Бюджеттің екінші қадамы табысты жұмсау жүйесі. Қаражат үш басты мақсатта жұмсалады: күнделікті қажеттілікке жұмсау. Қайырымдылық, соңғысы қор жинау.
Бұл үш жолдың өзіндік мөлшері бар. Отбасылық бюджетте ескерілуі тиіс. Соның бір үлгісі «80-10-10». Таза табыстың 10 пайызы қор ретінде жинақталғаны жөн. Жинақталған қаражат науқастану немесе жұмыссыздық сияқты күтпеген жағдайларға арналады. Сонымен қатар, қарызды өтеу үшін жұмсалады. Қала берсе, көлік яки болмаса үй сатып алу үшін жинақталатын қор.
Табыстың екінші он пайызы – қайырымдылыққа. Қайырымдылық – Хақ Тағаланың берген нығметіне деген шүкіршіліктің түрі. Барлық дінде қайырымдылық деген ұғым бар. Бақыт мал-дүниенің көптігінде емес. Бақыт біреуге көмек беру мүмкіндігі. Нағыз бақыт алуда емес, беруде. Жомарттық адам сенгісіз нәтижелерге жеткізеді. Жомарттық үшін бай-дәулетті болу шарт емес.
Ең бастысы, қолда бармен бөлісе білу. Шынайы ниет. Кеңпейілдік таныту. Сахабалар заманында Омар бин Убайдулла есімді жомарт жан болған екен. Халық арасында сақилығымен танылған еді. Күндердің күні бір баудың етегінде отырған бозбаланы байқап қалады. Қолында бір жапырақ наны бар. Маңайында айналшықтап ит жүр. Нанын үзіп өзі жеп, тағы бір түйірін итке лақтырып қояды. Омар мұны көріп таңданысын жасыра алмады. Балаға:
– Мынау сенің итің бе? – деді.
– Жоқ. – Олай болса, неге тамақтандырып отырсың?
– Ас ішіп отырғанымды біреу көргенде, онымен бұйырған нәсібімді бөліспеуден ұяламын, – дейді әлгі бала. Омар ерекше тәнті болды.
– Өзің кім боласың? – деп сұрайды. Сонда бала:
– Құлмын. Мына бау иелерінің басыбайлы құлымын, – деді. Омар үн-түнсіз тұрды да кетіп қалды. Біраздан соң, қайта келді де:
– Ей, бала! Сүйінші, бұдан былай сен Алла разылығы үшін азатсың. Ал мына бау енді сенің иелігіңде, – деді. Қатты қуанған бозбала:
– Ендеше, сіз куә болыңыз. Баудың жемісі қала кедейлеріне – садақа, – деді. Ең жомарт деген Омардың таңданысында шек болмады.
– Ғажап. Өзің мұқтаж және кедей бола тұра, түгелдей садақа еткенің қалай? – деді тамсана. Бозбала дән ризышылық кейіпте:
– Алла Тағала маған жомарттық көрсеткенде, сараңдық етіп қалудан ұяламын, – деген екен.
Қайырымды болу көптеген жақсылықтарға септігі тиеді. Мүмкіндігінше, әр айда қайырымдылық жасауды дағдыға айналдырған жөн. Әрине, ата-анасынан қайырымдылықты үйренбеген болса, садақа беру адамға біршама қиындық тудырады. Сондықтан, жұбымен отырып бұл жөнінде сөйлесіп, талқылауы қажет. Ой бөлісе келе, ортақ бір келісімге келуге болады.
Сөз соңында мынадай ғажайып хадиспен бөліскім келіп тұр: «Пенделер әр таң аттырған күні аспаннан екі періште жерге түсіп, бірі:
– Уа, Алла! Бергеннің дәулетін еселе, – десе екінші періште:
– Уа, Алла! Бермегеннің дәулетін шығын ет», – деп дұға етеді» (Бұхари, Муслим).
материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,
ummet.kz