06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Жаназа намазы қалай және кімге оқылады?

Жаназа намазы қалай және кімге оқылады?

Ислам тарихы

Жаназа намазы – парыз кифая. Қайтқан адамға дұға жасалынады. Мұсылман бауырының кемшіліктері мен күнәларының Алладан кешірілуін сұрайды. Оны соңғы ақтық сапарға шығарып салады. Кімге жаназа намазы оқылады: Өлген адамның жаназа намазын оқу үшін алты шарт болу керек.

Олар мыналар:

1) Өлген адамның мұсылман болуы;

2) Таза болуы (яғни жуынып, таза кебінге оралуы);

3) Жамағаттың алдында болуы;

4) Өлген адамның барлық денесі немесе денесінің жартысынан көбісі, я болмаса басы мен бірге денесінің жартысы болуы керек;

5) Жаназа намазын оқитын адамның үзірі (себебі) болмаса тұрып оқуы;

6) Жаназаның жерде болуы, иықта немесе малдың үстінде болмауы керек.

Жаназа намазы парыз кифая болғандықтан, кейбір мұсылмандар оқыса, басқаларға міндет емес. Жаназа намазын жамағатпен оқу шарт емес. Тек қана бір ер адам немесе әйел адам жаназа намазын оқыса, парыз орындалған болып есептеледі. Басқа намаздарды бұзатын нәрселер жаназа намазын да бұзады. Намаз оқылуы мәкрүһ болып есептелетін, үш уақытан басқа уақыттарда жаназа намазын оқуға болады.

Жаназа намазының рүкіндері төрт тәкбір мен қиям (тік тұру). Сәлем беру уәжіп. Жаназа намазында рүкуғ, сәжде жоқ.

Жаназа намазының сүннеттері:

1) Намазды өткізетін имам марқұмның кеудесінің тұсында тұруы 

2) Бірінші тәкбірден кейін “Субханәкәні” оқу.

3) Екінші тәкбірден кейін “Аллаһуммә салли” және “Аллаһуммә бәрик” оқу.

4) Үшінші тәкбірден кейін дұға оқу.

Жаназа намазының оқылуы

Марқұм жуылып, кебінделіп намаз оқылатын жерге «Мусаллаға» қойылады. Жаназа жамағаттың алдында болады. Намазды өткізетін имам өлген адамның кеуде тұсында тұрады. Ал жамағат құбылаға қарап, имамның артында сапқа тұрады.

Жамағаттың үш сап болып тұруы мұстахаб. Ниет еткен кезде марқұмның ер немесе әйел кісі, ер бала немесе қыз бала екені айтылып өтеді. Намазды өтейтін имам: “Ниет еттім Алла разылығы үшін дайын тұрған жаназа намазын оқуға және (марқұм ер кісі болса) осы ер кісі үшін дұға етуге» деп ниет етіледі. Марқұм әйел болса, «Осы әйел кісі үшін дұға етуге», марқұм ер бала болса, «Осы бала үшін дұға етуге», марқұм қыз бала болса, «Осы қыз бала үшін дұға етуге» деп айтылады.

Имамның артындағы жамағат: «Ниет еттім Алла разылығы үшін мына марқұмның жаназа намазын оқуға, мынау ер кісі (немесе әйел кісі, ер бала, қыз бала) үшін дұға етуге, ұйыдым имамға» деп ниет етеді.

Жамағаттың ішіндегі біреу өлген адамның ер ме, әйел ме екендігін білмесе былайша ниет етеді: «Ниет еттім Алла разылығы үшін имам өткізгелі жатқан жаназа намазына, марқұмға дұға үшін ұйыдым осы имамға». Ниет еткеннен кейін имам дауыстап, оның артынан жамағат іштерінен “Аллаһу әкбар” деп бірінші тәкбірді алып, басқа намаздағыдай құлақ қағып, қол байлаған соң «Субханәкәні» оқиды. Басқа намаздарда оқылмайтын субханәкәдағы «уә жәллә сәнәук» сөзі де оқылады.

«Субханәкә» оқылғаннан кейін қол көтерілмей имам дауыстап, ал жамағат іштерінен «Аллаһу әкбар” деп екінші тәкбірді алады. Имам да, жамағат та іштерінен «Аллаһуммә Салли және Аллаһумма бәрикті” оқиды.

Содан кейін қол көтерілмей тағы да «Аллаһу әкбар» деп үшінші тәкбірді алады да, жаназа дұғасын оқиды. Жаназа дұғасын білмейтін адам Құныт дұғасын оқыса болады. Құныт дұғасын да білмейтін адам «Раббанә әтинә фиддүнийә хасанәтән уә фил ахирати хасанәтән уә қина азабән нәәр» аятын оқиды.

Содан кейін қол көтермей тағы да «Аллаһу әкбар” деп төртінші тәкбірді алып, ештеңе оқымастан әуелі оң жаққа басын бұрып: «Әссәләму аләйкум уа рахматуллаһ» дейді, содан кейін сол жаққа бұрып «Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһ» деп жаназа намазын бітіреді.

материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: