16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Құранға деген құлшынысты қайдан табамын?

Құранға деген құлшынысты қайдан табамын?

Ислам тарихы

Құран Пайғамбарымызға (с.а.у.) 40 жасында түсе бастады. 23 жыл бойы 30 пара Құран Жабрайл а.с арқылы түсті. Құран жайлы толығырақ «Құран тағылымы» «Құран оқудың сауабы және әдептері» «Құран ілімдеріне кіріспе» кітаптарынан оқып біле аласыз.

Жалпы бұл тақырып Құранға деген махаббатты ашу мақсатында жазылды. Құранға деген махаббатты ашу үшін біз көбірек Құран жайлы ақпараттарды жинауымыз, білуіміз керек. Сол кезде біздің қызығушылығымыз артады. Қызығушылық артқан соң Құран жаттауға мотивацияңыз оянып, әрекет жасағымыз келіп тұрады. Сол себепті Құран жайлы көбірек мәлімет жинап, одан кейін кірісіңіз. Төмендегі берілген сұрақтардың жауабын іздеп көріңіз.

- Құран қашан түсе бастады?

- Қай сахаба кезінде Құран толық жиналды?

- Мусхаф дегеніміз не?

- Құран түскен кезінде харекетпен болған ба?

Тағы осы сияқты бірнеше сұрақтың жауабын іздеп көріңіз. Құран жайлы көптеген ақпараттар біліп қаласыз. Muftiyat.kz сайтында осы тақырыптарға байланысты мақалалар бар. Оқып көріңіз, біліміңізді арттыра беріңіз. Көбірек білген сайын қызығушылығыңыз арта береді.

Күнделікті 1 бет аудармасын оқыңыз

Қазақша мағынасы жазылған Құран Кәрімді күнделікті 1 бет оқып отырсаңыз, 604 күнде мағынасымен толық оқып шығасыз. Жоғарыда айтылғандай аз-аздан үздіксіз жасау арқылы істі соңына дейін жеткізе аласыз. 1,5 жыл көлемінде оқысаңызда сіз Құранды толық мағынасымен оқып шығасыз. Күнделікті намазда не оқып жатқаныңызды білесіз. Аяттардың мағынасын білесіз. Күнделікті 5-10 минут уақытыңыз кетуі мүмкін, бірақ сіз көп нәрсе ұтасыз.

Уағыз тыңдау

Қызығушылықты жоғалтпаудың тағы бір түрі – уағыз тыңдау. Күнделікті уағыз тыңдау арқылы рухани азығызымызды беріп отырамыз. Осы арқылы біз мотивациямызды жаңартып отырамыз. ҚМДБ рұқсат берген ұстаздарымыздың уағызын тыңдау арқылы иманыңызды жаңартып, Құранға деген қызығушылығыңызды арттыра беріңіз. Әсіресе тәпсірлерді тыңдасаңыз, Алла Тағала аятта не айтқысы келіп тұрғанын түсінесіз. Өзіңізге керек сұрақтың жауабын табасыз.

Мақсатты анықтап алған соң

Егер мақсатыңызды анықтамаған болсаңыз, алдымен мақсатыңызды анықтап алыңыз. Одан кейін әрекетке көшіңіз. Мақсат анықталған соң көз алдыңызға барлығы жеңіл болып көрінеді. Әрекет жасауда аса қатты қиын болмайды. Сол себепті бірінші мақсатты анықтап алу керек. Қай жерге баратыныңызды білу маңызды. Баратын жеріңізге немен баратыныңыз ары қарай өз еркіңізде. Яғни, бар күш-жігеріңізді салып, ұшақтың жылдамдығындай барсаңыз болады немесе асықпай аз-аздан үздіксіз (егер енді бастап жатқан болсаңыз, аз-аздан үздіксіз жасап отыру керек.Егер сізде әдет қалыптасқан болса, жаттау жеңіл келсе, бұрыннан жаттап жүрсеңіз, алды-артыңызға қарамай басу керек, тоқтамау керек).

Ниетті жаңарту

Адам баласы болған соң кейде фокусымыз шашырап жатады. Кейде ұмытып жатамыз. Табиғатымызда бар нәрсе ұмытып кету, ойымыздың шашырауы т.б. Бұл кезде не істеу керек? Алдын ниет тақырыбында ниетімізді жазған болатынбыз. Сол ниетті жаңартып отыру керек. Өте маңызды.

Орта

Ортаның маңыздылығы жайлы айтқан болатынбыз. Ортаңызда әрдайым Алланы еске алатын, зікір ететін орта болса, иманыңыз күшті болып жүреді. Отырыстарда, жиындарда Алланы еске алсаңыз, Құран жаттауға, оқуға деген шабыт сыйлайды. Мешіттерге көбірек барып, көбірек құлшылық жасаңыз. Алланы еске алатын ортада көбірек болуға тырысыңыз.

материал «Қарилыққа алғашқы қадам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: