13
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Халифалардың бір-біріне, әкімдерге айтқан өнегелері

Халифалардың бір-біріне, әкімдерге айтқан өнегелері

Ислам тарихы

Әбу Бәкірдің (р.а.) Омарға (р.а.) айтқан ұсыныстары

Мәлікұлдарынан әл-Әғар айтады: «Әбу Бәкір (р.а.) Омарды (р.а.) өзінің орнына қалдыруды ойлап, оны шақырып алып, былай дейді: «Менен кейін жауапкершілігі ауыр халифалық қызметті сенің өз мойныңа алғаныңды қалаймын. Ей, Омар, Алланың бұйрықтарына мойынсұнып, Одан қорқатын бол, өйткені тақуа адамға қауіп-қатер төнбейді. Халифалық қызмет оны атқара алатын, алып жүре алатын адамға ұсынылуы тиіс. Кімде-кім басқаларға ақиқатты айтып, өзі бұрыс жолмен кетсе, халыққа жақсылықты насихаттап, өзі жамандық істейтін болса, қысқасы, сөзі мен ісі бір жерден шықпаса, ол адам ұзаққа бармайды, сенімінен айырылады, жасағандарының барлығы зая болады. Мұсылмандарды басқаруды өз міндетіңе алып жатсаң, олардың обалына қалма, тіліңе ие бол, олардың намысына тиме. Құдірет Аллаһтың қолында».

Әбу Бәкірдің (р.а.) демі үзілер алдында айтқан өсиеті

Абдуррахман ибн Сабит айтады: «Әбу Бәкір (р.а.) қайтыс боларында Омарды (р.а.) шақырып, оған мынадай өсиет айтады: «Ей, Омар! Алладан қорық! Мынаны біл, Алла қалаған істің өз орны, өз уақыты бар, күндіз атқарылатын, бірақ түнде орындалғаны қабыл болмайтын істерін айтуға болады. Адам парыздарын толық орындамаса, нәпіл ғибадаттар қабылданбайды. Қиямет күні таразыда кейбір адамдардың сауабы ауыр тартса, бұл – оның дүниеде Аллаға басыбүтін мойынсұнғаны. Ақиқат салынған таразының ақыретте ауыр басатыны айқын. Қиямет күні таразыда кейбір адамдардың сауабының жеңіл болу себебі – олардың бұл дүниеде қате жолға түсуінен. Есептен қателік кетсе, таразының ертең жеңіл тартатыны белгілі. Алла Тағала жұмақтықтарды ескерерде оларды ең ізгі істерімен еске алады. Олардың жаман әрекеттеріне қарамайды. Мен жұмақтағылар туралы ойланғанда, «Оларға қосыла алмаймын ба?» деп қорқамын. Хақ тағала тозақтықтарды ең жаман істерімен еске алады, олардың жақсы әрекеттерін беттеріне ұруда. Олардың жағдайын ойлаған кезде, «Солардың қатарында кетіп қалмаймын ба, мен мұндар» деп жаным түршігіп, аза бойым қаза болады».

Риуаятшылар айтады: «Әбу Бәкір кейін Құран Кәрімнен көптеген рақымдылық және азап аяттарын оқиды да, былай дейді: «Ей, Омар! Мүмін құл үміт пен үрейдің арасында болуы керек. Алладан тек жақсылыққа бастайтын ізгілікті тілеуі керек, Алланың рақымынан үмітін үзбеуі тиіс. Әркім өзін қатерге итермелемеуі керек. Ей, Омар, егер өсиетімді берік

