15
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Дұғаның қабыл болуына басты кедергілердің бірі

Дұғаның қабыл болуына басты кедергілердің бірі

Ислам тарихы

Дұғаның қабыл болуына басты кедергілердің бірі – мұсылманның өз дұғасының нәтижесін тез арада көруді қалап, ал қабыл болуы кешіккен соң дұға қылуды мүлде доғарып қоюы.

Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) мұндай қадам жайлы дұғаның қабыл болуына кедергі екендігін айтып, пендеге дұғасының қабыл болуына деген үмітін өшіріп алмауды нұсқаған. Себебі Аллаһ тағала үздіксіз түрде жалбарынып дұға қылғандарды жақсы көреді.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Сендердің біреулерің «қанша дұға еттім, қабыл болмады» деп асығыстық қылмаса, дұғасы қабыл болады», «Егер пенде күнәмен немесе туыстықты үзумен дұға жасамаса, асығыстық қылмаса дұғасы қабыл болады», – дейді.

Сонда сахабалар: «Уа, Алла елшісі! Асығыстық қалай?» – деп сұрағанда, Ол (с.а.с.): «Пенде дұға қылдым, дұға қылдым, бірақ қабыл болғанын көрмедім деп күйінеді. Сөйтіп дұғаны мүлде қылмайтын болады», – деді», – деген. Демек, пенде дұғасының қабыл болуына асығыстық жасамауы тиіс. Өйткені Алла  дұғаның қабыл болуын кейбір себептерге байланысты кешіктіруі мүмкін. Пенде дұғаның шарттарын толық орындамауы немесе қабыл болуына кедергі келтіретін істер жасауы ықтимал. Немесе дұғаның нәтижесі пенденің болашағы үшін кейінге қалдырылуы мүмкін, ал ол бұдан бейхабар. Егер пенденің дұғасы қабыл болмаса, ол барлық жаман істерінен арылып, жақында немесе келешекте жүзеге асатын ізгіліктен күдер үзбей үміт етуі керек. Алла Тағала: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүліншілік қылмаңдар. Аллаға қауіп әрі үмітпен жалбарыныңдар. Шынында Алланың рақымы ізгі амал жасаушыларға жақын», – деген.

Пенде жауап қайтарылуынан күдерін үзбей қайта-қайта дұға қылса, ол дұғасының қабыл болуы алыс емес. Үздіксіз ұра берген тамшылардың тасты тесіп кететіні сияқты әлде кім қағудан жалықпаса түптің-түбінде есік те ашылады.

Кейде дұғаның қабыл болуы ұзақ уақытқа кешігуі ықтимал. Оған Құран Кәрімдегі пайғамбарлардың қиссалары дәлел бола алады. Алла Тағала ардақты пайғамбары Яғқубтың (оған сәлем болсын) баласын қайтарып беруі туралы ондаған жылдар бойы жасаған дұғасының жауабын кешіктірген. Сондай-ақ, Айюб пайғамбардың (оған сәлем болсын) дертін айықтыруы туралы тілеген дұғасын да, бір мерзімге дейін кейінге қалдырған. Сондықтан да Алла Тағала кейде сұраушыға сұраған жақсылығынан әлденеше есе қайырлысын сыйлауы мүмкін немесе сақтанған жамандығынан әлденеше есе үлкен апаттардан, жамандықтардан сақтауы ықтимал.

материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: