29
Сәрсенбі,
Қаңтар

һижри

Әрбір істе тепе-теңдікті сақтау – дін бұйырған өлшем

Әрбір істе тепе-теңдікті сақтау – дін бұйырған өлшем

Ислам тарихы

Кез келген іс-әрекеттегідей, қызметте де салмақты болу, орташа жол ұстану да маңызды. Адам елге, дінге қызмет етем деп жүріп, бала-шағасын, ата-анасын, сондай-ақ рыздығын тауып жүрген кәсібін бір шетке ысырып тастап, өз бетімен кетіп қалғаны дұрыс болмайды.

Алайда, әртүрлі сылтау тауып, қызметтен бас тартуы да дұрыс емес. Алла Тағала мына аятында Мұхаммед үмметін орта жол ұстанушылар деп таныстырған: «...Біз сендерді (ей, Мұхаммед үмметі!) уасат (шегінен шықпайтын, әділетті, хайырлы) үммет қылдық...» ("Бақара" сүресі, 143-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Істің ең қайырлысы – (шегінен тыс немесе кәдімгі деңгейіне жете алмаған емес) орташа болғаны» (Бәйхаки, Шүаб, V, 261) деп айтып, үмметіне барлық жағдайда қалай әрекет ету керектігін көрсететін өлшем ұсынған. Кез келген дүниелік һәм ахіреттік істе тепе-теңдікті сақтау – дініміз бұйырған маңызды өлшем. Бұны ұстанса, жеке бастың һәм қоғамның тыныштығы мен бақыты, үйлесімдігі мен тәртібі қамтамасыз етіледі.

Сондықтан “қызмет ері” “тепе-теңдіктің адамы” болуы керек. Мысалы, мешітте уағыз айтып жатқан молдеке азан айтқан кезде сөздерін созбай, дереу уағызын тоқтатуы керек. Жамағаттың сезіміне қарап, олардың құлшылыққа деген ынтасы мен құлшынысын бұзбауы керек. Өйткені уақыты жоқ адамдарды, әсіресе лауазымды адамдарды көз алдында ұстауы керек.

“Қызмет ері” кең, парасатты болып, жүрегі мен ақылы көрегендік нұрымен жарқындауы керек. Сүйіспеншілігі мен жиіркенуінде, мадақтауы мен қатты сөйлегенде шектен шықпай, орташа жол ұстануы керек. Тым шегінен шығармайтын шынайылық пен жақындыққа, тәкаппарлыққа итермейтін салмақтылық иесі болуы керек. Және де қарапайым боламын деп, масқара болып, қор болып қалмауға да аса мән беруі керек. Басқару қызметін атқарған адамдар қоластындағыларға жанашыр, әділ болып, олар көтере алмайтын жұмыс бермей, әрқайсысын өз күші мен қабілетіне сай бағалауы керек. Сонымен қатар, әділет деген ұғымның бәріне бірдей мәміле жасау емес, әркімнің хақы не болса, сол бойынша мәміле жасау екенін ұмытпауы керек.

Ең бастысы – әділетке нұқсан келтіретін әрекеттерден сақ болуы керек. Әсіресе басқару қызметтерінде тепетеңдікке бағыну өте үлкен маңыздылыққа ие. Сонымен қатар бұл адамның ұстанымы мен парасатын көрсетеді.

Қадірменді сахаба Амр бин Ас Мысырға әкім болып, саясат алаңында үлкен жетістіктерге жеткен. Одан бұл жетістігінің себебін сұрағанда, былай деп жауап берген: «Айналамдағы әр адам мен арамызда жіп бар деп ойлаймын. Осы жіп созылып, үзілейін дегенде, сәл босатамын. Қажетінен тыс босағанда, дереу тартамын. Осылай барлық адамдармен қатынасымды тепетеңдікте жалғастырамын». Қызмет барысында тәртіпке бағынамын деп, қоластындағыларға зұлымдық көрсету ешқашан қолдау таппайтын іс. Сонымен қатар тәртіпсіздік өмірдің быт-шыт болып, лаң тудыратыны да бұлтартпас ақиқат. Бұл малмүлік пен уақыттың ысырабына жол ашады. Ысырап бәлекет пен құрдымға кетудің ең басты себебі болып табылады.

материал «Рухани шыңның ұлы сатысы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: