19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Діни рәсімдерге құрмет

Діни рәсімдерге құрмет

Дәстүр даналығы
Жарнама

Халқымыз ежелден дініне берік болды. Құдайға құлшылық ету жолдарын жақсы білді. Ғибадат рәсімдеріне ерекше көңіл аударып, құрметтеді.

Сондықтан мінәжат, намаз, ғибадат ұғымдары халық жадында айрықша сақталды. Оның біразын тарихтан жеткен мағлұматтар және жайнамаз, діни кітаптар сынды жәдігерлер арқылы білсек, енді бірін тілдегі айғақтардан аңғарамыз. Ел арасында діни рәсімдерге құрметті дәлелдейтін мынадай сөз оралымдары сақталған: «Аллаға жағам десең азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол», «бейнамаздан кейнамаз жаман».

Тарихи жәдігерлерден, Алаш даласын зерттеген шетелдіктердің еңбектерінде қазақ халқының мұсылманшылықты жақсы ұстағандығы жайында айтылады. Соның бірі 1879 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Народы России» деген еңбектің қазақтарға арналған шығарылымында дала халқының күні құлшылықпен басталатындығы туралы мынадай қызықты мағлұматтар келтірілген. «Қырғыздардың (қазақтардың – ауд.) күні таң атқаннан басталады. Таң жарығы шығар-шықпастан молда немесе ерте тұрған бір адам даусын созып азан айтады. Сол сәтте бүкіл киіз үйлердің есіктері ашылады. Оянған жандар дәрет алу үшін суға барады. Дәрет алған соң алғашқы намаз үйде немесе үй сыртында оқылады. Әйелдер жағы бұл кезде төсектерін жинап, от жағып, таңғы астың қамына кіріседі. Таңғы астан кейін үй иесі қолдарын жуып, «Аллаһу әкбар» деп сақалын сипайды. Сосын әрқайсысы өз тіршілігіне кіріседі»[1]

Қазақтың ежелден мұсылман халық болғандығына сол замандағы ақын-жыраулардың, би-батырлардың сөздері дәлел болады. Қазақ пен ноғай бөлінбей тұрған кездің өзінде ел ағалары мен ауқатты адамдар қажылыққа барған екен. Оған хан ордасының жырауы Шалкиіз Тіленшіұлының (1465-1560) Темір биге айтқан мына өлеңі дәлел:

Тәңірінің үйі Кебені

Ибраһим Халил Алла жасапты,

Ғазырейіл - жан алмаға қасап-ты,

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі – Бәйтолла,

Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!

Ал, хан ордасының бағдаршысы Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1781) ғұмырлық тілек-өсиеттердің қатарына ғибадатты да қосып былай толғайды:

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Бір шұғыл пасық залымның

Тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз,

Үшкілсіз көйлек кимеске.

Төртінші тілек тіленіз,

Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытты бес намаз

Біреуі қаза қалмасқа.

Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы (1748-1819 ж.)) әрбір пенденің махшар күніндегі масқаралықтан сақтайтын тек ізгілік, ғибадат екендігін нақтылап нақыл түрінде өлеңдетеді де, келесі бір шумағында қазақ жігіттеріне насихат айтады:

 Қараңғы қабірде жатпақ қиын,

Таңла мақшар болады ұлы жиын.

Намаз, ораза, ғибадат бек пайдалы,

Алладан тілек қылып, күнде сыйын.

Жігіттер, өлім – рас маған нансаң,

Ораза ұста, намаз оқы, тілімді алсаң.

Ораза ұстамай, намазды оқымасаң,

Әрине, күнәсі не, өлмей қалсаң.

Қабан жырау (1733-1824) пенде атаулы үміт ететін екі дүние бақытының қайда болатындығын түсіндіреді, парыз ғибадаттың сырын ұқтырады:

− Бақыт қайдан келесің?

− Ораза, намаз оқымас. Алланың атын тоқымас, Бейнамаздан келемін.

− Бақыт қайда барасың?

− Тарауық намаз оқыған, Көңіліне аят тоқыған Ниетті елге барамын. …Сәресі, сахар ішетін, Хақ жолына түсетін, Ниетті елге барамын.

Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) мүміннің ғұмырлық жолын құбылаға бағытталған құлшылықпен қатыстырады:

Құбылаға бас қоймақ –

Мұсылманның тарығы.

 Ораза, намаз қаза қылмасаң,

Көңіліңде Құдай барлығы.

Қазақтың данасы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) махаббатпен өрілген иманнан кейінгі ғибадаттардың әрбір мұсылман үшін маңыздылығына тоқталады. Оларды шынайы сеніммен орындау керектігіне баса көңіл бөледі:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Әбубәкір Кердері бабамыз (Әбубәкір Боранқұлұлы (1861-1903)) ғибадаттың шынайы пайдасы Қияметте көрінетіндігін айтады:

Пайдасын өзің көресің,

Ғибадат қылып Аллаға.

Бір жаныңды нұрласаң.

Жаныңа ғазап хақ болар

Ораза, намаз, зекет, хаж

Атқарып уақыт тұрмасаң.

Сондай-ақ, ізгі істе ыждағат таныту әрбір мұсылманға қажет деп біледі:

Мұсылман болсаң – іждәт қыл,

Иман, руза, намазға.

Ағайын болсаң, тату бол,

Әуес болма аразға!

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) құлшылық түрлеріне ұғынықты мысалдар келтірген:

Оразаң отыз күнгі – отыз кісі,

Бес кісі – бес намазың білемісің.

Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,

Бұларсыз дәнемеге келмес күшің.

Мәшһүр Жүсіп бабамыз қазақтың шариғат жолы Әбу Ханифа мазһабы екендігін де нақтылап өткен:

Өзіңе болар махшарда,

Ізгіліктің пайдасы,

Хазіреті Имам Ағзам –

Шариғаттың айнасы.

Солардан табылған,

Шайтанды жеңбек хайласы.

Дұрыс намаз, ораза,

Малғұнның тәніне,

Шанышарлық найзасы!

 Материал «Дін мен дәтүр» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Народы России: киргизы, С-Петербург, 1879 ж.

Бөлісу: