21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

«Бір тектен таралу және көбею» жайлы аяттың тәпсірі

«Бір тектен таралу және көбею» жайлы аяттың тәпсірі

Ислам тарихы

Алла Тағала: «Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар» («Ниса» сүресі, 1-аят) – деген.

Даралық Аллаға тән! Жалғыздық – құдіреті күшті Алла Тағалаға ғана тән қасиет. Сол себепті, Алла Тағала әу баста Адам атамызды топырақтан жаратқан соң жалғызсырамасын, өмірдің ашы-тұшысын бірге көрсін, ұрпақ көріп өсіп-өнсін, жер бетінде халифалық міндетін толық атқарсын деп өз түрінен (Адам болмысының бір бөлшегі) Хауа анамызды жаратқан. Бұл турасында қасиетті Құранда: «Көңілі жылып, жаны жай тапсын деп жұбайын (Хауа ананы) жаратқан ол (Алла)» («Ағраф» сүресі, 189-аят) деп ерлі-зайыпты болу, жұп болып өмір сүру ата-бабамыз Адам ата мен Хауа анамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі қағида екенін Құранға үңілген әркімнің аңғарары шындық. Адам ғана емес, бүкіл жаратылыстың аталық-аналық болып өмір сүретінін Құранның басқа бір аятынан да байқаймыз: «Жерден өніп-өсетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қып жаратқан Алла қандай пәк» («Ясин» сүресі, 36-аят). Ал, Құран он төрт ғасыр бұрын айтып кеткен бұл шындық,бүгінгі таңда ғылыми тұрғыдан дәлелденіп жатыр. Үйлену – атам заманнан бері жалғасып келе жатқан ата-баба жолы, жаратылыстың заңы. Әрбір ата-ана ер жеткен ұлы мен қызының тілеуін тілеп, ақ некелерін қиюға асығып жатады. Тіпті, кейбір ата-ана бесіктегі балаларын жақыннан білетін иманды, парасатты адамдардың балаларына атастырып қояды. Онысы балам текті жердің қызын алсын немесе текті жердің баласына барсын деген ізгі тілегі болар. Ал ес біліп, етек жиған қыз, жігіттердің де өздеріне лайық жар іздей бастауының өзіндік терең сыры бары анық. Ол да – жалғыздық Жаратушы Хаққа ғана тән қасиет екендігін, Алланың даралығын мойындауды ұқтырса керек. Тегіміз Адам атадан тарап бірден-он, оннан-жүз, жүзден-мың, миллион, тіпті, әр ғасырда миллиярдтаған адам дүниеге келіп, дүниеден өтуі кездейсоқ құбылыс емес. Мұнда ойланған адам үшін Алланың жалғыздығын, тумаған, туылмағандығын және құдіретінің шексіз екендігін растайтын тайға таңба басқандай дәлелдер бар. Қасиетті Құранда: «Оларға) айт: Ол Алла жалғыз! Алла – Самад (ешкімге және еш нәрсеге мұқтаж емес, керісінше, күллі жаратылыс Оған мұқтаж)!Ол тумаған да, туылмаған! Оның ешбір теңдесі де жоқ!» («Ықылас» сүресі, 1-4 аят) делінген.

Үйленудің үкімдік орны

Ислам шариғаты, адамдардың жаратылыс табиғаты әртүрлілігін, яғни, біреудің физикалық қуаты күшті болса, енді біреудікі әлсіздігін ескере отырып, әркімнің үйленуге болған мұқтаждығы негізінде үкім шығарады. Ханафи мәзһабында жастардың бас құрау мәселесін мынандай бірнеше сатыға бөліп қарастыруға болады. Парыз болған үйлену: Үйленбесе зина жасап қоятын адам. Бұл – үйленуге хал-жағдайы келетін, отбасын асырай алатын, нәпсісін ораза ұстап тежеуге шамасы келмейтін кісінің жағдайы. Мұндай адамға бас құрауы – парыз болады. Өйткені, үйленбеген жағдайда харам істерге барып, өзіне де, қоғамға да зиянын тигізу ыхтималы басым. Уәжіп болған үйлену: Зина жасап қою қаупі бар адам. Бұл – үйленуге халжағдайы келетін, отбасын асырай алатын, нәпсісін ораза ұстап тежей алатын кісінің жағдайы. Ондай адамға бас құрауы – уәжіп болады. Сүннет болған үйлену: Зина жасап қою қаупі болмаған, бірақ үйленуге қызығатын кісіге бас құрауы – сүннет болады. Харам немесе макруһ болған үйлену: Үйленген соң отбасын харам табыс көзімен асырау, әйеліне зұлымдық көрсету сынды күнәлі іске баратын болса, ондай адамға үйлену – харам немесе макруһ болады [32, 2/483-484 бб.]. Яғни, некеленудегі басты мақсат шәһуат қалауын қандыру емес, керісінше, екі жарты қосылып бір бүтін болу, имандылық аясында өмір сүріп кемел қоғам қалыптастыру. Міне, бұл үкімдердің аясына балиғат (кәмелет) жасына толған қыз-жігіттердің барлығы кіреді.

«Неке» ұғымын қалай түсініп жүрміз?

Ислам шариғатында некенің дұрыс болуының өзіндік шарттары бар. Соларға қысқаша тоқталар болсақ, әуелгісі, екі жастың өз еріктерімен келісімдерін берулері. Яғни, екі жастың бір-бірін ұнатуы, өз қалауларымен неке қидырып жатқандарын білулері әрі соған бірі «Жар етіп алдым» десе, екіншісі «Жары болып тидім» деген разылық лебіздерін көпшіліктің алдында ашық білдірулері. Әр екі жақ шарасыздықтан қосылуға мақұлдық беріп отырған болмауы керек. Бұл мәжбурлі некеге жатады. Мысалы, «Сен негедін жолындағы азаматқа некеге шығуға қарсысың? Сені нәпсің жібермей тұр-ғой» деген сынды сөздермен бопсалап мәжбурлеу; бай-ауқатты азаматтар жағдайытөмен отбасындағы жас қыздарға дүниесін бұлдау арқылы түрлі жолдармен өзіне көндіру, т.б. Міне, осы сияқты мәжбүрліктің әрқандай түрі болмауы керек. Яғни, зорлау, мәжбүрлеу болған неке дұрыс емес. Әрі баянсыз болуына әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі болып табылады. Екіншісі,ақ неке кезінде екі куәгердің болуы тиіс. Екі ер адам немесе бір ер, екі әйел адам. Олар екі әлемде де куәгер болатын жандар. Яғни, бұл дүниедеқыз бен жігіт арасында қандай да бір келіспеушілік болып қалған жағдайда, оларға «Кеше серт берісіп, мәңгі бірге боламыз деген емес пе? едіңдер» деген сынды ақылия сөздерімен оларды жарастыра алатын адамдар болғаны дұрыс. Бұл куәгерлер екі жақтың ата-аналары болса, тіпті жақсы. Олар бір-бірімен сөйлесіп, білісіп, балаларына ризалықтарын білдірсе, ажырасу ісі де көп бола бермейді. Ал, қияметте сол қыз бен жігіттің ақ некелі жұптардан болғанына да Алла алдында куәлік етеді. Үшіншісі, мәһір – қыз бен жігіттің некелесу кезінде материалдық бір затқа келісуін білдіреді. Бұл өзара келісімге сай мәһірді неке кезінде де немесе кешіктіріп берсе де болады. Ханафи мәзһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері он дирһам болуы керек. Төртіншісі, уәдидің рұқсаты болуы керек. Бұл жастар арасында ажырасу ісінің көп болуына байланысты, некенің шарттарының біріне айналып отыр.

Әсілі, Әбу Ханифаның пікірі бойынша,балиғат жасына толған қыз өзінің қамқоршысының (әкесі немесе уәлилік өкілеті бар адам) рұқсатынсыз жігітін өзі таңдай алады. Ал Имам Мұхаммәдтің тұжырымы бойынша, қиылған неке қамқоршысының рұқсатына дейін өз күшіне енбейді. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қамқоршысының рұқсатынсыз қиылған неке – неке емес» деп, қамқоршының рұқсаты маңызды екенін өзінің хадистерінде айтқан [54]. Соңғы кездері үйленіп, ажырасу деген жастар арасында көбейіп кетті. Біріншісін қоя беріп, екіншісін алуда қиын емес. Әрине, мұның басты себебі некенің аталмыш шарттарын және мәнін түсінбеуден туындап отыр деуге болады. Өйткені, «ажырасу» деген ер мен әйелдің отбасылық өмірін одан ары жалғастыруы еш мүмкін болмаған жағдайда ғана қабылдайтын соңғы шешімі болып табылады. Яғни, ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс, түсініспеушілік күн сайын үдеуі себепті имандарына нұқсан келтіретіндей болса, онда имандарын сақтап қалу мақсатында өзара түсіністікпен, бірін-бірі кешіре отырып ажырасуларына дінде рұқсат берілген. Ажырасудың екінші бір себебі, бүгінде түрлі ағымдар, өз мүдделері үшін «азаматтық неке», «жыныстық жиһад» деген сынды жалған үкімдер шығарып, қасиетті неке ұғымын ойыншыққа айналдырып жүр. Мұндай некелер Ислам шариғатымен де, ата-баба дәстүрімізбен да үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ислам шариғатында некенің бір-ақ түрі бар. Ол – өмірлік неке, екі дүниелік жұп болу мақсатында көпке жәрия етіліп, қиылған неке. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Шариғатқа қайшы үйлену мен шариғатқа сай үйленудің ара жігін айыратын нәрсе – дабыл қағып, жария ету» (Тирмизи, Никах: 6.) деген.

Балаларымыз да, «Ақ некесі» қиылды деп, дүркіретіп той жасап, қарттардың батасын алып жатады. Онысы сол жастардың шаңырағы шайқалмасын, қосағымен қоса қартайсын деген ізгі тілектері, көптің алғысын алу екені баршаға мәлім болса керек.

Сүннетке сай жұп болудың мәні

Ақ неке қиып, үй болу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) сүннеті, үйленуге шамасы жеткендер үшін дініміздің әмірі. Бір хадис шәрифте: «Үйлену – менің сүннетім» [52, 1/295], – десе, басқа бір хадисте: «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні мақтанамын» (Ибн Мәжжа, 70 Никах, 1) деп, бойдақтарды үй болуға шақырған. Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) сахабаларын дүние-мүлікке беріліп кетуден сақтандырып отырған кезде, хазреті Омар (Алла ол кісіден разы болсын): «Сонда өмірде алуға не лайық?» – деп сұрайды. Алла елшісі (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Зікір айтатын тілі, шүкіршілік ететін ділі бар, ақырет үшін сендерге жәрдемші болатын салиқалы әйелге некеленіңдер» (Ибн Мәжжа, Никах, 5) – деп үлкендерге құрмет көрсетіп, ерін сыйлайтын, кішілерге мейіріммен қарайтын иманды, ибалы әйелдердің өмірде орны ерекше екенін атап өткенін көреміз.

Сүннет – дініміздің негізгі тірегінің бірі. Біз кейде сүннет ұғымын кішкене баланың шөметайының ұшын кесумен шектеп жатамыз. Иә, баланы сүннетке отырғызу да – сүннет. Бірақ сүннеттің толық мағынасы бүкіл болмысымыз Құранның әміріне сай, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) өнегесіне лайық өмір сүру мағынасында. Мысалы: Оң жағымызбен жату, тамақты оң қолымызбен жеу, үй болып шаңырақ көтеру т.б. Әрбір амалды сүннетке сай орындау Алланың мейіріміне бөлейтін, сауабы мол құлшылық болып табылады. Міне, осы тұрғыдан сүннетке сай отбасы болуды үш түрлі негізе бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, имани тәрбие көрген, артынан дұға ететін салихалы ұрпақ қалдыру. Салихалы баласының қылған құлшылығы, істеген сауапты істерінің сауабы әкешешесіне тірі кезіндегідей, өлгеннен кейін де үзілмей барып тұрады.

Әбу Һурайра (Алла одан разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Адам баласы дүниеден өткен соң амал дәптері жабылады. Бірақ, үш ісінің сауабы үзілмейді. Олар: садақа жәрия (сауапты іс), басқаларға жеткізген пайдалы білім, артынан дұға ететін салихал ұрпақ» (Мүслим, Уасия, 1631) деген. Ал ұрпағына имани тәрбие бермеген ата-ана, керісінше, күнә арқалап, қияметте ауыр сұрақ-жауапқа тартылады. Екіншісі, балиғат жасына толмай, сәби кезінде қайтыс болған бала. Бұл дүниеде ата-анасының мейірім құшағына қана алмаған бала, ақыретте қатты жылайды екен. Сонда Алла Тағала: «Періштелеріне бұл бала не үшін жылап жатыр?» – дейді. Баланы уата алмаған періштелер: «Әке-шешесі күнәкар еді. Ал бұл балалар болса, әке-шешесіне барғысы келеді» – дейді. Әділетті де, мейірімді Алла бейкүнә балаларды ата-анасымен бірге азаптамайтыны анық. Балалар болса, әке-шешесінің алдынан шығып, етегіне жабысатыны, Алла оларды жәннәтқа кіргізбейінше жібермейтіні жайлы риуаяттар келген [55, 3/2364 б.].

Соның бірі Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Алла балиғат жасына жетпей үш баласы шетінеген әр мұсылманды, балаларға болған мейірім, рахымымен жәннатқа кіргізеді» (Бухари, жаназа 6.) десе, басқа бір риуаятта:«Екі баласы шетінеген адам» – деген. Яғни, баласының өліміне сабыр еткен адам үшін бір баласы шетінесе де, Аллнаың қалауымен шапағатшы болады екен. Риуаяттарда келген «Әулад» сөзі ұл немесе қыз балағаортақ атау екендігін ескерер болсақ, кішкентай кезінде шетінеген қандайда бір баласына сабыр еткен ата-анасы үшін Алланың қалауымен шапағатшы болмақ.

Белгілі бір ауыру немесе қатты қимыл-әрекет жасау себепті, іштегі нәресте түсіп қалған жағдайда, түсікке ат қойса, қияметте Алланың қалауымен ол да шапағатшы болатыны туралы: «Түсік балаларға ат қойыңыздар. Өйткені, Алла ат қойылған баламен таразының сауап жағын ауырлатады. Болмаса ол бала қиямет күні келіп, былай дейді: «Уа, АллаТағалам! Бұлар маған ат қоймады. Мен арқылы алатын сауаптарынан құр алақан қалды – дейді» [55, 3/1075 б.] делінген. Ал кішкентай кезінде шетінеген баласы үшін Аллаға тіл тигізіп, сабырлық танытпаған ата-ана күнәкар болып, бұл кеңшілікке қауыша алмайтынын да білген жөн. Үшіншісі, бұл дүниеде бала нәсіп болмаған, бірақ баланың аманат екенін біліп сабыр еткен тақуалар үшін Алланың мол сыйы барын ұмытпау керек. Алланың қалауымен ол дүниеде баласы болып, сол баланың шапағатшы болатындығы жайлы Алла елшісі (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Бақшаның қасындағы ұзын адам Ибраһим (ғәлейс сәлам). Оның айналасында балалар болады. Бүкіл балалар мұсылман халде жан тапсырады», – дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Мүшіріктердің балалары ше?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Мүшіріктердің балалары да.....» (Бухари, бабур-руья, 7047.) деген.

Бұл хадисты кейбір ғұламалар, қиямет күні баласыздар баласыз, ата-анасыз балалар да ата-анасыз қалмайды деп жорамалдаған. Өмір бойы бір шаңырақтың астында сыйластықпен, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп, адал кәсіп еткендердің ақыретте суапсыз, нәтижесіз қалуы мүмкін емес. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) сүннетіне сай үй болудың сыры да сол болса керек. Дана халқымыз, ер жігіттің үш жұрты бар: «Өз жұрты, нағашы жұртыжәне қайын жұрты бар» деп, ел билейтін ер азаматтың өрісін кеңейтіп, халық бірлігін сақтауды мұрат етеді. Ал, қандайда бір екі ел арасында ұрыс-керіс, шешілмеген даулы мәселе бола қалса қыз берісіп, «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық»деу арқылы қыз бен жігіттің үй болуын береке-бірліктің ұйтқысы деп біледі. Яғни, діни талаптар мен атабаба дәстүріне лайық шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасы болудың мәні терең, мағыналы іс екендігін көреміз. 

материал «Үкім аяттарының тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: