22
Жұма,
Қараша

һижри

Неге ақылды адамдар көбіне кедей болады?

Неге ақылды адамдар көбіне кедей болады?

Ғибратнама
Жарнама

Бір күні Әзірет Әлиден «неге ақылды жандар көбіне кедей келеді?» деп сұрапты. Сонда Әли (р.а): «Құлдың ақылы ырзығына қосып есептеледі» деген екен.

Яғни, бұл дегеніміз – адамның ырзығын ақылы толтырып, байытып тұрады деген сөз. Кедейлік те – байлық. Адам кедей болған сайын көңілі тыныштық таппай, бірдеңеге ұмтылады, солай тыраштанып, жол тауып шығам деп жүріп, өсіп-жетіледі. Көп ойланып, сұрағына жауап іздейді. Сөйтіп жүріп, адамдық биігіне көтеріліп, рухани байып шыға келеді.

Тарихқа көз жүгірсеңіз, ақылы асқан дана адамдардың асып-тасқан байлығы айтылмайды. Тіпті Ислам тарихында да солай. Адамзат баласының тарихында Сүлеймен (ғ.с.) Пайғамбардың (с.ғ.с.) ғана байлығы мен ақылы сай болған. Ал пайғамбарлардың соңы – Мұхаммед (с.ғ.с.) байлықтан саналы түрде бас тартқан. Тағамның тәттісін жемесе де, төсеніштің қаттысын таңдаса да, адамзаттың ардақтысы ешқашан ешкімге шағым айтпады. Материалдық байлығы болмаса да рухани байлығы жағынан бүкіл әлемге танымал, көпке үлгі жалғыз тұлға еді.

Сахабалардың да көбісі кедей болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинада салдырған мешіттің бір бұрышына құрма ағаштарынан көлеңкелік баспана жасатты. Көлеңкелікке арабшада «суффа» делініп, ол жерде тұрғандар «асхабы суффа» аталды. Суффа сахабалары туған-туыс, жақындары мен дүние-мүліктері жоқ кедей сахабалар болатын. Олар өмірлерін Құран үйреніп, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) тәлім алу жолына арнады. Олардың қажеттіліктерін Пайғам-барымыздың өзі және дәулетті сахабалар қамтамасыз етті. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ілімімен сусындаған бұл бақытты жандар аз уақыттың ішінде сахабалар арасында Құран, хадис және басқа да діни ілімдерді терең меңгеруімен жоғары құрметке ие болды. Олар күндіз ораза ұстап, түнде ғибадат етіп, дүниенің күйбең тіршілігінен бойларын алыс ұстап, алтын уақыттарын Адамзаттың Ардақтысынан (с.а.у.) естігендерін жаттап,  кейінгілерге жеткізу жолында өткізді.

Демек, Әлидің (р.а) айтқан керемет даналығымен толық келісеміз. Ақылды болсаңыз, «неге бай емеспін?» деп өмірге, өзіңізге шағым айтпаңыз. Байлық көк қағаздармен өлшенбейді, ол өткінші. Нағыз байлық – көк күмбездерден естілген әуезді дауыспен, Алланы еске салушы ортадағы иманды адамдармен, көркем мінезбен, шүкіршілікпен өлшенеді. Себебі, Алла тағала нағыз байлықты – қанағат пен шүкіршілікке жасырып қойды, оны басқа жерден іздесеңіз де таппайсыз...

ummet.kz

Бөлісу: