22
Жұма,
Қараша

һижри

Қыз баланың өмірлік қуат көзі

Қыз баланың өмірлік қуат көзі

Ғибратнама
Жарнама

«Ана қарғысы - боқ, әке қарғысы – оқ» дегенді атам қазақ дөп айтқан. Қыз туғанға жүрегі жарыла қуанатын әке бар болғанымен, ұлмен салыстырғанда аз екені даусыз.

Әкем төрт қызын шекемізден шертпей өсірді. Анам марқұм жалғыз ұлын ерекше жақсы көрді. Қыздардың арасында ерекше бұзығы мен едім. Қандай да бір жаңа киім кисем, ұзатпастан балдармен төбелестен жыртып келетінмін. Оқтауын ала жүгіретін апамнан қорғап қалатын Әке деген қорғаным болды. Өзім де, әкеме сенетіндіктен төбелесемін ғой?

Әкем бетімнен қақпады. Әлде, «қыз бала шектен шығып қайда барады дейсің?» деді ма екен, әйтеуір еркіме жіберді. Бетіммен кеткенім жоқ. Кіл беске оқып, мектепте комсорг болдым. Қорадағы малға қараудың ауыр жұмысын қыңқ етпей атқардым. Әкем қыздарға ешқашан қатты сөз айтпайтын.

Әлі есімде, жетінші класта оқимын. Өзімнен үш жас үлкен көршінің баласының мұрнын дап-дала қылғаным үшін әкем ренжіп «иттің баласы» деп кейіді. Өмірімде әкемнен қатты сөз естімеген басыма ол сөз, атқан оқпен бірдей болды. Әкемнің айтқан сөзіне жаным ауырғаны сонша, үш күн бойы нәр татпастан төсек тартып жатып қалдым. Үшінші күні кешкісін әкем марқұм бас жағыма отырып алып әбден жалынды. Үнсіз жатырмын. Кенет, әкем арқасына отырғызып алып, күллі ауылды аралап кетті. Сомадай боп әкемнің арқасында отырмын. Әкем «Ху-ху-ху-Алла, лә иллаһа илалла» деген сүйікті зікірді әндетіп келеді. Көшедегілер бізге таңдана қарап тұр. Майда балалар «Қарақызды есектей ғып әкесі арқалап алыпты, масқара, масқара?!» десе мазақтап, соңымыздан шулай ерді. Әкемнің арқасында өзімді қытай қорғанында жатқандай сондай бір рақат сезіндім?!! Не керек, ауылды түгел аралап, үйге келдік.

«Байталдай қызды арқалап?!» деп апам ұрсып жүр. Тыңдаған әкем жоқ. Төрге отырғызып жатып, «Қыз мұңлық. Қызға тіл тигізгеннің көрі қараңғы болады, Қалқадан кешірім алсам, арқалағаным түк те емес?!» дегенде, ішімдегі күллі өкпе лықып шығып, өкіріп жылағаным ешқашан есімнен кетпес. Көңіл-күйімді түсінген әкем, қасымда отырып, әлдилегендей арқамнан қағып, жәймен әндетті.

Өмірде қаншама қиыншылықпен бетпе-бет келгенімде, сол кезден жадымда қалған әкемнің арқасында отырған қорғанын көз алдыма келтіре қоямын. Әкем сыйлаған мейірімнің күшімен жеңіп шығамын. Жәй...

«Қыз баланы маңдайынан шертпей әке мейірімін бергеннің болашақ жар, келін, Ана болу жолында қиындықты жеңуге аса маңыздылығын» әкелерге айтқым келді.

Қазақстанның Мәдениет қайраткері, драматург

Сая Қасымбектің фейсбук парақшасынан алынды.

Бөлісу: