Ілімнің нәпіл құлшылықтан абзалдығы жайында Шейх Мухаммад Аууама хафизаһулла өзінің “Ма’лиму иршадия” кітабында мынадай оқиға келтіреді.
Имам Әсәд ибн әл-Фурот Мысырдағы ғалым ибн әл-Қасимнан ілім алуға келгенде, ибн әл-Қасим оған: “Мен Құранды күндіз бір рет және түнде бір рет хатым қыламын. Бірақ сен үшін ілімді тірілту мақсатында күніне бір рет қана хатым ететін болдым” - дейді. Алла ол кісіні рахым етіп, ақыретте сыйын берсін.
Имам Абу Зур’а әр-Разидың өмірбаянына қатысты “табақат әл-ханабилада” Абдулла ибн әл-Имам Ахмадтан мынадай оқиға риуаят етіледі. Әкемнің үйінде Абу Зур’а болғанда екеуі ілімді көп қайтайлайтын болған. Бірде әкемнің былай деп айтқанын естідім: “Парыздан өзге намаз оқыған жоқпын. Нәпіл құлшылықтың орнына Абу Зур’амен ғылым қайталауды жөн көрдім”. Ал имам Ахмад дені сау күндері күніне үш жүз ракағат нәпіл намаз оқитын болған. Бірақ сынақтан кейін әлсіреген себепті күніне жүз елу ракағат оқитын болды. Алла ол кісіге разы болсын.
Ибн әл-Мубарак айтты: “ Ілімнің бастауы – ниет. Сосын мұқият тыңдау, сосын түсіну, кейін жаттау, одан соң амал ету және де сол ілімді басқаларға жеткізу.”
материал Олжас Ханафинның «Ілімге ғашық адам» кітабынан алынды,
ummet.kz