23
Сенбі,
Қараша

һижри

Керуенге тәуекел етуші

Мінбер

Имам Ахмад ибн Ханбал (р.х.)-ның заманында бір топ ілім жолында жүрген шәкірттер қажылық сапарына аттанғалы жатқан еді. Имам Ахмад олардың әрқайсысына жіті көңіл бөліп, ұлы сапарға қаншалықты дайын екендіктерін тексере бастады. Сөйтсе барлығы жолға қажетті азық пен пұлды әзірлеп, тек ішінен біреуі ғана еш дайындық жүргізбегенін байқайды. Имам Ахмад мұның себебін сұрағанда:

 

       Мен Аллаға тәуекел етушімін.

      Сен керуенмен бірге емес пе едің?

      Иә, олармен біргемін.

      Олай болса, сен керуенге тәуекел етушісің, -деп 

басқаларға масыл  болудың үлкен қателік екендігін түсіндіре отырып, ескерту жасаған екен.

Жоғарыдағы оқиғада біздер үшін шынайы Аллаға тәуекел етудің тәрбиелік көріністері берілген.

Тәуекел – жүрекпен орындалатын ұлы ғибадаттардың бірі. Оның мағынасы – шариғат белгілеген себептерді ұстана отырып, белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін заттық және рухани  барлық себеп-салдарларды орындағаннан кейін нәтижесін Аллаға тапсыру, жүректі Аллаға байлау».

Хақ Тағала Өзіне тәуекел еткен құлдарын ерекше жақсы көреді. Қасиетті кітабымыз Құранда:

 فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِإِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُتَوَكِّلِينَ

«...Шешіміңді қабылдағаннан кейін Аллаға тәуекел ет. Еш күмәнсіз Алла Тағала тәуекел еткендерді жақсы көреді». (Әл-Имран сүресі, 159 аят).

وَمَن يَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ فَهُوَ حَسْبُهُ

Алла Тағала айтты: «Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады». (Талақ сүресі, 3 аят).

وَعَلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ

«Мүміндер Аллаға тәуекел етсін». (Тағабун сүресі, 13 аят).

Омар (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Егер Аллаға шынайы түрде тәуекел ете білсеңдер, Хақ тағала сендерді таңертең ұясынан аш құрсақ ұшып шығып, кешке қарай жемсауы толып оралған құстарды ризықтандырғаны секілді ризықтандырар еді – деп айтқанын естідім» – деген. Демек, нағыз тәуекел ойламаған жерден мол риздық-несібеге кенелуге себеп болмақ.

Алдыңғы буынның ізгі ғалымдары тәуекелді төмендегідей түсіндірген:

« التوكل: هو أن الجوارح تعمل، والقلوب تتوكل».وغياب أحد الأمرين يُحوِّل التوكل إلى شىء آخر؛ فغياب الأخذ بالأسباب، مع القدرة عليه، يؤدى إلى التواكل، وغياب اعتماد القلب على الله يؤدى إلى الشرك؛

«Тәуекел – дене мүшелер әрекет қылып, жүректер үміт етеді (Аллаға байланады). Бұл екеуінің біреуі жоғалса тәуекел басқа нәрсеге ауысады. Атап айтқанда, шамасы келе тұра себеп-салдарларды орындамау әрекетсіз бос үмітке душар етеді. Ал, жүректе Аллаға деген сүйенудің жоғалуы ширк амалына апарады».

Ғұламалар тәуекелді үш сөзбен түйіндейді:

«فِعْل السبب طاعة، وتَرْك السبب معصية، والاعتماد على السبب شِرْك بالله تعالى» .

«Себеп-салдарды (әрекетті) орындау құлшылық. Себеп-салдарды тастап қою күнә. Ал, тек қана себеп-салдарға (әрекетке) арқа сүйену Алла Тағалаға серік қосу». 

" قِيلَ لِحَاتِمٍ الأَصَمِّ : عَلامَ بَنَيْتَ أَمْرَكَ ؟ فَقَالَ : عَلَى التَّوَكُّلِ ، ثُمَّ قَالَ : بَنَيْتُ أَمْرِي عَلَى أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَلِمْتُ أَنَّ رِزْقِي لا يَأْكُلُهُ غَيْرِي ، فَاطْمَأَنَّتْ نَفْسِي ، وَعَلِمْتُ أَنَّ عَمَلِي لا يَعْمَلُهُ غَيْرِي ، فَلَمْ أَشْتَغِلْ لِغَيْرِهِ ، وَعَلِمْتُ أَنَّ الْمَوْتَ يَأْتِينِي بَغْتَةً ، فَأَنَا أُبَادِرُهُ ، وَعَلِمْتُ أَنِّي لا أَخْلُو مِنْ عَيْنِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ حَيْثُ مَا كُنْتُ ، فَأَنَا مُسْتَحٍ مِنْهُ "

Хатим әл-Асам деген ғалым «Ісіңді не нәрсеге негіздедің?»,- деп сұралған кезде ол: «Тәуекелге» деп айтты. Содан соң (сөзін жалғастырып): «Ісімді төрт қасиеттің үстіне орнаттым: «Маңдайыма жазылған риздық-несібемді менен басқа ешкім жемейтіндігін білдім. Сол кезде, жүрегім тыныштық тапты. (Дана халқымыздың: «Бұйырған кетпес, жүгірген жетпес», деген қанатты сөзі бар). Өзімнің амалымды менен басқа ешкім істемейтіндігін ұғынып, онымен айналысуға бел будым. Өлімнің кенеттен келетінін түсініп, дереу оған алдынала дайындық жасауға кірістім. Қай жерде болсамда құдыретті күшті Алланың назарынан таса қалмайтынымды біліп, Одан ұялатын болдым» деп жауап берген екен.

Қадірлі ағайын! Сөз соңында, әрбір ісімізде әрекет етіп, берекетін Жаратқаннан сұрайтын және Аллаға шынайы тәуекел етушілердің қатарында болуымызды Алла Тағала нәсіп етсін! 

Нұрлан РАМАЗАН,

«Нұр-Астана» орталық 

мешітінің наиб имамы

Бөлісу: