22
Жұма,
Қараша

һижри

Абай атамыздың бір сыны

Абай атамыздың бір сыны

Ғибратнама
Жарнама

Абай Хакімнің өз заманынан озып туғандығының тағы бір көрінісі естеліктерде қылаң береді. Ол болса - эстетикалық талғамы  жоғары жан болғаны. Маңайының артық-кемін түзеп отырмақтығының өзі бір бекзат қасиеті екен. Енді естелікке кезек берейік.

Бір күні үйге Бұланбай деген бір ақсақал келді. Әкеммен сәлемдесіп болып төр алдына отырып еді. Әкем Бұланбай түрегелші деді. Бұланбай сасқалақтап қалып ұшып түрегелді. Әкем қасына шақырып алды да,

- Еркежан, мына Бұланбайға екі қойдың терісін әкеп берші, байқұстың қойы аз еді, тонының етегі қысқарып кетіпті, үйіне барғасын жалғатып алсын, - деді.

Біз түсіне алмай қалдық. Бұланбайдың мың жарым қойы бар еді. Байқасақ, ол ішінен ұзын қара шапан киіпті де, сыртынан сары тон киіпті. Тонның етегі шапанынан бір қарыс қысқа екен. Бұланбайды қайтадан шешіндірді де, «тоныңды ішінен, шапаныңды сыртынан киші, көрейік», - деді. Бұланбай қайта киініп еді, әкем айнала қарады да, «Міне, өзіңе-өзің қарашы, әрі сыртың бүтін, әрі ішің жылы, көлденеңнен қараған адам да сенің киіміңе күле қарамайды. Қысты күні шапан аязды да жібермейді. Ал тоныңды аяз қысып, қатырып, бойыңды суық алып, тез тоңасың. Ең болмаса қолыңдағыны ұқсатсаңшы, енді шешініп отыр да, келген жұмысыңды айта бер», - деді.

(«Абай туралы» естеліктер кітабынан алынды.(«Келіні Кәмәлияның айтқаны»)

Бөлісу: