28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Алла Тағаланың толық мейіріміне бөленетін пенделер

Алла Тағаланың толық мейіріміне бөленетін пенделер

Ислам тарихы

Бірінші: Қияметте адамдарды үрей билегенде, еш қорқыныш сезбейтін адамдар

Олар – Аллаға иман келтіріп, Оған қалтқысыз бойсұнған, осылай Алла тағалаға жақын болған адамдар. Оларды періштелер күтіп алып сүйіншілейді. Олар жайлы Алла тағала: «Күдіксіз, өздеріне Бізден игілік жазылғандар, солар тозақтан аулақ болады. Олар тозақтың дыбысын да естімейді. Сондай- ақ олар жәннаттағы көңілдері қалаған нәрселерде мәңгі қалады. Оларды қорқыныштың ең зоры уайымдатпайды да оларды періштелер: «Міне, бұл – сендерге уәде етілген күн!» – деп қарсы алады», – деген.

Екінші: Алланың көлеңкесін саялайтындар

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Алла Өзінің саясынан басқа көлеңке болмайтын күні жеті (адамды) Өз саясында көлеңкелетеді. (Олар): әділетті басшы, Раббысының ғибадатында өскен жас жігіт, жүрегі мешітке байланған кісі, Алла үшін бір-бірін жақсы көріп, сол үшін бас қосып, сол үшін айырылған екі кісі, мансапты, сұлу бір әйел (зина жасауға) шақырғанда «Мен Алладан қорқамын» деген кісі, садақа беріп, оны сол қолы оң қолының жұмсағанын білмейтіндей дәрежеде жасырған кісі және оңашада Алланы еске алып көз жасын төккен жан», – деген.

Үшінші: Мұсылман бауырларына көмектескендер

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім бір мүмінді бұл дүниенің қайғы- қасіретінен айықтырса, Алла оны Қиямет күнінің қайғы- қасіреттерінен айықтырады. Кімде-кім (қаржыдан) қиналып тұрған біреудің жағдайын жеңілдетсе, Алла дүние және Ақыретте оның (жағдайын) жеңілдетеді. Кімде-кім бір мұсылманның (айыбын) жасырса, Алла дүние және Ақыретте оның (айыбын) жасырады. Пенде бауырының жәрдемінде қаншалықты болса, Алла ол пенденің жәрдемінде соншалықты болады», – деген.

Төртінші: Қаражаттан қиналғандарға жәрдемдесетіндер

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бір кісі адамдарға қарыз беретін еді және қызметкеріне: «Жағдайы нашар біреуге барсаң, оны (қарызынан) кеш. Мүмкін, Алла бізді кешер», – дейтін. Сөйтіп, ол Алла тағалаға жолыққанда (Алла) оны кешті», – деген.

Бесінші: Әділ билік жүргізетіндер

Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Алланың алдында үкімдерінде, отбасына және өзіне қарастыларға әділдік қылған әділеттілер Ұлы Рахманның оң жағында, Оның екі қолы да оң, нұрдан болған мінберлерде (отырады)», – деген.

Алтыншы: Шәһидтер

Қиямет күні адамдар қорқынышқа түскенде, шәһидтер үрейленбейді.

Әл-Миқдад ибн Мағдикарб (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Шәһид (болып өлгеннің) Алла алдында алты қасиеті бар: оған әуелгі сәтте-ақ (яғни қаны төгілген сәтте-ақ) кешірім жасалады, жаннаттағы орны көрсетіледі, қабір азабынан қорғалады, ұлы үрейден аман қалады және басына құрмет тәжі кигізіледі. Ол (тәждің) әрбір жақұты дүние мен ондағы нәрселерден артық. Сондай-ақ хор қыздарынан жетпіс екі әйелге үйлендіріледі және өзінің отбасынан жетпіс кісіге шапағат ету құқы беріледі», – деген.

Жетінші: Ашуларын жеңушілер

Алла тағала Құранда ашуларын жеңушілерді жәннатқа кіретін тақуалардың қатарында сипаттап: «Раббыларыңның кешіріміне және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар. Олар – кеңшілікте, таршылықта Алла жолында малын сарп қылғандар. Сондай-ақ олар – ашуларын жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер...», – деген.

Муғаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім іске асыруға шамасы келе тұра, ашуын жеңсе, Қиямет күні Аллаһ оны барша халайықтың алдында қалаған хор қызын таңдап алуға шақырады», – деп айтқан.

Сегізінші: Құл азат ететіндер

Алла тағала: «Сонда ол кедергіні асуға тырыспады. Кедергінің не екенін қайдан білесің? Ол – құл азат ету», – деген.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім бір мұсылман құлды азат етсе, Алла (құлдың) әр мүшесі үшін оның бір мүшесін тозақтан азат етеді...», – деген.

Тоғызыншы: Азаншылар

Муғауия ибн Әбу Суфиян (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Азаншылар – Қиямет күні мойындары ең ұзын адамдар», – дейді.

Оныншы: Исламда шаштары ағарғандар (қартайғандар).

Кағб ибн Мурра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім Исламда шашы ағарса, ол оған Қиямет күні нұр болады», – деп айтқан.

Келесі бір хадисте: «Кімде-кім Алла жолында шашы ағарса, ол оған Қиямет күні нұр болады», – деген.

Он бірінші: Дәрет алушылар

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Расында, үмбетім Қиямет күні дәрет алғандарының әсерінен «ғұрран-мухажжалин» деп шақырылады», – деген.

«Ғұрр» деген – аттың маңдайындағы қасқасы, «мухажжал» – аттың аяғындағы ақ шашасы. Яғни дәретке, намазға көңіл бөлген мұсылмандардың Қиямет күні жүздері, қол-аяқтары нұр болып жарқырайды.

материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: