26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

 Көңдегі жасыл шөптен сақ болыңыздар

 Көңдегі жасыл шөптен сақ болыңыздар

Дәстүр даналығы
Жарнама

Жеті атаға дейін үйленбеу дәстүрі түркі тектес халықтардың ішінде тек қазақтарда ғана бар. Осы жайында бір аңыз әңгімеде:

 

Он бесінші ғасырда қазақ хандығы орнап, оны Керей мен Жәнібек хандар басқарғаны белгілі. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы, кеңесшісі Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге риза болып, бірнеше сұрақ қойыпты. Көп сұрақтарына қонымды жауаптар алып, соңғы сұрағын қойыпты:

 «Қандай ауруды емдеу қиын?»,

 «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын»,

 «Ал, оның алдын алуға бола ма?»,

«Болады. Жеті Атаға дейін туыс адамдар қыз алыспау керек»,-депті.  Жеті қазақ үшін қасиетті сан. Өтебойдақ емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тиым салыпты. «Кімде кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» деген жарлық шығыпты. Содан бергі қазақ хандары да осы жарлықты бұлжытпай орындап отырыпты.

Жеті Атаны көбіне былай бөліп келеді:

1. Әке 2. Бала 3. Немере 4. Шөбере 5. Шөпшек 6. Немене 7. Туажат 8. Жүрежат 9. Жекжат 10. Жұрағат 11. Қаймана.

Атам Қазақ: «Атаға қарап ұл, Анаға қарап қыз өсер» деген. 

«Кімнен кім туады?» - деген сұраққа  Майқы би былай деп жауап берген екен:

«Тұлпардан тұлпар туады,

Сұңқардан сұңқар туады,

Асылдан асыл туады,

 Жалқаудан масыл туады,

 Масылдан мал бақпас туады,

Тілазардан қылжақпас туады,

Таздан жарғақбас туады,

Сараңнан бермес туады,

Соқырдан көрмес туады,

Мылжыңнан езбе туады,

Қыдырмадан кезбе туады».

Ал Сыпыра жырау бұл сұраққа: 

«Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған,

Қарғадан қарға туар қарқылдаған,

Бай баласы байға ұқсар,

 Байлаулы тұрған тайға ұқсар.

Би баласы биге ұқсар,

Алты қанат үйге ұқсар.

Хан баласы ханға ұқсар,

Биік-биік шыңға ұқсар.

 Құл баласы құлға ұқсар,

Мал таптаған гүлге ұқсар»,-депті.

Осы сарын Шалкиіз жырында тереңдей түседі: 

«Айырдан туған жампоз бар, 

Жүгін нарға салғысыз,

Арғымақтан туған будан бар,

Күнінде көрінім жерді алғысыз,

 Жаманнан туған жақсы бар,

Адам айтса нанғысыз,

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Бір аяқ асқа алғысыз».

 

Ал Бекасыл әулие (1822-1915):

Тектіден текті туады, 

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы, 

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін, 

 Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен, 

Жанына жұртын жияды.-депті.

Ер азаматтың бір міндеті өмірлік жолдасын жақсылығы, көркем мінезділігі, тегі мәртебелі болған, абыройлы, тамырын терең жайған отбасынан таңдау. Өйткені, адамдардың да кен қазбалары сияқты ұлықтығы мен төмендігі, жақсылығы мен жамандығы әр түрлі болады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Сіздер көңдегі жасыл шөптен сақ болыңыздар» деді.

Адамдар одан: «Я, Алланың Елшісі, көңдегі жасыл шөп не?» деп сұрады. Сонда ол: «Жаман жерде (отбасында) өскен сұлу қыз (әйел)» деп жауап берген.

Басқа хадистерде: «Тегі жақсы әйелге үйленіңіздер. Өйткені, тектігі текке өтеді» делінген. Осы негізге сүйене отырып, Осман ибн Әби әл-Ас әс-Сақафи өз балаларына текті жерден таңдауға, жаманынан сақтануға кеңес бере отырып: «Ей, балаларым! Үйленіп жатқан адам, бейне бір ағаш отырғызып жатқан адам тәрізді. Сондықтан әркім ағашын қайда отырғызатынына мән берсін. Нашар тұқымның жақсыны дүниеге келтіруі сирек кездеседі. Олай болса, біраз уақыт өтсе де, таңдаңдар» деген.

Тектінің қарамен некелесуінен сақтанған қазақ мырзаның күңіне абайсызда аяқ салуынан өсетін ұрпақтың қасиетті болатынына күмәнмен қарап, тұқым тексізденеді деп санаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Жебірейілден (оған Алла разы болсын) қиямет сағаты жөнінде сұрағанында ол: «Күң өз қожайынын туады, бұл қияметтің белгісі» деген. Бұл хадисті тәпсірлеушілер, «қияметке жақындағанда ертеде күңнен туғандардың ұрпағы ел басқарар патша дәрежесіне дейін көтеріледі, ал аналары сол патшалардың қол астында болады», -дейді. Бұл хадистен біз «тәніне емес, тегіне қарап, денесіне емес дініне қарап үйлен!»-деген өсиетті ұғамыз.

Сондықтан да, біріншіден, әркім өзі білетін атасына дейін тізбектеп, мүмкіндігінше кімнен кімнің тарайтындығын нақтылап жазуды қолға алса. Арғы аталарың білмесе, ең болмағанда өзінің туған атасына бастасын. Оның неше ағайынды болғандығы, оның балалары, содан соң өзін, әрі қарай өзінің балаларын, және немерелерін таратып жазса деген ұсыныс айтпақпыз.

Екіншіден, жеті атаға кіретін ағайындардың ішіндегі елге адал еңбек еткен, білімді, ерекше қасиеттері барлары туралы мағлұматтарды жинақтағанның қосары көп.

Үшіншіден, әрбір әке өз жазбаларын балаларына беріп табыстап отырса деген тілек. Олар өз кезегінде оны әрі қарай толықтырып, ұрпақтарына жеткізетініне сенгіміз келеді. Тек сонда ғана жетінші ұрпағыңыз сізге уақытында ризашылығын білдіретіні кәміл.

Қорыта айтқанда, ата-тегін  білудің мән-мазмұнын ұрпақтан ұрпаққа жеткізе ұғындырып, ағайын-туманы татулыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелеу қажет. Түзу тәрбие мен тәртіп сақталса, ұрпақ текті болатыны, әрі азбайтыны анық. Бұрынғылардың «Тәні саудың жаны сау» деген нақыл сөзі мен жөн сұрасқандағы «Ата-тегің кім?» - деген бір ауыз сөзінде осындай терең мағына жатса керек.

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 

Бөлісу: