06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Кітап оқығанда сіз жіберетін 10 қателік

Кітап оқығанда сіз жіберетін 10 қателік

Ислам тарихы

Кітап оқымасам ештеңе жоғалтпаймын деп ойлайсыз.

Видеокурстар бар, кітап жайлы жалпы ақпарат ғаламторда өріп жүр, керегімді googleдан іздеп аламын деп ойлайсыз. Сөйтіп кітап жасырып жатқан қазынаны ала алмай қаласыз. Ал шын мәнінде бәрі идеядан бастау алмай ма? Кітап деген идеяның қазынасы емес пе? Байлық та, бақыт та, қалауларыңызға жету де аяқ астынан келетін ой мен соны жүзеге асырудан шығады. Ал сол ой егер сіз күні бойы инстаграмда отыра берсеңіз қайдан келеді? Ешқайдан… Одан да кітаптан көп білім алып, соны өзгертіп, өзіңізге керегін алып, өміріңізге енгізе алсаңыз қандай керемет! Илон Масктан “Сіз түкұшақты қалай жасап шығардыңыз?” деп сұрағанда ол “Мен кітап оқимын” деп жауап берген екен. Сол сияқты ең үлкен корпорациялардың ТОПменеджерлері жылына кемі 50 кітап оқиды екен. Сондықтан мақсатыңызға жетуге көмектесе алатын кітап оқу деген қадамды қалыс қалдырмаңыз.

Кітапты “оқу керек” деп оқисыз. Ең жақтыртпайтын нәрсем - осы. Физикалық жаттығу жасау керек емес, оның қажеттілігін өзіңіз сезіну керексіз. Сол сияқты кітап оқу керек емес, сіздің сұрағыңызға жауаптың сонда екенін сезіну керексіз. Әйтпесе өзіңізді мәжбүрлеп кітап оқытып, қайда барасыз… Бір кітаптың қызығына кіріп кетіп, бар әлемді ұмытқаныңыз есіңізде шығар, сіз ол кезде “оқу керек”, “бастағанды аяқтау керек” деп оқымаған боларсыз. Жай ғана ұнады, содан соң оқыдыңыз. Не ол жерден өзіңізді көрдіңіз.

Кітаптан не керектігін білмейсіз. Өзіңізге дәл қазір қандай машықты дамыту керектігін білгенде, мақсатыңыз бен қажеттіліктеріңізді білгенде кітап таңдауды үйренесіз. Ал кітап авторына сұрақ қоюға үйренгенде кітап оқуға да үйренесіз. Қашанғы бастаған кітапты бас салып оқып, ішінен керек емес ақпарат алып шығып жүре бересіз? Марғұлан Сейсенбай айтпақшы, керексіз білім қазынасына айналып кетпеңіз. Одан да кітап авторына ойша сұрақ қоюға 1 минут кетіріп, кітаптан бар керегіңізді тез арада алып шықпайсыз ба? Ойлап қараңызшы, қазір сіз 1 кітапты оқуға 6-8 сағат уақыт кетіресіз. Ал егер ол кітаптан не керек екенін білгеніңізде уақытты үнемдейтін едіңіз? Мысалы google-дан ақпарат іздегенде әр парақты ашып, сөзбе-сөз оқып отырмайсыз ғой, керек сөзі бар жерге топ етіп түсіп, соны алып, жаба саласыз. Кітапты да солай оқуға ұялмаңыз. Бұлай сіз уақытты 10-20 есеге дейін үнемдейсіз.

Кітапты бір ақтарып, парақтап қарамайсыз. Таныс емес жерге барғанда “әйтеуір бір жерге жетсем болды, ол жердің қайда екенін білмесем де болады” деп жүре бересіз бе? Меніңше жоқ. Сол сияқты кітаптың да картасын білу керек. Мен бұны АПО ережесі деп атаймын. Ақтару, парақтау, сосын барып оқу. Қандай кітап оқуға, жылдам оқуға үйрететін автор болмасын кітапты алдымен ақтарып (2-3 минут), сосын парақтап шығып (10-15 минут) сосын барып оқуға көшкен дұрыс деп есептейді. Ақтару дегеніміз - әр бетке бір рет көз тастап, кітаппен танысу. Ал парақтау дегеніміз не? Кітаптағы қарамен жазылған сөздерге, резюмелерге, ерекше белгіленіп тұрған ақпараттарға назар аударып оқу. Авторға сұрақ қойып, кітапты бір ақтарып, бір парақтап шыққанан кейін негізі жаба салуға болады. Себебі кітаптың 60 пайыз негізгі ойын біліп алдыңыз, идеясына да тап болуыңыз мүмкін. Немесе кітаптың қызық емес екенін түсіндіңіз. Ал егер қызық болса, әрі қарай оқу оңай болады. Себебі кітаптан не күтуге болатынын білесіз.

Барлық ақпаратты бірдей баяу оқисыз. XVI ғасырдың өзінде ағылшын философы Френсис Бэкон “Кейбір кітаптар жай қарап өтуге, басқалары - толық жаттап алуға, үшіншілері - ойланып барып ақпаратты қабылдауға арналған. Ендеше, бір кітапты толық оқымау, бірін мазмұнына аса бойламай, бүтіндей оқу керек, ал кейбірін соңына дейін мұқият және ойланып оқу керек” деп айтып кеткен. Ал сіз қолыңызға түскен барлық кітапты мұқият оқығыңыз келеді. Ал ол кітап оған лайық болмауы мүмкін. Нәтижесінде басталған кітап тасталған. Соған және өзіңізді кінәлі сезінесіз. Ал шын мәнінде не ол кітап сізге керек емес, не сіз оны барлық кітапты оқығандай баяу оқып, мағынасын түсінуге тырысқанмен, қайталана беретін идеяларды оқып, оқып зықыңыз шығып кетеді. Кітап дефецитінің уақыты кетті. Уақыт дефецитінің уақыты келді. Осындай уақытта әр кітапты баяу оқып, бір идеяны мың қайталауға уақытыңыз бар ма?

Әр сөзді оқып отырасыз. Біз бастауыш сыныпта әріптеп, буындап оқуға үйрендік. Сосын әйтеуір дегенде сөзбен оқуға үйрендік. Сосын? Осы деңгейде қалып қойдық. Бұл деңгейде сіз көп болса минутына 200 сөз оқисыз. 300 беттік бір кітапты 7-8 сағатта оқисыз. Сондықтан кітап бастамас бұрын ерінесіз, 3 жыл бұрын оқығыңыз келіп жүрген кітапты әлі бастай алмай жүресіз. Бұлай оқымау үшін осы бастан қарындашпен оқуды және фразамен оқуды бастаңыз. Фразамен оқу деген саусағыңызды бір жолда 2 рет тоқтатып, 2-3 сөзді бірден байқап оқуға тырысу. Біртүрлі көрінгенмен осылай минутына 1000 сөзге дейін оқып кетуге болады. Ал сіз кешке бастаған кітабыңызды сол кеште аяқтап тастайсыз.

Өзіңізге қажет емес бөлімдерді де оқисыз. Бұл да мақсатты анықтамағаннан шығатын салдар. Сізге осындай жағдай таныс шығар: кітапты ашасыз, соның ішіндегі бір бөлімді оқығыңыз келіп тұр, себебі сұрағыңыздың жауабы сонда деп ойлайсыз. Бірақ кітапты бастан аяқ оқу керек деп ойлап, басқа қызықсыз бөлімдерді оқып, кітап оқуға құштарлығыңызды жоғалтып аласыз. Тіпті өзіңіз оқығыңыз келген бөлімді оқуға сол беті жете алмай қаласыз. Бұлай болмау үшін сізге өзекті емес тақырыптары бар кітаптың басқа бөлімдерін алып тастаңыз. Өз сұрағыңызға тікелей жауап алыңыз. Болды. Кітап пен оның авторы миссиясын орындады.

Бастаған кітапты тастамайсыз. “50 бет ережесі” дегенді естіген боларсыз. 50 бетті оқуға қазіргі жылдамдығыңызбен 1 сағат құртқанша жай ғана кітапты ақтарып, парақтап шығып, 15 минут бөліп, сосын оқығыңыз келе ме, келмей ме екенін анықтасаңыз болады. Уақытқа да үнем, жүйкеге де үнем. Әрі бәрімізге белгілі – ешкім өзін мәжбүрлеп ештеңе істегісі келмейді. Сол сияқты өзіңізгі кітап оқуға мәжбүрлесеңіз - кітапты жек көріп кетудің төте жолы - сол!

Оқып біткен соң ақпаратты талдамайсыз. Ең үлкен қателік осы болар. Егер оқып біткен соң “Не оқыдым?” деп өзіңізден сұрауға 1 минут бөлсеңіз, сол 1 минутта есіңізге түскен нәрсе жадыңызда ұзаққа қалады. Сол сияқты Mind Map жүйесі бойынша кітаптағы негізгі идеяларды тармақтап отырып қағазға түсірсеңіз, кітаптан 100 пайызды алдыңыз деген сөз. Немесе кітапты басқа достарыңызбен талқылаңыз. Немесе өзіңізге сол кітап бойынша түсінбеген сұрақтардың тізімін жасаңыз. Әйтеуір оқығаныңызды бірдеңе қылып миыңыздан шығарыңыз. Әйтпесе, “әумин, аулақпір”, кітап оқылды, 1 күннен кейін онда не туралы болғанынан басқа ештеңе білмейсіз. Ең қызығы - адамдар кітапты сағаттап оқиды да, минуттап не оқығанын еске түсіруге ерінеді. Содан соң 100 кітап оқылады, 1 пайда алынбайды...

“Оқып біттім” деп айту үшін барлығын оқисыз. “Оқып біттім” деп айту үшін оқу қайда апарады? Тағы да өзіңізді мәжбүрлеп оқуға, тағы кітаптан ештеңе алмауға, сол беті кітап бетін ашпай кетуге… Өте өкінішті. Сіздің сол кітапты ашқандағы мақсатыңыз қандай? Соны ұмытпаңызшы.

материал «Кітап оқуға кеңестер» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: