10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Қазақ неге қамшысын қолынан тастамаған?

Қазақ неге қамшысын қолынан тастамаған?

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қазақ үшін қамшы – тек ер қаруы ғана емес, оның атқаратын қызметі әртүрлі болған.

Қамшының қасиеті

Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп жүрген журналист Өмірзақ Ақжігіт қазақ үшін қамшының атқарар рөлі зор дейді. Оның айтуынша, қазақтың кез-келген салт-дәстүрінің астары бар.

– Қазақта тіл жете бермейтін немесе айтуға ауыз бармайтын сөздердің орнына қамшыны қолданатын әдет болған. Қашанда аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін қамшының қолдану аясы өте кең. Қолында қамшысы бар қазақ айбарлы көрінген. Аттылы адам қамшысын үйіргенде одан сескенбейтін адам болмаған.

Қазақта айтар сөзі көңіліне келетінін білген кезде қамшыны қолданған. "Қамшының сабы сынса – қатын өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі" деген де ырым бар. Егер қайтыс болған адамның кім екенін сөзбен жеткізе алмаса да, қамшыны қолданған.

Сонымен қатар қызға құда түсе келген адам қамшысын төрге белгі ретінде іліп кеткен. Егер жігіт жақ кешігіп, не қыз жақ айнып қалса, қамшыны иесіне қайтарып беретін болған. Ал төрде ілулі тұрған қамшыны көрсе, айттырған адамы бар дегенді білдірген.

Қазақта қанша балаң бар деп сұрамаған

Керегеде ілулі тұрған қамшының санына, қалай жасалғанына қарап, сол үйдің қанша баласы бар, оның неше ұлы, неше қызы бар екені біліп отырған.

Мысалы, неке қамшысы. Үйленер алдында басына тас салғызған тобылғыдан жасаған жігіттің қамшысы қыздың көзіне бірден түсетін болған. Әрине, қыз таспен көмкерілген қамшыны таңдау арқылы келісімін берген.

Ал дойыр – жуан, салмақты таспадан өрілген қамшыны барымташы, жаугершілер ұстаған. Оның өрімі де ұзын болған.

Аңшыларға арналған қамшының ұшына қорғасын салынған. Өйткені ұзындығы екі құлаш қамшымен аңға шығуға да, сиыр айдағанда да ыңғайлы.

Ал үйір қамшы деген сабы үш буынды болған. Оны жылқы айдағанда шалма ретінде пайдаланған. Бұдан өзге де қамшының түрі көп.

Қамшының да түрі бар

Атап айтсақ:

1. Сүндет қамшы. 2.Бәйге қамшы. 3.Көкпар қамшы. 4.Дойыр қамшы. 5.Неке қамшысы. 6. Соп қамшы. 7.Үйір қамшы. 8.Ноғай қамшы. 9. Баптау қамшы. 10. Аңшы қамшы. 11.Барымта қамшы. 12. Бәсіре қамшы.

Қамшы тарихы

Қамшы сөзінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқалар айтылады. "Қамшы" сөзіндегі "қам" түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие.

Қам – шикі, шылғи, шала, қам-қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал, қам-уайым, қайғы, қамығу, қам-қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар – қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі.

Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты деген тұжырым бар.

Қамшы – ат-көлік, мал айдауға арналған жабдық. Қамшы – қорғануға, қарсыласын ұрып-жығуға арналған суық қару. Қамшыгерлік – қорғана білетін және әбжіл қимылдап, жауын жайратып салатын да шеберлік.

Көшпелі тірлік салтына байланысты қазақтың еңбектенген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қамшы ұстаған, ат-көлік мінетін. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болады.

Атқа мінгенде қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті қарбалас сәтте ауызға да көлденең тістейді.

Ал үйде отырған кезде қамшы керегенің басында, көгінде, уық қарында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кездері киіз-сырмақ астында, тіпті тізенің астында жатады. Әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиісті.

Әйелге қамшыны қай кезде жұмсаған

Әйелге тек жауынгерлік заманда қамшы жұмсаған. Ұрысқа кетіп бара жатқанда, артынан ілесіп, күйеуін қимай, жылаған әйелді ері аттың үстінде тұрып, қамшымен салып қалған. Шайқас кезінде ері жазым болса, "өлеріңді біліп, көңілің суысын" деп қамшы сілтеген екенсің деп жоқтау айтса, аман-есен оралса "мен жоқта өзгеге көз салмасын дегенің ғой" деп ұғады екен.

Ал жай, елде тыныштық кезде атына мініп, жолаушылап бара жатқан ерінен әйелі "Қайда барасың?" деп сұрамаған. Өйткені ол жаман ырымға саналған. Сондықтан әйелі ерінің қай жаққа жол жүретінін күні бұрын сұрайтын болған. Ал, атқа мініп, дәл жол жүретін кезде сұрса, қамшымен салып жіберетін болған.

ummet.kz

Бөлісу: