Алла тағала Өзінің сүйікті пайғамбарын (с.ғ.с.) мақтап, оған берген ұлық нығметін былай айтады: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» («Қалам», 4).
Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінезі – Құран еді», – деп айтқан (Мүслим).
Бір адам пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп, көркем мінез жайында сұрайды. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.): «(Мұхаммед (с.ғ.с.)), кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет», – деген аятты оқып («Ағраф», 199), кейін: «Көркем мінез – қатынасты үзген адаммен байланысты орнату, сенен қызғанып бермеген адамға сенің беруің және саған зұлымдық қылған адамға кешірімді болуың»,– деп айтады (Анас риуаяты).
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім», – деп айтқан (Ахмед, әл-Хаким және Байһақи).
Сол сияқты, Алланың елшісі (с.ғ.с.) келесі сөзінде: «Қиямет күніндегі тақуалық пен көркем мінез тұрған таразының басы қаншалықты ауыр болады десеңші», – деген (Әбу Дәуд, Тирмиз).
Бір кісі Алла елшісінің (с.ғ.с.) алдына жақындап келіп:
– Ей, Алланың елшісі! Дін дегеніміз не? – деп сұрайды.
– Көркем мінез, – деп жауап береді.
Кейін Алла елшісінің (с.ғ.с.) сол тарапына келіп:
– Дін дегеніміз не? – деп тағы сұрайды.
– Көркем мінез,– деп жауап қатады.
Кейін оның артына өтіп: «Ей, Алланың елшісі!
Дін дегеніміз не?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған бұрылып: «Сен түсінбедің бе? Сенің ашуға берілмеуің», – деп жауап береді (Мұхаммед ибн Наср әл-Маруази риуаяты).
Бірде пайғамбардан (с.ғ.с.): «Амалдардың абзалы қайсы?» – деп сұраған уақытта. Ол: «Жақсы мінез», – деп айтқан.
Фузайл ибн ‘Ияз Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Түгенше деген әйел күндіз ораза ұстайды, түнде намаз оқиды. Бірақ, оның мінез-құлқы жаман, көршілерін тілімен ренжітеді», – дейді.
Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Оның бұл істерінде қайыр жоқ. Ол әйел тозақ иелерінен», – деп жауап береді.
Әбу Дарда: «Алла елшісінің (с.ғ.с.): «(Қиямет күні) таразыға қойылатын нәрселердің ең әуелгісі, жақсы мінез бен сақилық. Алла тағала иманды жаратқан кезде, Иман: Ей, Алла! Мені қуаттандыр, – деді. Алла тағала оған көркем мінезбен сақилық беріп, оны қуатты қылды. Сонда күпірлік: Ей, Алла! Маған күш бер, – деп сұрады. Алла оған сараңдық пен жаман мінез беріп, қуаттандырды», – деп айтқанын естідім» – деген (Әбу Дәуд, Тирмизи).нез» – деп жауап берген (Имам Ахмад). Пайғамбар (с.ғ.с.): «Омар бұл дінді өзі үшін таңдады. Сендердің діндеріңді сақилық пен көркем мінез ғана көркейтеді. Ендеше діндеріңді осы екеуімен зейнеттеңдер»,– деп айтқан (Даруқтуни риуаяты).
Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Көркем мінез – Алла жаратқан нәрселерінің ұлысы», – деген (Табари).
Бір күні пайғамбардан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі! Иманы жағынан мүміндердің қайсысы абзал?» – деп сұрайды. Ол: «Мінезі көркемірек болғаны», – деп жауап береді (Әбу Дәуд).
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамдарға мал-мүліктеріңмен емес, (оларға) жылы жүз және көркем мінезбен асығыңдар», – деген (Баззар риуаяты).
Тағы Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Сірке судың әселді бұзатыны сияқты, жаман мінез – адамды бұзады», – деп айтқан (Ибн Хаббан).
Пайғамбар (с.ғ.с.) келесі хадисінде: «Расында сен Алла көркем қылып жаратылған адамсың, ендеше мінезіңді көркемде», – деп айтқан (Әл-Хара’ити, әлсіз хадис).
Барро ибн Азибтың (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (с.ғ.с.) хақында: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) адамдардың арасындағы ең көркем жүздісі, ең көркем мінездісі еді», – деп айтқан (Әл-Хара’ити).
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай дегені жеткізіледі: «Мүминнің құрметі – оның діні, ал көркем мінезі – оның мәртебесі»(Ибн Хиббан).
Бәдәуйлер Алланың елшісінен (с.ғ.с.): «Пендеге берілген нәрселердің ең жақсысы не?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жақсы мінез», – деп жауап берді», – деген риуаятты Усама ибн Шарик айтады (Ибн Мажаһ).
Алланың елшісі (с.ғ.с.) намазды бастамай тұрып, мынадай дұға қылар еді: «Ей, Алла! Мені ең көркем мінезге бағытта. Сенен басқасы мені жақсы мінезге бастай алмайды. Менен жиіркенетін мінезді алыс қыл. Бұл істі Сенен басқа ешкім орындай алмайды» (Мүслим).
Анас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Бір күні Алланың елшісімен (с.ғ.с.) бірге едік. Ол: «Расында күн мұзды еріткені сияқты, жақсы мінез де қателіктерді ерітеді», – деді», – деп хабарды жеткізеді (Табарани). Пайғамбар (с.ғ.с.): «Көркем мінез – ер кісінің бақыты», – деп айтқан (Байһақи, әлсіз хадис).
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Дұрыс мұсылман өзінің көркем мінезі мен жомарттығының арқасында күндіз ораза, кешке құлшылыққа бас ұрған пенденің мәртебесіне жетеді», – деген (Ахмад).
Ибн Лұқман әкесінен: «Адамның қайсы қасиеті
жақсы?» – деп сұрайды. Әкесі:
– Діні жақсы – дейді. Баласы:
– Егер екі қасиеті болса ше? – деп сұрайды.
Әкесі:
– Діні және байлығы – дейді.
Баласы:
– Егер үшеу болса ше? – дейді.
Әкесі:
– Діні, малы және ұяты – деп жауап береді.
Баласы:
– Егер төртеу болса? – деп сұрайды.
Әкесі:
– Діні, малы, ұяты және көркем мінезі – дейді.
Баласы:
– Егер бесеу болса ше? – деп сұрайды.
Әкесі:
– Діні, малы, ұяты, көркем мінезі мен жомарттығы – дейді.
Баласы:
– Алтау болса ше? – деп сұрайды.
Әкесі:
– Құлыным, егер адамда осы бес қасиеті болса, ол шынайы тақуа, Алланың досы және шайтаннан таза болғаны, – деп жауап береді.
Хасан әл-Басри: «Кімнің мінезі жаман болса. Өзін-өзі қинайды», – деп айтқан.
Анас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Сондай пенде бар. Ол көркем мінезімен жаннаттың жоғары дәрежесінен орын алады. Ол – құл емес (яғни күндіз ораза, түнде намаз оқитың тақуа емес). Сондай пенде болады, құл бола тұра (яғни тынбай құлшылық жасайтын пенде), өзінің теріс мінезімен жаһаннамның түбінен орын алады», – деген.
Яхия ибн Муғаз: «Мінез-құлықтың кеңдігі, ризықтардың қазынасы», – деп айтқан. Уаһаб ибн Мунаббиһ: «Жаман мінез, қиыршықтанып сынған сазды құмыраның мысалы сияқты. Ол жамауға келмейді, не топырақ болып жарытпайды», – деген.
Фузайл ибн ‘Ияз: «Маған мінез-құлқы жаман құлмен (яғни көп құлшылық қылатын адаммен) серіктес болғаннан гөрі мінезі жақсы күнәхармен серіктес болғаным жақсырақ», – деп айтқан.
Ибн әл-Мубарак мінезі жаман адаммен сапарда серіктес болады. Оның теріс қылықтарына шыдап, қабағына қарайды. Мезгілі жетіп, онымен қоштасатын шақта жылаған екен. Адамдар оған таң қалып, мұның себебін сұрайды. Ибн әл-Мубарак оларға: «Оған менің мейірімім түсіп жыладым. Мен одан ажырадым, ал оның мінезі онымен бірге қалды (яғни оны тәрбиелеп үлгермедім)», – деп жауап берген.
Омар (Алла оған разы болсын) айтады: «Адамдарға көркем мінезбен қосылыңдар (араласыңдар), салиқалы амал жасаған кезде жеке жасаңдар», – дейді.
Яхия ибн Муғаз: «Жаман мінездің қасында қанша жақсылық болғанымен, пайда бермейді. Жақсы мінездің қасында қанша жамандық болғанымен, зиянын тигізбейді», – деген.
Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла оған разы болсын): «Құрмет деген не?» – деп сұраған уақытта, ол: «Алла тағаланың кітабында бұл жайында былай деген», – деп келесі аятты оқиды:
«Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» («Хужрат», 13).
Одан тағы: «Атақ – деген не?» – деп сұрайды.
Ол: «Сендердің араларыңда кімнің мінезі жақсырақ болса, соның атағы жақсырақ. Әрбір ғимараттың негізі бар, исламның негізі – көркем мінез», – деген.
Ал Ато ибн Әбу Рабах: «Белгілі дәрежеге тек көркем мінезбен көтеріледі. Ешбір жан пайғамбар Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) көркем мінез кемелдігіне жетпеген. Салиқалы пенделер Алла тағалаға көркем мінездерімен жақын болған», – дейді.
материал «Жан тәрбиесі» кітабынан алынды,
ummet.kz