ұстанатын болсаң, өлімді қуана-қуана қарсы аласың. Ал, өсиетіме немқұрайды қарасаң, өлімнен асқан сұмдықты таппайсың. Ал өлімнен қашып құтылу мүмкін емес!» Әбу Бәкірдің Амр ибн әл-Асқа айтқан насихаты Абдуллаһ ибн Әбу Бәкір ибн Мұхаммед ибн Амр ибн Хазм айтады: «Әбу Бәкір (р.а.) Шам аймағына әскер аттандыру жөнінде шешім қабылдап, алғаш рет Амр ибн Ас басқарған жарақты қолды Палестинаның Әйле қаласына жібереді. Амрдың қарамағындағы сарбаздар саны үш мыңның ар жақ-бер жағында болды, араларында мұһажырлар мен ансарлардың қарасы мол. Әбу Бәкір мұсылман әскеріне ақ жол тілеп тұрып, Амрға мынадай насихат айтады: «Ей, Амр! Жасырын және жария жүзеге асыратын барлық ісіңде Алладан қорық, Одан ұялатын бол. Өйткені, барлық әрекетің оған аян. Ей, Амр! Мен сені сенен бұрын Исламға кірген, Ислам мен оны ұстанғандарға сенен гөрі пайдасы көбірек тиетін адамдардан артық көріп, саған сарбаздардың тағдырын сеніп тапсырдым. Сондықтан, сен ақырет үшін жұмыс істейтіндердің қатарында бол, не істесең де Алланың разылығын көзде, қарамағыңдағылардан әкелік қамқорлығыңды аяма, олардың жеке өміріне қол сұқпа, көргеніңмен шектел, шешім қабылдағанда тұрақты бол, қас жауыңмен кездескенде абдырама, ұстамды бол, қиянат жасағандарды дереу жазала. Адамдарды көп сөйлеп, өзіңнен бездіріп алма, қысқа да нұсқа сөйле. Өз нәпсіңді түзет, сонда халқың да бұйрықтарыңды екі етпей саған бағынатын болады!».

Әбу Бәкірдің (р.а.) Амр мен Уәлид ибн Уқбаға айтқан өсиеті

Касым ибн Мұхаммед айтады: «Әбу Бәкір (р.а.) Құдаа тайпасының зекеттерін жинауды Амр ибн Ас пен Уәлид ибн Уқбаға тапсырады. Олар жолға шығарда, Әбу Бәкір ұлағатты сөзін айтып, ақ жол тілейді. Кейін екеуіне мынадай хат жолдайды: «Құпия және ашық барлық істеріңде Алладан қорық. Алла тақуаларға азаптан құтылудың есіктерін барынша айқара ашады, оған ойына да кіріп-шықпаған ризықтар береді. Кім Алладан қорықса, Алла оның қателіктерін кешіреді, еселеп сыйға бөлейді. Алланың құлдарының бір-біріне тілейтіні тақуалық болып табылады. Сен Алланың даңғыл жолдарының біріндесің, сол себепті бас пайдаңды ойлама, босаңсыма, діни және дүниелік мәселелерде немқұрайлылық танытпа. Осы қызметтімойныңа алдың екен, ақырына дейін мықты бол».

Әбу Бәкірдің (р.а.) Шурахбил ибн Хасанаға айтқаны

Мұхаммед ибн Ибраһим ибн Харис әт-Тәйми айтады: «Әбу Бәкір (р.а.) Халид ибн Саидті (р.а.) қызметінен босатқан кезде, әскер қолбасшысы Шурахбил ибн Хасанаға былай дейді: «Халид ибн Саидті бағала, оның сенде белгілі бір құқы барын ұмытпа. Ол сенің қолбасшың болған жағдайда, одан не күтетініңді ойла да, соған орай әрекет жаса. Оның Исламдағы орнын білесің. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниеден озарда, Халид ибн Саид оның тағайындаған әкімі болатын. Мен де сол қызметке тағайындаған едім, бірақ кейін босатқанды жөн көрдім. Бәлкім, бұл ол үшін одан да қайырлы болар. Оған әскер қолбасшысын таңдауға ерік бергенімде, ол сені басқалардан, тіпті көкесінің баласы Йәзид ибн Әбу Суфияннан артық көрді. Сен біреудің кеңесін керек қылсаң, алдымен Әбу Убайда ибн Жәррахпен, сосын Муаз ибн Жәбәлмен, сосын Халид ибн Саидпен ақылдас. Олардың кәсіби әрі өмірлік тәжірбиесі мол. Олармен ақылдаспай өздігіңнен әрекет етпе, қандай жағдай болса да, олармен міндетті түрде ойыңды бөлісіп отыр».

Әбу Бәкірдің (р.а.) Йәзид ибн Әбу Суфиянға айтқандары

Харис ибн Фудайл айтады: «Әбу Бәкір (р.а.) Йәзид ибн Әбу Суфиянды қолбасшылыққа тағайындап, оған былай деді: «Ей, Йәзид, сен әлі жассың, жас болсаң да бас болып, өзіңді жақсы жағыңнан көрсетіп, іскерлік қабілетіңді таныттың. Бұл – сенің жеке басыңның қасиеті. Сені сынағым келді. Сені отбасы, ошақ қасынан жырақ, алысқа жіберу арқылы сенің қабілетіңді байқап көремін, қолбасшылықты өз деңгейінде алып жүре аласың ба, жоқ па, соны тексергім келеді. Егер жетістікке қол жеткізсең, саған бұдан да жауапты қызметтерді тапсырамын. Егер алып жүре алмасаң, сені дереу қызметіңнен босатамын. Халид ибн Саид басқарған әскер саған аманат. Әбу Убайда ибн Жәррахпен қатынасың жақсы болсын. Оның Исламдағы алатын орнын білесің. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әр үмбеттің бір сенімді адамы болады, бұл үмбетің сенімдісі – Әбу Убайда ибн Жәррах», – деген. Оның артықшылығы мен Исламдағы алатын орнын ешқашан ұмытпа. Муаз ибн Жәбәлді де құрметте, оның сөздеріне мән бер. Оның Расулалламен бірге барлық соғысқа қатысқанын білесің. Аллаһ расулының ол туралы: «Қиямет күні Муаз ибн Жәбәл ғұламалардан оқ бойы озық тұрады», – деген. Осы екеуімен ақылдаспай, ешқашан нақты шешім қабылдама. Олар сенен қолыңнан келген жақсылығын аямайды».

Әбу Бәкір ағалық ақыл-кеңесін айтқаннан кейін, Йәзид ибн Әбу Суфиян: «Ей, Алла расулының халифасы! Олар туралы маған айтқаныңдай, оларға да мен туралы айт», – дейді. Әбу Бәкір: «Әрине, міндетті түрде», – дейді. Йәзид: «Алла саған әрдайым рақымдылықпен қарасын, Исламға жасаған қызметтерің үшін сені сый– сияпатқа бөлесін», – дейді.

Йәзид ибн Әбу Суфиян (р.а.) басқа бір риуаятта былай айтады: «Әбу Бәкір (р.а.) мені Шамға аттандырып тұрып былай деді: «Қызметіңді пайдаланып, өз туыстарын жақын тарта ма деп, сен үшін алаңдаймын. Йәзид, сөзіме құлақ сал! Сенің жақындарың, туыстарың бар. Пайғамбарымыз «Мұсылмандардың қандайда бір ісін өз міндетіне алған адам біреуді қызметке тағайындап, заңсыздыққа жол беріп, оларға басшы етсе, оған Алламың лағынеті жаусын! Алла оның парыз және нәпіл ғибадаттарын қабыл етпейді, оны тозаққа тастайды. Кім бауырының малын басқа біреуге тартып алып берсе, оған да Алланың лағынеті жаусын!» – деген. Алла адамдарды өзіне иман келтіруге, осылайша өз қамқорлығына кіруге шақырған. Сондықтан, Алланың қамқорлығында болған адамға қиянат, заңсыздық жасаған адам міндетті түрде Алланың азабы мен қарғысына ұшырайды»

Омардың (р.а.) өзінен кейін келетін халифаға насихаты

Омар (р.а.) былай деген: «Менен кейін келетін халифаға алғашқы мұһажырлардың құқығын қорғауға, оларға құрмет көрсетуге кеңес берер едім. Мұһажырлардың һижреттен бұрын Мәдинаны мекендеген ансарларға жақсы қарауын, олардың жақсылықтарын асырып, жамандықтарын жасыруды өсиет етемін. Халифа басқа шаһар халықтарына да жақсы қараса екен деймін. Өйткені, олар – Исламның жәрдемшілері, қазынаның қолдаушылары. Олардан тек өз еркімен беретін, қажеттіліктерінен артылған мал ғана алынсын. Менен кейінгі халифаға бәдәуи арабтарға жақсы қарауды ұсынамын. Өйткені, олар – арабтың тамыры және Ислам шығып, өркендеген бүршік. Олардың дәулетті адамдары уақ малдарының белгілі бір бөлігін кедейлерге бөліп берсін. Халифаға Алла мен расулының қамқорлығына кіргендердің құқықтарын толығымен қорғауды, оларға шамасы жетпейтін жүк жүктемеуді ұсынамын».

Касым бин Мұхаммедтің риуаяты бойынша, Омар (р.а.) былай деген: «Менен кейін бұл қызметті өз міндетіне алатын адам алыс және жақын барлық адамның көңілінен шыға білуі тиіс. Халық арасында халифалыққа лайық адамның жағдайына қызықпаймын, оны басқарғаннан гөрі басымның шабылғанын қалар едім».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: