01
Сенбі,
Маусым

һижри

Жақсы және жаман мінез ақиқаты

Жақсы және жаман мінез ақиқаты

Ислам тарихы

Сен біліп алғайсың! Адамдар көркем мінездің ақиқаты мен мәні хақында көп айтқандарымен, оның негізін ашпады. Олар көркем мінездің жемісі жайында баяндады, бірақ оны зейінінде қалғанын айтып қана шектелді. Көркем мінездің шынайы шеңберін қамти алмады, әрі оның жемістері жайындағы әңгімені тамамдай алмады. Мысалы, Хасан әл-Басридің: «Көркем мінез – жылы жүзді болу, кеңпейілділік таныту және жәбір көрсетуден сақтану», – деп айтқаны сияқты. Әл-Уасити болса: «Көркем мінез – бір-бірімен жауласпау. Алланы таныған пенде ешқашан дұшпандыққа бармас болар», – деген.

Шаһ Кирманий бұл хақында: «Көркем мінез – басқаға жәбір көрсетпеу және машақатқа төзе білу», – деп айтқан.

Басқаларының пікірінше: «Көркем мінез – адамдарға жақын болу, олар жасаған жамандықтан алшақ тұру», – деген.

Әл-Уасити жақсы мінез жайындағы келесі сөзінде: «Көркем мінез – қуанышта да, азалы күнде де халықты риза ету», – деп айтқан.

Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: харамнан аулақ болу, халалды талап қылу және отбасына кеңпейілді болу», – деп айтқан.

Хусайн ибн Мансур: «Көркем мінез – ақиқатты білгеніңнен кейін мінезіңде қаталдықтың бомауы», – деген.

Әбу Сағид әл-Харраз: «Алла тағаладан басқа уайымы болмаған пендені, көркем мінезді адам деуге болады», –дейді.

Сондықтан да біз былай демекпіз: «Хульқ» (мінез) және «хальқ» (жаратылыс, болмыс) сөздері бірге қолданыла береді. Мысалы, «Пәленшенің мінезі және болмысы көркем», – деп айтылды делік. Бұл сөйлемнен пәленшенің ішкі дүниесі һәм сыртқы болмысы көркем екені білінеді. Олай болса, «болмыс» сөзі адамның сыртқы бейнесін көрсетсе, «мінез» оның ішкі дүниесін білдіреді.

Себебі адам, көзбен көрінетін тәннен (денеден) және ақылмен пайымдалатын рух (нәпсіден) құралған. Бұлардың әрбірінің өзіне тән пішіні мен бейнесі бар. Оның бейнесі көркем болуы мүмкін немесе жаман болуы ықтимал. Ақылмен танылатын жанның қадірі, көзбен көрінетін тәннен жоғары тұрады. Сондықтан Алла тағала: «Сол уақытта Раббың періштелерге: Мен балшықтан бір адам жаратамын деген. Қашан оны жасап, оған рухымнан үрлеген сәтте, оған сәждеге жығылыңдар (делінді)», – деген (Сод: 71-72).

Аятта дененің топырақтан жасалғанына, ал жанның әлемдердің Раббысынан келгеніне дәлел бар. Мұндағы рух пен нәпсі деген сөздердің мақсаты бір. Мінез, нәпсіге мықтап орныққан бір қалып (күй) тәріздес. Барлық әрекеттер ешбір машақатсыз, ой елегінен өтпей-ақ, осыдан іске асады. Егер ақылға салғанды және шариғат бойынша көркем, мақтаулы саналатын әрекеттер осы қалыптан (күйден) іске асып жатса, онда бұл қылық (күй) «көркем мінезді» деп аталады. Ал енді одан теріс пиғылды әрекеттер шығып жатса, ол күй «жаман мінездің» қайнар көзі болғаны.

Біз мінездің тұрақты орныққан қалып (күй) екенін айттық. Мұны былай түсіндіруге болады. Мысалы, қажеттілік туып, мал-мүлкін жұмсаған адамды біз жомарт дей алмаймыз. Себебі бұл жомарттық сипаты оның мінезінде тұрақты орнықпаған. Сондықтан ол малды өз ықтиярыменемес, солай істеуге мәжбүр басқа шарасы қалмағандықтан жаратты. Адам малын қиналып сарп қылса немесе ашуы келгенде өзін қиналып тежесе, онда бұл адамның мінезінде сақилық пен жұмсақтық пайда болды дегенді білдірмейді. Себебі ол мейірімді болуы үшін оның мұндай әрекеттерді еш қиындықсыз, жеңіл орындауы тиіс.

Мінез хақында толық ой қалыптасу үшін төрт жайтты ескеру керек: біріншісі, жақсы немесе жаман әрекет жасау; екіншісі, жақсы немесе жаман әрекетті іске асыру шамасы; үшіншісі, жақсы және жаман мінезден хабардар болу, яғни білу; төртіншісі, нәпсінің үнемі жақсылыққа немесе жамандыққа жақын болуы, яғни жақсылықты немесе жамандықты жеңіл орындауы.

Мінез – іс-әрекет емес. Мысалы, малының таусылуынан қорқып немесе басқа да себептерге байланысты байлығын сарп қылмайтын, бірақ сақи деп танылған қанша адам бар. Сол сияқты байлығын мақсатсыз ысырап ететін немесе малын басқаларға жақсы көріну үшін ғана шашатын сараң адам қанша.

Мінез – күш емес. Себебі егер күшті жомарттықпен һәм сараңдықпен байланыстырсақ, онда екі қарама-қарсылықты бір нәрседе қосқан боламыз. Адам қайырымдылық жасау мен сараңдық таныту күштеріне ие болу табиғаты бойынша жаратылған. Сол үшін бұл күш адамға не сараңдық, не жомарттық мінезді міндеттемейді.

Көркем мінезді адамдар Аллаға жақын періштелердің жанында тұрады. Оларға еліктеу және артынан жүріп жақындау қажет. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім»,–деген. Алла тағала мүминдерді сипаттап, олардың мінезі жайында: «Шын мәнінде сондай Алла елшісіне иман келтірген мүміндер, сосын күдіктенбей Алла жолына малдары әрі жандарымен соғысты. Міне солар шыншылдар»(Хужрат: 15).

Алла мен Оның елшісіне күмәнсіз иман келтіру – иақин (анық сену) күші және ақылдың жемісі. Алланың жолында ақыл және мал-дүниемен күресу дегеніміз – жомарттылық. Ал жомарттылық құмарлық қасиетін өзіне бағындырады, оны уысында ұстайтын күш.

Жоғарыдағы аятта айтылған «...малдары әрі жандарымен соғысты» сөзі батырлықты білдіреді. Егер ашу күшін ақыл шеңберінде әрі орта деңгейде пайдаланатын болса, онда бұл күш батырлық күшіне айналады. Алла тағала: «Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі. Онымен бірге болғандар, имансыздарға қатаңдау, өзара тым мейірімді», – деп сахабаларды сипаттайды (Фатх: 29).

Аят қандай жерде қатаң әрі ашулы, қандай орында рақымды болуды көрсетіп отыр. Демек, қандай жағдайда ашулы, қандай кезде мейірімді болу деген – кемелдіктің белгісі емес.

Міне, бұл айтылған мінез-құлықтың мағынасы, оның көркем және жаман қасиеттері, негіздері мен жемістері. Олардың тармақтары туралы сөз – осы.

материал «Жан тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: