Қасиетті Құранда «Исра» сүресінің 1-аятында: «Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз (мұқтаждық пен дәрменсіздіктен, кемшілік атаулыдан ада). Ол шәк-шүбәсіз бәрін естуші, бәрін де көруші» делінген.
Бұл бөлімді біз «исра», яғни «түнде жүру» деп атаймыз. Ал әл-Ақсадан аспанға дейінгі сапардың бөлігі «Миғраж» деп аталады, сапардың бұл бөлігі негізінен Мұхаммед пайғамбарға қатысты. Пайғамбарымыздың хадистерінде осы сапар жан-жақты айтылған. Ал «Нәжм» сүресінің 13-18-ші аяттарында «Оны (дәл сол періште кейпінде) басқа бір жолы (екінші рет) түскенінде және көрді. Сидратул-мүнтаханың (болмыстың ең шетіндегі Жаратылыс ағашының) дәл тұсында. Оның тұсында (шейіттер мен тақуалар паналайтын) Жәннәтул-Мә’уа болды. Сол сәтте Сидраны (Жаратылыс ағашын) қапсырған (Алланың рақымы) оны одан сайын қапсыра түсті. Алла елшісінің көзі асып-саспады һәм басқа жаққа таймады (көргенін анық көрді), сондай-ақ, көру шегінен де ары аспады (яғни, елес көрмеді). Шүбәсіз, ол Раббысының ең үлкен аяттарының (яғни, Раббысы жаратқан ең елеулі таңғажайып жаратылыстардың) бір бөлігін көрді» – деп Расулалланың осы сапарында Сидратул-мунтаханы, Жәбірейіл періштені және басқа да оқиғаларды көргендігі тәпсірлерде баяндалады.
Әһл-сүннет ғалымдарының көпшілігінің пікірінше, Исра және Мираж оқиғалары ардақты Пайғамбардың жаны мен тәнімен бірге орын алды. «Жәбірейіл кеудемді жарып, зәмзәм суымен жуды. Сосын иман мен хикмет толтырылған алтын тостағанды әкеліп, ішіндегісін кеудеме құйып, ақтарылған кеудемді қайта жапты. Содан кейін ол мені аспанға көтерді». Осы мәлімдемеде айтылғандай, ол ғарыш пен аспан әлемінде ақыл-ой, рухани және физикалық тұрғыдан саяхаттауға мүмкіндік алды.
Тіпті әзірет Әнәс осы оқиғадан кейін Пайғамбардың кеудесіндегі ине (тігіс) іздерін көргенін айтады. Пайғамбардың әл-Харам мешітінен әл-Ақсаға орын алған сапары аспаннан келген «Бурақ» атты атпен жүзеге асқан. Бұл атау бізге «барқ» деген түбірден келген, яғни «найзағай» дегенді білдіреді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) нөл секундқа жуық уақытта жарық жылдамдығымен Ақса мешітіне жеткенін білдіреді. Риуаяттарда Пайғамбарымыз сапарынан оралғанда төсегінің жылуы әлі кетпегендігі айтылады. Бұл – сапардың қаншалықты дәрежеде жылдам орын алғанының белгісі. Джәлал Йәничәри атап өткендей, бұл жағдай эскалатор немесе ұшақ секілді құралдармен орын алған жоқ. Расулалланы (с.а.с.) аспанға апарып әкелген Ұлы Құдірет.
Бір қызығы, Пайғамбарымызды (с.а.с.) әл-Ақса мешітіне әкелген «Бурақ» атты жылқы болса, оны сол жерден аспанға алып шыққан Жәбірейілдің өзі. Демек, бұл сапарда оған «періште жылдамдығы» немесе «жарық жылдамдығы» қолданылған болуы керек. Өйткені материалдық болмыстардың жылдамдығы, соның ішінде жарықтың жылдамдығы секундына 300 мың км. Жарық жылдамдығының 300 мың км-ден асатындығын көрсететін жаңа дәлелдер жоқ. Сондықтан бұл саяхат басқа уақыт бірлігінде орын алса керек. Расында, Құранда аспанға өрлеп, ғаламның жоғарғы қабаттарына көтерілген сайын жылдамдық пен уақыттың мүлде басқаша болатыны; Жер жағдайында 1000 жыл аспанның кейбір бөліктеріндегі бір тәулікке 399 және жердегі 50 000 жыл аспанның кейбір бөліктерінде, әсіресе жоғарғы қабаттарында бір тәулікке тең болатыны айтылды. Әлемнің әртүрлі аймақтары мен координаталары бойынша өлшемдер де өзгеріске ұшырап отырады. Қайталап айтар болсақ, ардақты Пайғамбар (са.с) өз күшімен аспанға көтерілген жоқ.
Алла өз құдіретімен оны көтерді. Сондықтан бұл жерде назар аударатын ең маңызды жайт – оны аз ғана уақытта аспанға алып шыққан күштің сипаты мен жылдамдығы. Бұл құдіреттің табиғатын қазіргі мүмкіндіктермен ғылыми тұрғыдан түсіндіру мүмкін емес. Осыған байланысты Исра мен Мираж оқиғаларына тек қана иман келтіреміз. Өйткені бұл оқиғаны Құран және Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) растайды. Бірақ біздің пайымдауымызша, мұндай мәселелерге тек сенім объектісі ретінде қарау жеткіліксіз. Алла Тағала адам баласына өзі берген ақылды, ойды, қабілеттерді және әр түрлі мүмкіндіктерді пайдалануын қалайды. Бұл орын алған нәрсе сол заманның, тіпті бүгінгі күннің жағдайына қарай «мұғжиза» саналатын ерекше оқиға екені анық.
Десек те осы мәселе арқылы адамдардың ғылыми-технологиялық жағынан жасайтын материалдық жетістіктерінің бірінің шыңын көрсетіп, адамдарға «сендер де еңбектеніңдер, Аллаға бойсұныңдар және Оның ғаламға, жерге, аспанға орнатқан заңдарын тауып, пайдаланыңдар» деп тұрғандай. Бүгінгі таңда ғарыш және астрономия ғылымдары өз ауқымында осы нәрсеге ұқсас бір нәрселер жасауға тырысуда. Адамзат Айға 1969 жылы қонды. Қазіргі уақытта спутниктер ғарыштың әртүрлі аймақтарына жіберіледі және әртүрлі орталықтар ғарыш зерттеумен айналысуда. Ғарыш әлемінде көптеген жаңа дүниелер ашылуда. Кем дегенде бір орында тұрақтап қалған жоқ. Аздап боласа да алға жылжу бар. Бірақ мойындауымыз керек, ғылым мен техниканың қазіргі деңгейімен ардақты Пайғамбарымыз жасаған ғарыш сапарына қол жеткізуіміз мүмкін емес.
Дегенмен бұл тұрғыда ол адамзаттың қиялындағы ең биік көкжиек болып тұра бермек және алдағы уақытта да зерттеулер мен іздестірулер жалғасын таба бермек. Қазіргі физиканың ең тұрақты мәні деп есептелетін жарық жылдамдығы (секундына 300 мың км) ойдағыдай тұрақты емес деген пікір көптен бері күн тәртібінде тұрғанымен, мұны дәлелдейтін тәжірибелер әлі де жобаланбаған. Бүгінгі таңда ғаламның басталуын түсіндіруге тырысатын гипотезалардың ішіндегі ең дұрысы болып саналатын Үлкен жарылыс теориясының дұрыс екендігі туралы болжаммен жүргізілген өлшеулер мен зерттеулердің нәтижесі – ғалам үшін бір нүктеден таралу арқылы қалыптасқан қазіргі күйіне жету үшін ең болмағанда пайда болған зат-энергиясы жарық жылдамдығынан асып кетуі керек еді. Шындығында, бүгінде әртүрлі зертханаларда жүргізілген тәжірибелерде жарық сәулесі соңғы нүктеге болжанған саннан 5 пайызға ерте жеткен.
Уақыт өлшемі бұлыңғырланып, энергия мен заттың бөлінуі жарық жылдамдығына жақын жылдамдықпен жоғалып кететіндіктен, белгілі бір ортаға жарықтың енуі ол шыққаннан кейін жүзеге асады, сөйтіп біз үйреніп қалған себеп-салдар байланысы керісінше орын алады. «Жаңа шуақ» газетінің 2000 жылы 5 маусымдағы санында жарияланған мақалаға сәйкес «АҚШ ғалымы док. Лицзюнь Ванг зертханалық жағдайда жарық жылдамдығының секундына 300 мың шақырым болатын белгілі шектен 300 есе асып кеткенін, бұл физика ережелерін жоққа шығарғанын айтты. Эксперименттік нәтиже расталса, физик Эйнштейннің атақты салыстырмалылық теориясы күйреп, «құбылыстың соңы басынан бұрын болуы мүмкін екендігі дәлелденетіні» айтылды. Сынақ нәтижелерін зерттеген Беркли университетінің физика профессоры Рэймонд Чиао эксперименттік деректер «керемет жағдайды көрсетті» деді. Осылайша ғылым жаңа теориялармен, тәжірибелермен, эксперименттік нәтижелермен үнемі өзгеріп, дамып отырады. Басқаша айтқанда, ғылымда тұрақтылық та, өзгермес заңдылық та жоқ, абсолютті ақиқатқа жету өте қиын. Бүгінгі таңда ғылым да ғаламның кез келген жерінің өткенін қадағалауға болатынын айтады.
Қазіргі уақытта біз мыңдаған жылдардан келе жатқан жұлдыздардың жарығы бізге олардан кеткен кездегі күйде жеткенін көреміз. Яғни, жұлдыздың жарығы бізге 5 мың жылда жетсе, біз оны 5 мың жыл бұрынғыдай көреміз. Сол сияқты біздің дүниенің нұры аспанның кез келген нүктесіне, айталық, 3 мың жыл ішінде жетсе, сол нүктеден әлемге қарасақ, оның үш мың жыл бұрынғы жағдайын көреміз. Егер біздің дүниеміздегі кез келген планетаға Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуірінің нұры жеткен болса, Арабстанның Хижаз аймағына сол жерден қарасақ, Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с.) сол жерден көреміз. Осылайша Пайғамбарды және оның әрекеттеріне куә бола аламыз. Егер біз оның дауысын жарықтан алынған кескінмен бірге түсіре алсақ, сөйлеп жатқанын да көруге мүмкіндік алар едік. Бұл мүмкін болу үшін жарық түскенге дейін осы бейнелерді қабылдап, оларды кескінге айналдыратын жетілдірілген құрылғыларды ойлап табу керек, бұл бүгінгі жағдайда да өте қиын жұмыс. Бұл суреттерді ешқайда бармай-ақ әлемге проекциялау мүмкін болса, біз өз дүниеміздің тарихын осы жерден тамашалауға мүмкіндік аламыз.
Бұл интеллектуалдық және ойдан шығарылған оқиғалардың барлығы Құранда өзінің ашық немесе жасырын негізін табатын ғылыми-технологиялық мәселелерге негізделген. Тиісінше, егер дүние бітпесе, адам баласының қолынан келетін істер әлі де көп екені түсінікті. Құран Кәрім түсіру мақсатына сай ғылыми-технологиялық жетістіктердің дүние және ақырет өмірінде адамзат игілігі үшін пайдаланылуын қалайды, олардың ешқашан адамзатқа зиян келтірмеу керектігін бұйырады.
Бұл ғылыми-технологиялық күшке ие мемлекеттің, мекеменің, ұйымның немесе адамның сеніміне, түсінігіне және дүниетанымына қатысты жағдай және біздің бұл әлемде сынақтан өтуіміздің бір қырын құрайды.
материал «Құрандағы технологияға қатысты ишаралар» кітабынан алынды,
ummet.kz