізді ғаламзат және өз жаратылыстарында көрсетеміз. Сол кезде олар оның (Құранның) ақиқат екендігіне анық көздері жетеді», – дейді. Яғни, келешекте адамзаттың күллі болмысы мен Құран арасындағы тылсым байланысты түгел зерттеп, ақыр соңында Құранның Ұлы Жаратушының кітабы екендігіне нағыз ақыл иелерінің көздері жетеді.Құранның бұрынғы кітаптардан тағы бір ерекшелігі – алғашқы түскен парақтар мен барлық кітаптардың мазмұнын қамтуында.

Құранның түсуі аса қажет еді. Адамзат – жеті қат алып сарайдың аса қадірлі қонағы. Бүкіл әлем тек адамға арналып жаратылған. Адамзат дүниеге Ұлы Жаратушының жарлығын орындап, ғаламат сарайын тамашалай жүріп, Оған ғибадат етіп, хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.): «Адамның жақсысы – адамға пайдалысы»дегеніндей, ізгілік жасап, халыққа пайдасын тигізіп, кейінгі ұрпаққа өшпестей жақсы із қалдырып, жасаған жақсылығының қарымтасына алдағы ақырет әлемінен мәңгілік бақыт мекенін сатып алуға келген. Егер ақырет әлемі мен ондағы мәңгілік өмір болмаса, бұл өмір мен жаратылыстың ешбір мән-мағынасы қалмас еді. Адам баласы бұ дүниеге текке келіп, құр қол кеткен болар еді. Алайда әлемнің жаратылыс мақсаты – Адам. Әлем – алып ағаш, адам соның жемісі мен мәнісі. Адамның жемісі мен мәнісі – мәңгілік бақытты ғұмыр кешу. Ендеше, ақырет болмаса, бұл ғұмыр босқа жаратылды деген мағына шықпай ма?! Адамзатты бұл фәниге қастерлеп әкелген Ұлы Жаратушының онымен тілдеспеуі, сынақ әлеміне нендей мақсатпен шақырғанынан хабар бермеуі мүмкін емес. Сөзсіз, елшісі арқылы хабар беруі тиіс еді.

Сол хабардың ақырғысы осы Құран. Егер Құран болмаса бұл ғұмырға неге келгенін ұға алмай, сахарада сағым қуған жанға ұқсар еді. Бұдан бұрынғы түскен кітаптар түгелдей адам қолымен бұрмаланғандықтан, Ұлы Жаратушыдан толық мәлімет ала алмай санасы сарсаңға түсері хақ. Әрі бұрынғы кітаптар сол заманның санасынан аса алмаған еді.

материал «Мәңгі мұғжиза» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: