06
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Есімің кім, балақай?

Мінбер

Бір жігіт сұрақ қойды. Есімі Дипломбек екен. Айтайын дегенім, таңсық есімі мені ерекше назар аудартты. Самит, Аргентина, Съез, Колхоз, Марлен, Марклен, Дипломбек... Мұнан бөлек те ел ішінде құлақты елең еткізетін салтымызға да, санамызға да сәйкеспейтін есімдер жетіп жатыр.

Зардабын «танымал» есімді «арқалаған» байғұс көреді. Ылғи да атын ақтаумен жүреді. Есімін елге түсіндірумен әлек болады. Бұл ата-ананың балаға берген «өмірлік сыйы». Кейбірі бұл сыйдан арылуға тырысады. Ал, кейбірі шарасыз көндігеді. Мұндай ерсі есімдерді қоюға не түрткі болуы мүмкін? Әлде, ой-өрістің тарлығы, салт-дәстүрден алыс болуы шығар. Дегенмен, ат қою ата-анаға сын.

Нәрестеге есім қойып, жеті күннен кейін балаға арнап құрбан шалу – сүннет. Пайғамбар жолы. Оны ақиқа құрбандығы. Хадисте: «Әрбір нәресте жетінші күні шалынатын ақиқа құрбанының құрсауында. Одан кейін шашы алынып, ат қойылады»,-деп айтылған.

Алайда, жеті күнге дейін де балаға есім бере беруге болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұлды болған кезде: «Бұл түні менің ұлым туылды. Оған – Ибраһим деп атамның есімін бердім»,-дегені бар.

Балаға есіммен қоса бата беріледі. Тілек жасалады. Қала берсе, есімнің өз өмірлік тілек қой. Әбу Мұса (р.а.): «Мен ұлды болып, Пайғамбарға (с.ғ.с.) алып бардым. Ол кісі Ибраһим деп ат қойып, құрма шайнап аузына салып, береке тілеп дұға жасады»,-дейді. Балаға Колхоз деп есім қойған ата-ана өз перзентіне қандай тілекте болғаны?

Баланың есімін таңдау – жас ата-ананың ең бас қатырар мәселесінің бірі десем артық айтпаған болар ем. Тұңғышына ат қойып мешітте азан шақыртуға келген жастар көбіне-көп бала есімін орыс тілді сайттардан алатынын алға тартады. Сол сайттағы есімді айна қатесіз ешбір түзетпей «қаз-қалпында» қоюға әрекет етеді. Мәселен, «баламыздың атын Тамерлан»,-деп қойыңыз. Қателесіп жүрмеңіз деп қояды. Неге Темірлан емес? Әйгерімді Айгерим деп, Берікті Берик деп, Гүлжанды Гульжан деп сәндеп қояды. Мұнысы несі?! Әп-әдемі есімнің осылайша өңін бұзады. Құлаққа да жаман естіледі. Тілі келмейді десең, басқа тілдегі сөздерді ешбір акцентсіз тақылдап айтып тұрады.

Қазақта тұңғышын ата-әжесінің баласы, есімін сол кісілер қояды деп жатады. Оның мәні тереңде екен ғой. Көпті көрген және өмірлік тәжірибесі бар кісілер немересіне «Марсель, Адель» деп емес «Мейіржан, Әділ» деп есім қояды емес па?

Балаңыз өз есімінен өзі ұялып жүрмесін. Мәнді де, көркем есім қойыңыз. Мұсылмандығымызды айшықтайтын Абдулла, Абдрахман, Әбдкерім, Ахмет, Мариям, Фатима сияқты, салт-санамызды көрсететін Абай, Мұрат, Айгерім, Зере, Айғаным сияқты, тілек-дұғаны білдіретін Ербол, Нұрбол секілді есімдері жадыңызда сақтаңыз. Перзентіңіз: «Есімің кім, балақай?»,-дегенде мақтанып айтып жүрсін.

Бағдат ӘБДІКӘРІМОВ,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 

 

Бөлісу: