Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ерекше жәдігерлердің бірі – алып тайқазан. Біз бұл қазанның аңызын алыстан естідік. Санкт-Петербургке барып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы Эрмитажда тұрып, үлкен қиындықпен Түркістанға қайтқан тайқазан туралы естімеу мүмкін бе?!
Әмір Темір заманына тиесілі бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда Түркістан қаласының батысындағы Қарнақ елдімекенінде сирек кездесетін мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір секілді жеті түрлі асыл металдан ирандық шебер Әбдуләзиз Шарафаддин Тебризи жасаған. Қазақ энциклопедиясының дерегінше, қазанның салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3000 литр, биіктігі – 1,60 м, диаметрі – 2,42 м. Тұғырының биіктігі – 0,54 м, диаметрі – 0,607 м. Тайқазанның сыртқы 5 бөлігінің өрнектерінде де мән бар. Бірінші қатарда қазанды айнала Құран аяттарынан үзінділер, Пайғамбар хадисі жазылған. Екінші қатарға шебер өз аты-жөнімен қатар куфи жазу үлгісінде парсы тілінде тілек қалдырған. Үшінші қатарға Құдайдың құдіреті жайлы ескерту 22 рет қайталанып жазылса, төртінші, бесінші қатарларға қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері бедерленген.
1935 жылы бұл алып тайқазанды Санкт-Петербургтегі Иран өнері мен археологиясы бойынша ІІІ халықаралық конгресіне алдырып, кейін қазан Эрмитажда қалып қояды. Ұзақ уақыт бойы оны жоқтаған да ешкім болмайды. Әлемде теңдесі жоқ ерекше жәдігер тек 1989 жылы қыркүйектің 18-інде ғана тарихи Отанына қайтарылды. Тайқазанның Ясауи кесенесіне қайта орнығуына себеп болған сол кездері мемлекет басшылығында жүрген қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков еді. Хат жазу, ресми құжаттарды рәсімдеу секілді істердің басы-қасында өзі жүрді, елге әкелінуіне дейін қадағалады. Тайқазанды еліміздің құт-берекесінің символына балайтын қазақ үшін бұл өте қуанышты жағдай еді.
материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,
ummet.kz