Тіл – дәм сезетiн, үн шығаратын, сөйлейтiн адамның ауыз қуысындағы негiзгi мүшесi. Бұл мүше жер бетіндегі жаратылыстың көпшілігінде бар, бірақ адамның тілі басқалардан ерекшеленеді. Өйткені, адам тіл арқылы сөйлейді, ішкі жай-күйін сол арқылы сыртқа шығарады. Тіл – өзгелермен қатынас жасайтын, пiкiр алысып, өзара түсiнiсетiн құрал. Тіл – адам үшін маңызды мүше, айрықша қабілет. Ұлы Жаратушының адам баласына берген үлкен нығметтерінің бірі – сөйлеу қабілеті және тіл. Себебі Құран кәрімде сөйлеу қабілеті мен тілге ерекше тоқталған.
Адам жаратылысындағы негізгі сыр – оның сөйлей білу қабілетінде жатыр деуге болады. Иләһи есімдерді білетін, Алла Тағаланың есімдерін ең әдемі айтатын жалғыз жаратылыс адам екендігі күмәнсіз. Адам ата арқылы барлық адамзат баласы осы нығметке бөленіп, сол арқылы періштелердің өзін қайран қалдырған. Пайғамбарлардың пайғамбарлық тәж киюі Алладан келетін иләһи ақиқаттарды адамзат баласына түсіндіре білу, өздеріне түскен кітаптарды адамзатқа жеткізуі және үмбеттердің бұларды пайдалануы әрдайым тіл арқылы жүзеге асқан. Құранды оқып, түсіне білуіміз де осы қабілетке ие болғандығымыздың арқасында. Пайғамбарымыз да (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Алланың ұнататыны – әсем дауысты бір пайғамбардың Құранды әсерлі, мәнерлі етіп оқуы» деу арқылы Құранды көркем етіп оқыған пайғамбардың Хақ Тағаланың құзырындағы орнын көрсетіп берген.
Тіл – адамның осы дүниедегі өмірінің мәнін келтіретін және де о дүниеде өзіне жұмақтың есігін ашып, тозақтың есігін жабатын күш. Адам жүрегінен шығып, тілімен айтылған кәлима тәуһид оған мәңгілікке шексіз бақыттың есіктерін мәңгілікке ашады. Ал егер ол өзіне берілген осы күшті жақсылыққа, сауапты іске емес, Ібілістің айтағына бағыттайтын болса, жұмақтан алыстап, тозаққа жақындайды. Екі ерін арасындағы тіл дұрыс қадағаланса, берекелі жақсылыққа себеп, ал қадағаланбаса қаншама күнәға батырады. Тілдің ең маңызды қызметі – сөйлеу қабілеті. Адам ата: «Уа, Раббымыз! Біз өз-өзімізге (кесір тигізіп) қиянат жасадық. Егер бізді жарылқап, кешірмесең әрі рақымыңа бөлемесең, сөзсіз зиянға ұшырағандардың қатарында боламыз» деп өкініш білдірсе, Ібіліс: «Мен одан әлдеқайда артықпын. Өйткені Сен мені оттан жараттың, ал адамды балшықтан жараттың» деген сөзімен дөрекілігін байқатқан. Тіл мен сөз – адамзатты ең биік дәрежеге де көтере алады, сондай-ақ оны ең төменгі дәрежеге түсіріп, масқара да ете алады. Пайғамбарымыз бұл ақиқат туралы мына жайттарды
ескерткен: «Құл Алла қалайтын бір сөзді айтады, бірақ сол арқылы Алланың разылығын алатынын еш ойламайды. Алайда Алла сол сөзі үшін оған қиямет күніне дейін разы болады» және «Пенде өзі мән бермей айтқан Раббысына ұнамды бір сөзі үшін Алла оның дәрежесін көтереді» деген және айтқан сөзінің қайда барып тиетінін ойламайтын адамдарға «Пенде Алланың азабын керек ететіндей бір сөз айтады, бірақ ол сөздің Алланың азабына ұшырататынын ойламайды. Алайда Алла ол адамды айтқан жаман сөзі үшін қияметке дейін азаптайды», «Пенде ойланбастан бір сөз айтып салады, сол себепті тозақтың шығыс пен батысы арасынан да ұзақ бір жеріне түсіп кетеді» және «...Пенде мән бермей Алланың ашуын келтіретін бір нәрсе айтқаны үшін Алла оны тозақтық етеді» Бұдан шығатын қорытынды, адам аузынан шығатын сөздерді әуелі іштей таразылап алуы керек.
Сондықтан да тіл деген аманатқа жіті қарап, дұрыс сөйлеп, балағат, жалған, ғайбат, өсек, сөз тасу секілді жаман істерден тілімізді мейлінше сақтайық. Ойнап сөйлесек те, ойлап сөйлейік.
Тілді жаман сөз айтудан сақтау – Аллаға ең ұнамды істердің бірі. Алла тілін түзеп, жөн сөз сөйлейтін адамға рақымдылықпен қарайды. Ауызға ие болу, бір сөз айтпай тұрып мың рет ойлану, «Айтар сөзімнің ұшы қайда тиеді?» деп ойлау кәміл мүминдерге тән қағида. Орынсыз әрі бос сөз жүрекке қайғы, тәнге әлсіздік және
ризыққа таршылық әкеледі. Көп сөйлейтіндер о дүниедегі өмірін қатерге тігеді. Алайда «Адам көп сөз сөйлеумен емес, айтқан сөздерінің орынды әрі пайдалы болуымен өзінің қадірін арттырып, беделін өсіреді. Керісінше барлық жерде көсіліп, орынсыз сөйлей беретін адам өзі білмейтін тақырыптағы нәрселерді айтқан сайын қателіктерге ұрынып әрі өзінің қадірін түсіреді. «Кім көп сөйлесе – жиі қателеседі, кім жиі қателессе – күнәға көп батады, ал кім көп күнә жасаса – Тозаққа көбірек лайықты» (Омар ибн әл-Хаттаб). Сол себепті, тілді тыя білу – күнәдан арылудың әрі иманды сақтаудың бір жолы.
Алла расулы: «Кімде-кім маған екі жағы арасындағы тілі мен екі бұты арасындағы мүшесін қорғауға уәде берсе, мен оған жұмақты уәде етемін» және «Алла кімді екі жағы және екі бұты арасындағының жамандығынан сақтаса, ол адам жұмаққа барады» деген. Мүминдер бұл мәселеде осы айтылғанды орындайтын болса, Пайғамбарымыз махшар күні оларға көмектесіп, қолдарынан ұстап, Алланың рұқсатымен оларды жұмаққа ертіп апарады.
Дүниеде қолын, тілін және белін берік әрі нық ұстаған жандардың ақиретте берер есебі де оңай болады. Аз және саз сөйлеген адамның оңай есеп берері күмәнсіз. Ауыздан шыққан әрбір сөздің сақталатыны және уақыты келгенде оның есебі сұралатыны немесе ақысы төленетіні туралы да айтылады.
Суфиян ибн Абдулла (радиаллаһу анһ) өзі туралы ең көп не нәрсеге алаңдайтынын сұрағанда Расулалла қолымен «Міне, мынау» деп тілін көрсеткен және сөздеріне мұқият болуын ескерткен.
Қысқаша айтқанда, Хақ Тағала туралы сөз қозғалмайтын бос сұхбаттар, мән-мағынасыз бос әңгімелер жүректі қатайтады. Бос сөйлеп, өмірін босқа өткізгендер бұл нашар әдеттен арылмайынша Алладан алыстайды және берекесіз, рақымсыз өмір сүреді. Алла баршамызды осындай адасушылықтан сақтасын...
материал «Ғайбат (Басқа бәле – тілден)» кітабынан алынды,
ummet.kz