22
Жұма,
Қараша

һижри

Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені

Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені

Ғибратнама
Жарнама

Халқымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыздың «Шуақты күндер» кітабында мынадай бір дерек кезігеді: «Бейтаныс жігіт атамның бөлмесінің есігінен кіре бере:

- Ассаләмуғалейкум, - деп екі қолын бірдей ұсынды.

- Уағалейкумассалам, деп атам да ықыласты дауыспен сәлем алып, мына креслоға жайғасып отырғын, - деді. – Қарағым, не шаруамен келіп едің?

Мына жігіттің сәлем беру мәнері атама ұнады. Өйткені жақсы қабылдады. Әйел адам болса бір сәрі, ал енді ер кісілердің, әсіресе өзінен кішілердің, «сәлеметсіз бе», «амансыз ба» дегеніне атам: - Іздірәсти, - дей салады, немесе, здрам-жлам, - деп ұсынған қолды көрмегендей төбесіне қарайды. Бұның мәнін талайлар біле бермейді, атамның қырсығы ұстап қалғанын абайламайды.»

Міне осыдан-ақ сөз қадірін биік қойып қастерлеген дана халқымыз «сәлем – сөздің анасы» - деп дұрыс сәлемдесе білуді бәрінен жоғары қойғанын көреміз.

«Сәләм» – Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сондықтан да сәлем беруші артық сауапқа ие болады. Хадисте егер сәлеміңді қарсы жақ алмаса, бәрібір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелердің алатындығы айтылады. Сенің әрбір сәлеміңді періштелер қабылдайды деген сенімді жүрегіне ұялатқан бабаларымыз иен үйге кірсе де «Ассаләмуғалейкум» деп сәлем берген.

Сәлемдесудің Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті екенін айтыскер ақындар көбінесе өлең шумақтарына қосып, «Сәлем бердім Пайғамбар сүннеті деп» -  жырлағандары да бар. «...Жарылқасын ақын да бір айтыста Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисіне меңзеп, қарсыласына былай дейді:

Жарқыным, сәлем берсең, сәлемет бол,

Жетеді мұратына өлмеген құл.

Сіз сәлем берсеңіз, біз әлік алдық,

Сүннеті пайғамбардың қазулы жол.

Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят етілген хадисте: «Алла Елшісі (с.а.у): «Көліктегі адам жаяу адамға, жаяу адам отырған адамға, қатарында кісі саны аз топ өздерінен әлдеқайда қарасы мол топқа бірінші болып сәлем береді», - деп айтты», - деген. Имам Бұхаридың риуаятында: «Жасы кіші болған жасы үлкенге сәлем береді», - делінген.

Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: «Сендер толық иман келтірмейінше, жәннәтқа кіре алмайсындар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша, толық иманға келмейсіндер. Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлемдесуді жайыңдар!» деген.

«Екі мұсылман баласы кездескенде, олар бір-бірімен амандасып, қол алысқанда, Алла тағала оларды осы сәтте бір-біріне тілеген тілек-дұғаларын қабыл алады. Қолдар ажырамай жатып күнәларын кешіреді», - деген хадистер Пайғамбарымыздың  (с.а.у) үмбетін береке-бірлікке, достық, татулық, бауырмалдылыққа, кішпейілділікке, жарқын жылы жүзділікке тәрбилеп қана қоймай сәлемдескен кезде әсіресе, арнайы таза ниетпен бірінші сәлем берген адамдар күнәларынан арылып, сауапқа кенелетіндігінен хабардар етеді. Сондықтан да білімді де дана бабаларымыз балаларына жастайынан үлкендерге «Ассаләмуғалейкум» деп сәлем беріп, қол ұсынуды, кішпейіл болуды үйреткен.

«Ертеректе бір байдың ерке де есер жалғыз ұлы біреудің жанына артық көріп бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжеттік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана беттейді. Қанша ұрда жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қатты сасқаны соншалық, істеген қылығы үшін тысқа шығып жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті.

Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кезде сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің  алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам мына көрініске таң қалып, кібіртіктеп қалады. Әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізеттілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен», - деген тәмсіл әңгімеден біз ізетті сәлем беру, иіліп құрмет көрсету, адамдарға қанша әсер ететінін ұғумен қатар, адам қаны төгілердей ауыр күнә жасаудан да арашашы болған инабатты келіннің ақылына тәнті боламыз.

Жаһандану, ғаламдасу т.б. атаулар беріліп, күллі адамзат өркениеті бір арнаға тоғысуға бет алған бүгінгі таңда асфальтта өсіп, компьютер құлағында ойнайтын, ондағы атыс-шабыс, алыс-жұлыс фильмдермен ауызданып өсіп келе жатқан бүгінгі жас өспірімдердің өзара қатынасынан біз болашақта нені күтуге болады? Өте ойланатын сауал.

Әлбетте, мұндай тығырыққа тірейтін мәселелерге әлеуметтанушылар, педагогтар әртүрлі ізденістер жасап, жауаптар беріп жатады. Әсілі, осындай түйткілді мәселені шешудің негізгі жолы – Ислам жолы, сүннет жолы екендігін ескере бермейтін «ғалым- ағартушылар» да кездеседі.

Әрине, ислам жолы, сүннет жолы дегеніміз Имандылық. Ал имандылық деген сөзде біздің айтып жүрген тәрбиенің барлық түрі қамтылып тұрғанын ескере бермейміз. «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені»-дегендейін имандылықты таратудың басы Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде айтылғандай «адамдар арасына сәлем тарату» болмақ.

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 

Бөлісу: