08
Жексенбі,
Қыркүйек

һижри

Құран жаттаудағы қорқыныштар мазаласа, мынаны жасаңыз

Құран жаттаудағы қорқыныштар мазаласа, мынаны жасаңыз

Ислам тарихы

Қорқыныш барлық адамның бойында бар. Қорқыныш – иллюзия. Біз қорқатын нәрселердің 80-90 пайызы ешқашан орындалмайды. Керісінше, қорқатын нәрсеңді істеген сайын, қорқынышың сейіледі. Қорқыныш – адам баласының бойындағы табиғи қасиет. Біз кішкентайымыздан кей нәрселерден қорқып жатамыз.


Мысалы, кішкентай кезімізде бізді "бабай бар" деп қорқытатын. Уақыт өте келе ол нәрсенің жоқ екендігін түсіндік. Яғни қорқыныш ол бір сезім. Материалды, ұстап көре алатын зат емес. Тек сезінеміз. Осы қорқынышымызды жеңе білсек, көптеген жетістікке жетеріміз сөзсіз. Себебі жетістік – қорқыныштың артында тұрады. Қорқынышымызды жеңген сәтте біз жетістікке қол жеткіземіз. Қарапайым мысал келтірейін. Бір жиында немесе конференцияда жақсы көретін спикеріңіз келді. Сіз ол кісіге қызығасыз, үлгі аласыз. Сол жиында бірінші рет бетпе-бет көрдіңіз. Сізді осыған дейін мазалап жүрген сұрақтар бар еді. Сіз сол сұрақты спикерге қойғыңыз келді. Себебі сол кісі жауабын біледі.

Кез-келген істі жасайтын кезде белгілі қорқыныштар болады. Оны – үмітсіздік деп атауға болады. Шайтанның сыбырлап, бізді үмітсіздікке түсіретін сәті. Ол қорқыныш әр салада әр түрлі. Дәл сол сәтте сіз ұялып, сұрауға қорқып, "кейін сұрай саламын" деп сұрағыңызды қоймадыңыз. Жиын бітіп, барлығы тарап кетті. Сізде қайттыңыз.

Үйге барған соң "әттең сұрай салғанымда ғой" – деп іштей күйінесіз. Өзегіңізді өкініш өртейді. Ұзақ уақыт өкініп жүресіз. Сол кезде ұялсаңызда, басқалар күлсе де, сұрағыңызды қойып, жауап алғанда кейін біраз уақыт өзіңізге риза болып жүретін едіңіз. Себебі сіз қорқынышыңызды жеңіп, кішігірім жетістікке жеттіңіз.

Қорқыныш жайлы түсіндіре алдым деп ойлаймын. Ал енді бұл қорқыныштың "кітапшаға" қандай қатысы бар? Мысалы: бизнесте – ақша жоғалту, халық адамы болуда  – ұятқа қалу, спортта – жарақат алып, төсек тартып қалу. Ал бізді салада, яғни Құран жаттауда  – ұмытып қалу, тастап кету... т.с.с. Біз бұл істі бастамай жатып, қорқынышқа беріліп, үмітсіздікке түсіп жатамыз.

Әлі жасалмаған істің соңындағы "сәтсіздікті" ойлап, ол істі бастамаймыз. Ал ол істің сәтті немесе сәтсіз шығуы бізге белгісіз. Жасалмаған істің соңы болып қойғандай күй кешеміз. Оның мысалы мынадай: көп адам Құран жаттамай тұрып "ұмытып қаламын ба?" деген қорқынышпен бастай алмай, тіпті кейде тастап кетіп жатады. Соғылмаған үйіңіз қирап, құлап қалса не болады? - деп үй соғуды бастамай, қорқып отырудың мысалындай. Бірақ сіздің қолыңызда сол үйді соғатын бүкіл материалдар бар. Тек сол соңындағы болмашы, әлі болмаған сәтсіздікті ойлап, әрекетін жасамай жатамыз. Неге сол нәтиженің жақсы жағын ойлап, "Құран жаттап болған соң күніне 5-10 парадан қайталап, күніне 1 хатым жасаймын" деп ойламасқа? Неге үмітсіздікке түсіп, күрсініп жатамыз? Алла Тағала бізді сүйіншіледі емес пе: "Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер" (Зумар 53), "...Расында Алла өзіне тәуекел еткендерді жақсы көреді" (Али Имран 159).

Біз кімді тыңдап жатырмыз? Бір сәт отырып, жақсылап ойланайық. Басымызда осы секілді бірнеше қорқыныштар болады. Сол қорқыныштарды жеңіп қана жетістікке жетеміз. Егер осы Құран жаттаудағы қорқыныштар мазалап жүрсе, қағаз бетіне түсіріп, соларға өз өөзіңізбен жауап беріп көріңіз.

материал «Қарилыққа алғашқы қадам» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: