22
Жұма,
Қараша

һижри

Дұғаның маңыздылығы

Дұғаның маңыздылығы

Ғибратнама
Жарнама

Дана халқымыз «Жаңбырмен жер көгереді, Батамен ел көгереді» деп дұғаның адамзат өміріне әсерін ерекше тілге тиек етеді.

«Дұға» сөзі қазақ тіліне арабтардың «الدعاء (әд-дұға)» сөзінен енген. Тілдік мағынада «талап ету», «сұрау», «шақыру» деген мәндерді білдірсе, терминдік мағынасы «әлсіздің белгілі бір қажеттілігін күштіден жалбарынып сұрауы» дегенге саяды. Анығырақ айтқанда, әлсіз пенденің өзінің түрлі мұқтаждықтарын құдіретті Жаратушыдан жалбарынып сұрауы деген сөзді білдіреді. Халқымыздың тілдік қолданысындағы қастерлі түсініктер болып саналатын «тілек», «бата», «алғыс» дегендердің барлығы дұға болып саналады. Сол үшін де, халқымыз өскелең ұрпаққа «Қарғыс алма, алғыс ал» деп өсиет ететіні бәрімізге мәлім.
Дініміздегі дұғаның орны айрықша. Осы жайында қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде былай делінеді:


وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ ۚ إِنَّ الَّذِينَ يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِي سَيَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ


«Раббыларың: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық етуден паңсынғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді» («Ғафир» сүресі, 60-аят).


Бабаларымыз бұл мәселені «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деп дөп айтқан.


Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):


اَلدُّعَاءُ مُخُّ الْعِبَادَةِ


«Дұға – құлшылықтың негізі» (Тирмизи, дағуат 1, н. 3371.), — деп құлшылық негізінің дұға екенін ұқтырған.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Фурқан» сүресі 77-аятында дұға жайында былай делінеді:


قُلْ مَا يَعْبَؤا بِكُمْ رَبِّي لَوْلَا دُعَاؤُكُمْ


«Айт (Мұхаммед с.ғ.с.): егер дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?...»

Байқағанымыздай, бұл аятта Алланың алдында адамның құны дұғаға байланысты екені айтылуда. Ал, ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Дұға – мұсылманның қаруы, діннің тірегі және аспан мен жердің нұры» (Хакімнің хадистер жинағынан) десе, тағы бір хадисте: «Алланың алдында дұғадан құрметті нәрсе жоқ» (Ахмад, Тирмизи, Абу Хурайрадан) деп баяндалады.
Табаранидан жеткен хадистердің бірінде Расулулла (с.ғ.с.): «Ауруларыңды садақамен емдеңдер, бәле-жалаға дұғамен қарсы тұрыңдар және мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар», - деген.

Міне, бұл хадистерден адам өмірінде болуы мүмкін жамандықтан сақтанудағы дұғаның маңызын, адам өміріне дұғаның әсерін, кереметін ұғынамыз. Халқымыздың күнделікті өмір-тіршілігіндегі жасалатын «дастархан батасы», үйлену тойындағы екі жасқа, сүндет тойындағы сүннеттелген балаға бата берілуі сияқты әрбір дәстүріміздің мазмұнына айналған ұлттық құндылықтарымыз да тегіннен тегін емес. Қала берді, құдандалы болу, шаңырақ көтеру, нәрестелі болу барысындағы барлық жоралғылардың әуелі үлкендердің батасымен басталуы, әрбір сыйлы қонағасының алдында алақан жайып бата сұралуы, баһадүр батырларымыздың жауға аттанарда аузы дұғалы ақсақалдан, ақсамайлы анадан бата алуы дұғаның жоғарыда айтылған маңыздылығынан қалыптасқан игі дәстүрлер. Демек, хақымыздың «Батаменен ел көгерер...» деуінің астарында осындай ізгі танымдар жатқаны анық.

Мамлюк Асханұлы,
«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: